13.02.2020, 16:38
Оқылды: 59

ХҚКО жексенбі күні тек көлікті уақытша тіркеуді рәсімдейді

Орал қаласындағы мамандандырылған ХҚКО-да Ресейден әкелінген тағы үш көлік уақытша тіркеуге қойылды. Бұдан бұрын бір көліктің уақытша тіркелгені жайында жазылған болатын. Елімізде қолға алынып жатқан жаңа ережеге сәйкес уақытша тіркелген көліктер 2021 жылдың 1 наурызына дейін ел аумағында еркін жүре алады.

spetccon (1)

БҚО полиция департаментінің әкімшілік полициясы басқармасының процессинг орталығының аға инспекторы, полиция майоры Батырбек Қапезовтың айтуынша, әзірге өңірімізге Армениядан, Қырғызстаннан және Белоруссиядан әкелінген көліктер тіркелмеген. Жақында қала тұрғыны Арман Акимгужин есімді азамат темір тұлпарын уақытша тіркеуге қойған. Оның Ресейден әкелінген «Lada granta» көлігі 2019 жылы зауыттан шыққан. Көлік иесі мемлекеттік нөмір үшін 7422 теңге, ал техникалық паспорт үшін 3313 теңге төлеп, сары түсті уақытша нөмір алды. Сондай-ақ бастапқы тіркеу алымы 663 теңге болды, енді қозғалтқышының көлемі 1,6 текше см болатын көлігіне қазақстандық нөмір алу үшін бір жыл ішінде 927 850 мың теңгені бөліп төлейді. Қадем Қамбар есімді тұрғын да Ресейден әкелінген 2019 жылғы “LEXUS ES250 AXZA10l-AEZG» көлігін уақытша тіркетті. Ол да 12 мың теңге шамасында тиісті төлемдерін төледі. Қозғалтқышының көлемі 2487 текше см көлігі үшін бір жыл ішінде 1 млн 325,5 мың теңгені бөліп төлеуді өз жауапкершілігіне алды. Асылбек Нағимов деген азамат та ресейлік 2019 жылғы «Lada 4x4 212140» темір тұлпарын тіркеуден өткізді. Көлік иесі тиісті төлемдерін төлеп, қозғалтқышы 1,7 текше см көлігін толықтай тіркетіп, қазақстандық нөмір алу үшін 930 мың теңгеге жуық қаржыны бөліп төлемек.

- ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ҚР ІІМ еліміздің аумағына 1 ақпанға дейін әкелінген көліктерді тіркеудің жол картасын жасады. Соған орай бүгінде Орал қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы (АвтоЦОН) күшейтілген режімде жұмыс істеуде. Облыстық полиция департаменті мен БҚО мемлекеттік кірістер департаментінің мамандарынан жасақталған процессингтік орталық дүйсенбіден жексенбіге дейін сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден кірген автокөліктерді тіркеу бойынша азаматтарды қабылдап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ақпан бойы құзырлы құрылымдар мамандарынан жасақталған арнайы топ азаматтарды қабылдап, ақпараттық түсінік бермек. Қабылдауда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден әкелінген автокөліктерді Қазақстанда тіркеу және пайдалану ережелері мен шарттары түсіндірілуде, - деді БҚО полиция департаментінің әкімшілік полициясы басқармасының процессинг орталығының аға инспекторы, полиция майоры Батырбек Қапезов.

Көптің есіне сала кетсек, ақпан айында елдегі барлық мамандандырылған ХҚКО демалыссыз жұмыс істейді және жексенбі күні тек көлікті уақытша тіркеуді рәсімдеу қызметін көрсетеді.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале