9.01.2017, 10:46
Оқылды: 23

Жаңақалада Мәуліт мерекесі тойланды

janakala-maulit-merekesi-toilandiАудандық мәдени демалыс орталығында Алла Елшісі, адамзаттың асылы болған Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыздың туған күні – Мәуліт мерекесі тойланды. Мәулітке арналған салтанатты жиын аудандық мешіттің найб имамы Дулат Губашевтың қасиетті Құран аятын оқуымен басталды. Одан әрі аудан әкімі Лавр Хайретдинов жиналғандарға жүрекжарды лебізін білдіріп, барша мұсылмандарды Мәуліт мерекесімен құттықтады.


Тағылымды кештің келесі құттықтау сөзін халқымызды имандылыққа бастап жүрген аудандық мешіттің бас имамы Мұратбек қажы Жахатов алды. Ол, алдымен, жиналған жамағатты берекелі Мәуліт мерекесімен құттықтаса, одан кейін Пайғамбар (с.ғ.с) өмірі мен өнегелі жолын уағыздады. Кер заманның кейбір тұстарын тұспалдап келтіре отырып, Мәуліт мерекесінің мәнісін түсіндірді.

Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыздың іс-әрекеттерін насихаттап, салауаттар айтып, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру мен оларды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге шақырып, түрлі теріс қылықтардан ада болуды мақсат еткен рухани кеште Мәуліт айында Алланы мадақтап, Пайғамбарға (с.ғ.с) салауат айтып, мұқтаж жандарға жақсылық жасаудың сауабы теңдессіз екені айтылды.

Жиында діни әуезді әндер шырқалып, күмбірлі күй шертіліп, жыр шумақтары оқылды. Әсіресе, облыстық, республикалық термешілер байқауының бірнеше мәрте жеңімпазы, Батыс Қазақстанның айтулы термешісі Фархат Оразовтың ұлық мерекеге орай ауданымызға атбасын бұрғаны жаңақалалық жамағат үшін үлкен сый болды.

Жиында қайырымдылық шаралары да назардан тыс қалмады.  Нәтижесінде 37 аз қамтылған отбасына қаржылай және азық-түлікпен көмек көрсетілді. Сондай-ақ, аудан тұрғыны, пейілі кең Амангелді Нұрғалиев мұқтаж жандарға 3 қой таратты.

Алтынбек Ермекқалиев

Жаңақала ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале