23.07.2020, 19:15
Оқылды: 436

«Адалдықты мұра еткен Ұлы Абай»

Биыл ұлы Абайдың туғанына - 175 жыл.

Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы ретінде әдебиет тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, тілі, рухы көрініс тапқан.

DF671898-54EB-453F-9D1B-02BB3F7A3153

Ұлы кемеңгерді насихаттау мақсатында ағымдағы жылы кең көлемді іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мысалы, мамыр айында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бастамасымен «Адалдықты мұра еткен Ұлы Абай» атты адалдық сағаты карантин жағдайына байланысты онлайн форматта өткізілді.

Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан даму және оның еңбектерін қоғамда кеңінен насихаттау үшін өткізілуде.

Ұлы бабамыздың еңбектерінде «Адал еңбек» пен «Адалдық» мәселесі аз қозғалмаған. Ал, бұл қасиет қазіргі қоғам үшін аса маңызды болып отыр.

Ұлы Абайдың «Сегіз аяқ» атты өлеңінде мына шумақтар бар:

Еңбек қылсаң ерінбей —

Тояды қарның тіленбей.

Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап, мал ізде.

Адал бол — бай тап,

Адам бол — мал тап,

Қуансаң қуан сол кезде.

Бұл өлең жолдарынан еңбекке, адал болуға шақырғанын анық көріп отырмыз.

Ұлы ойшыл «Ғылым таппай мақтанба» деген өлең жолдарында

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз, - деп жырлайды.

Талап пен еңбек – осы дүниеде жақсы ғұмыр кешу шарты. Бұл екеуінсіз абыройлы болу мүмкін емес. «Терең ой» әр адам өз жүрегінің түбіне терең бойласын дегені. Жүректе сенімі жоқ адам қиянатшылыққа салынбақ.

«Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» деген өлеңі соңында ақын былай деп түйеді: «Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап». Ал қанағат пен рақым, екеуі де жаңағы терең ойдың жемісі. Адамның өмір мағынасын түйсініп, өзін-өзі жетілдіру жолына түскенінің көрінісі. Көріп отырмыз, «бес асыл» бірі біріне жақын қасиеттер және бүгінгі таңда олардың өзектілігі арта түспесе, кеміген жоқ. 

Қорыта айтқанда, Абай «Бес нәрседен қашық бол» және «Бес нәрсеге асық бол» деуімен өмір сүрудің моделін анықтап берген.

Адалдық мәселесі ақынның өлеңдерінде ғана емес, сонымен қатар қара сөздерінде де кеңінен насихатталады.

Ағартушы өзінің 29 қара сөзінде «Адал еңбекпен мал іздемек - ол арлы адамның ісі» деп атап өтті. Яғни ар-ұяты бар адам, өзінің адал еңбегімен өмір сүретінін меңзеді.

Абайды заманындағы іскерлік пен еңбекқорлықтың ұйытқысы деуге болады. Ол шығармаларында кәсіптен нәсіп тапқандарды, шаруақорлыққа үйрену дағдыларын үлгі етеді. Ол тұрмыс сапасын жақсарту үшін еңбек етудің жаңа тәсілдерін меңгеруге шақырады. Сонымен қатар бастамашылдықты,  адалдықты жоғары қойды. Мысалы, өзінің оныншы қара сөзінде «Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?» деп тұжырым жасайды.

Бүгінгі қоғамның әр азаматы үшін «Адалдық» қасиеті маңызды.

Әр мемлекеттік қызметші мен мемлекеттік мекемеге жұмысқа келген келген адам пайда табу үшін емес, елімді қалай көркейтсем деп келуі қажет. Абай атамыз айтқандай, «Бес нәрсеге асық болып», «Бес нәрседен қашық болуы» қажет.

Өркениет мәдениеттен басталса, мәдениет әр адамның өз ісіне адал болудан басталады.

 Р. Ақмырзаев,

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаментінің басшысы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале