4.08.2016, 15:36
Оқылды: 26

Бітімгершілік бірлікке бастайды

Теректі аудандық Достық үйінде «Медиация күні» акциясы аясында  дөңгелек үстел өтті. Аталмыш жиынға аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов төрағалық етіп, бұл мәселе қазіргі таңда өзектілігін жоймағанын тілге тиек етті.

«Медиция қызметі – татуластыру» атты дөңгелек үстел басына бөлім басшылары, селолық округ әкімдері, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар жиналды.

Медиация қызметі бабалар билігінен бастау алған озық идеялардың бірегейі деуге толық негіз бар. Ұлы даланың данагөйлері саналатын Төле, Қазыбек, Әйтеке билер адамдар арасындағы дауды екі жаққа да тиімді болатындай шешіп, бүгінгі кезеңдегі бұл қызметтің іргетасын қалағандай еді. 2011 жылдың 28-ші қаңтарында Елбасымыз  «Медиация туралы» заңға қол қойып, бабалар бастаған оң істің жалғасы боларын сездірді. Бірақ халық арасында осы ұғым кең таралған жоқ. Адамдар өзара дауды сотқа жеткізбей-ақ шешетұғын қызметтің барын енді ұғынып келе жатыр.

Аудан көлемінде медиация қызметінің тиімділігін түсіндіру мақсатында іс-шаралар легі өтіп келеді. Достық үйінде өткен дөңгелек үстел осы сөздердің дәлелі болды.Медиация

Жиын барысында алдымен облыстық қоғамдық келісім кеңесінің кәсіби медиаторы Т.Италиева сөз алып, «медиация» ұғымының нені білдіретінін және кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың айырмашылықтары қандай екендігін түсіндіріп өтті. Ал аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы М.Рахметоллаұлы сот қызметіне  медиаторлардың көмегі жөнінде баяндама жасады.

-Медиаторға судьяның өкілеттілігі берілмеген, ол шешім қабылдай алмайды және тараптарды  өз шешімін орындауға міндеттемейді. Ол келіссөздердің тиімді өрбуіне көмектеседі және оларды қажетті арнаға бұрады. Соттарда  істер айлап, кейде жылдап қаралатын болса, медиаторға 30 күн ғана уақыт беріледі. Тараптар келісімге келгеннен   кейін іс сотта бейбіт келісім ретінде мақұлданады. Аудандық сотпен 2015 жылы кәсіпқой емес медиаторлардың қатысуымен  10 қылмыстық іс,  5 азаматтық іс қаралған.  2016 жылдың І жартыжылдығында  кәсіпқой медиатордың қатысуымен 1 іс, кәсіпқой емес медиатордың қатысуымен 16 іс қаралып, сот жұмысын жеңілдету барысында бірқатар жұмыстар жүзеге асты,-дейді өз сөзінде  М.Кусайнов.

Сөз сөйлеушілердің қатарында Теректі ауданы прокурорының орынбасары Т.Ниязбаев және Ақсуат селолық  округі бойынша медиатор З.Ишмухамбетова болды. Дөңгелек үстелге қатысушылар қонақтар мен  сөз сөйлегендерге көкейдеге сауалдарын жолдап, тұшымды жауап ала білді.

Аудан көлемінде селолық округтер бойынша 21 медиаторлар бар. Бірақ олардың барлығы кәсіби емес екендігін де атап өткен жөн. Шара көлемінде медиация қызметіне ден қоятын адамдар жергілікті жерде беделді болуы, оларға ауылдық әкімдіктен арнайы бөлме бөлінуі және медиаторларға төленетін қаржы жөнінде әңгіме өрбіді. Кәсібі яки кәсіби болмасын, медиаторлардың негізгі мақсаты тұрғындар арасында туындаған кикілжіңді сотқа жеткізбей шешіп, адамдар арасындағы қарым-қатынасты лайықты деңгейде сақтап қалу үшін жұмыстану екендігі бесенеден белгілі.  Ал бұл ең лайықты және қадірлі қызмет боларын халық өзі анықтайды.

 www.zhaikpress.kz 

Әділет Орынбасаров

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале