11.08.2016, 16:41
Оқылды: 18

Жалынды жырларынан жалықпайық

б3Бүгін аудандық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Достық үйінің алаңындағы субұрқақтың алдында «Ұлы халықтың – ұлы Абайы» атты кеш өтті. Шараға шақырылған қонақтар қатарында ауданның Құрметті азаматтары Сәлім Қоқашев пен Мұсағали Төлегенов, «Федоров ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ-нің жетекші маманы Ермек Абдрахманов,   аудандық мәдениет тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Венера Шин, ішкі саясат бөлімінің маманы Қорлан Саламатова және кітапхананың белсенді оқырмандары болды.

Кеш барысында «Іске сәт» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Арғын Жұлдызбеков Абай Құнанбайұлының өміржолы, шығармашылығы туралы мағлұмат берді. Федоров қазақ, орыс ЖОББМ-нің оқушылары Абайдың 12-ші, 19-шы, 24-ші қара сөздерін оқып, өлеңдерін жатқа соқты. Кітапхана қызметкері Ислямғали Ихсанов ұлы ақынның «Көзімнің қарасы» әнін домбырамен шырқап, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, тақырып аясында бірнеше сұрақтар қойылып, кітап көрмесіне шолу жасалды.

Аталмыш шара соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлім Асанұлы сөз алып, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Ал, ауданымыздың кітапхана қызметкерлері қатысушыларға естелік сыйлықтар таратты.

Расында, Абай атамыз туралы айта беру артық емес. Бір қарағанда таныс тақырып, таныс бейне боп көрінгенімен, ол туралы білетініміз тым аз. Ұлылықтың сырына қанық болғымыз келсе, Абайдың шығармаларын оқудан жалықпайық!

Күлімхан Тасенова

Теректі ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале