23.08.2016, 14:56
Оқылды: 19

Көңіл-күйді көтерген келісті кеш

            ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығыны орай Аңқаты және ШалқарZH-350x350 селолық округінің көркемөнерпаздары аудан орталығында концерт ұйымдастырды.

Аптаның әр сенбісінде селолық округтер халыққа ұмытылмас концерттік бағдарламаларын ұсынып, кереметтей демалыс сыйлауды дәстүрге айналдырып келеді. Осы орайда, ән мен биін, жыр мен күйін  тұрғындарға тарту етеміз деп келген қос округтің өнерпаздары жоғары деңгейде өнер көрсетті.

Алдымен, Аңқаты селолық округі әкімі Б.Қадыралиев және Шалқар селолық округінің әкімі С.Мусин сөз алып, еліміздің басты мерекесінің 25 жылдығымен барша  аудан халқын құттықтады. Одан соң екі округің үкілеген таланттарына да кезек келді. Мерекелік кешті «Гүлдер» би ансамблі «Шашу» биімен ашып, қазақылықтың иісін шығарғандай еді. Сонымен қатар, А.Бақош, Ю.Ақбергенова,  Б.Ахметова, Ж.Жолақов, Д.Досмурзин, Н.Ғаббасова, Д.Салимов, Қ.Жарылғап,  А.Есқалиева сынды әншілер жиылған жұртшылықты әсем әуен аясында бір тербеп алды. Ал, Әділ Ахметов пен Нұраслан Хамитов есімді жас әншілердің өнерлерін ерекше атап өтуге болады. Олардың орындаған әр туындысы өте жоғары деңгейде болды деп айтуға қақымыз бар. Әсіресе, Ғ.Құрманғалиевтың «Оралым» әнін құйқылжытқан Ә.Ахметовтың дарынына қошеметті аямауға болады. Айта кетерлік бір жайт, өнерпаздардың барлығы дерлік жанды дауыста ән шырқады. Сондықтан олардың өнерлері тыңдарманның құлақ құрышын қандырғаны ақиқат.

Көнілді көтерген келісті кештің соңында аудан әкімі М.Мұқаев сөз тізгінін алып, шалғайдан келіп керемет концерт ұйымдастырған екі округке алғыс білдірді.

-Осындай концерттерді назарға ұсынудағы мақсат би билеп, әндетіп қайту емес. Бұл халықты бір-біріне жақын ету, бірлікке шақыру. Округтер аудан орталығына келіп тәжірибе алмасады, сонымен қатар бір-бірінен шалғай жатқан округтер де қазір байланыс орнатып келеді. Өздерінің жетістіктерімен өзгелерді таныстырып, өнерлерін ортаға салып, жақсы бастамаларды қолға алуда. Осылардың барлығы аудан мәртебесі үшін. Бірақ әр сенбіде болатын концерттік бағдарламаларға халықтың келуі көңіл көншітпейді.  Қарттарымызды осындай шараларға көбірек шақыруымыз қажет. Зейнеткерлікке шыққан ата-әжелеріміз кешкілік серуендеп жүріп, әсем әннің аясында демалса, ғажап емес пе?! Осы сөзім жастарға да арналады. Әлеуметтік желілер арқылы, аудандық газет немесе түрлі интернет ресурстары арқылы хабарландыруларды мұқият қадағалап жүрейік,- деді Мұрат Рахметұлы.

Аудан басшысының сөзінің жаны бар. Демалысымызды  мәнді һәм сәнді өткізуді үйренетін уақыт жеткен сыңайлы. Сол себепті, аудан көлемінде өтіп жатырған шараларға үн қосуға асығайық!

Әділет Орынбасаров

Теректі ауданы

www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале