29.08.2016, 16:39
Оқылды: 43

 «Орамал – нәзік жандылардың байрағы...»

DSC_0243    Республика халқы болып үн қосқан «Ақ орамал» акциясынан теректілік тұрғындар да қалыс қалмады.


Шара Ұлы Отан соғысында елі мен жері үшін жанын пида еткен қаһарман бабаларымыздың ескерткішіне ақ орамал ілу және гүл шоқтарын кою рәсімінен басталды. Одан соң ақ жаулықты әжелеріміз бен аналарымыз сап түзеп, Мәдениет үйін бетке алды. Аудан әкімі М.Мұқаев, орынбасары А.Тоқжанов және ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Хусаинова дөңгелек үстелде акцияның мақсатын түсіндіріп, сүбелі әңгіме өрбітті. Қатысушылар бірауыздан ұйымдастырушыларға – аудандық ішкі саясат бөлімі, мәдени-демалыс орталығы және «Әйел, Қоғам. Болашақ» қоғамдық бірлестігінң қызметкерлеріне - алғысын айтып, орамалдың қасиетіне тоқталды. Халқымыздың тарихы мен салт-дәстүріне саяхат жасаған соң, «Орамал таққан асылым» атты байқауды тамашаладық.

 Сайысқа әр округтен 10 үміткер қатысты. «Сырғалым» (таныстыру), «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» (кез келген өнер түрімен орамалдың қазақ әйелдері өмірінде зор мәнге ие екенін түсіндіру) және «Әсемдік әркімге де жарасады» (сән үлгісін көрсету) атты 3 кезеңде келіндер бар мүмкіндігін пайдаланды.

Жарыс қорытындысында, І орынды Федоров ауылының нәзік кербезі Райгүл Айтмұқашева, ІІ орынды Покатилов ауылының пысық келіні Жібек Габдуахитова және ІІІ орынды ақсуаттық сәнқой Жаңылсын Жаманқұлова еншіледі. Қалған қатысушылар Алғыс хатпен марапатталды.

Гүлмира Төлегенова, «Әйел. Қоғам. Болашақ» қоғамдық бірлестігінң төрайымы: Асылында орамал – нәзік жандыларымыздың  байрағы. Жас келін босаға аттағанда, ақ жаулық сол әулеттің аманаты ретінде табыс етіледі. Бүгінгі акцияның мақсаты - бәрін орамал тағуға міндеттеу емес, жастарымызға барымызды бағалауды үйрету, сондай-ақ ядролық, химиялық қарулар мен қаныпезер террористерге қарсылығымызды білдіру. Акция шеңберінде ұйымдастырылған шаралардың аудан тұрғындарына аз да болса пайдасы тиді деген үміттемін. Шын жүректен еліміздің тыныш болуын, халқымыздың аман болуын тілеймін.

Қаным Бисенғазиева, Федоров ЖОББМ-нің даярлық тобының тәрбиешісі: Орамал - әу бастан тазалықтың нышаны. Бұрын әжелеріміз дәретсіз, жаулықсыз бала емізбеген. Қыздарын да әурет жерін жабуға, ер адамның көзіне көп түспеуге тәрбиелеген. Қазір бәрі басқаша. Батысқа еліктейміз деп қазақы салтымызды жоғалтып алғандаймыз. Теріс ағымдардың кесірінен орамалдан шошитын дәрежеге жеттік. Орамалы бар қыз сұқ көзден, бәле-жаладан аман болады. Осыны түсінсе ғой, шіркін! Бүгінгі байқау көңілімнен шықты. Келіндеріміз өздеріне тән ибалылығымен сахна төрінде жаулықтарын дәріптеді. Тіпті, орамалдың тозақ отынан «қалқан» екенін ұғындыратын өлең шумақтарын оқығанда, көзіме еріксіз жас алдым.

Аягөз Айбарқызы

Теректі ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале