5.10.2016, 16:43
Оқылды: 69

Ақжайық ауданында «Еділ – Жайық» композициясы ашылды

%d0%b8-%d0%b6%d0%b0%d0%ba%d0%b0%d0%bd%d0%be%d0%b2Сексеннің сеңгіріне шыққан мерейтойы еліміздің жер-жерінде аталып өтіп жатқан әйгілі композитор, музыкатанушы, қаламгер, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Илья Жақанов Чапаев ауылының қадірлі мейманы болды.

Қалың жұрт атағы алысқа мәлім Алаштың ардақты азаматын облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, аудан әкімі Әділ Жоламанов, өңіріміздің өнер, мәдениет, өлкетанудағы белгілі шамшырақтарымен бірге Жұбан Молдағалиев ескерткіші жанында қошеметпен қарсылады.


...Жыр – Жұбан – Ақжайықтың ақберені,

Алашқа әйгі болған текті өлеңі.

Илья – Жұбан, Еділ – Жайық, егіз ұғым,

Ендеше, Илья аға, қош келеді!,-деп ақын Сағынтай Бисенғалиев ашқан осы алаңдағы поэзия сағатында жырлары иісі қазаққа ұран Жұбан Молдағалиев туралы шығармаларын оқыған ақындар Тілес Жазықбай, Үзілдік Елеубайқызы, Қадыр Мырза Әлінің «Жұбан рухымен сырласу» атты өлеңін оқыған Біржан Кухаев тура осы күні туғанына 96 жыл толған ақиық ақынның жарқын бейнесін жаңғыртты.

Өңіріміз шежіресіне мәңгілікке жазылар осындай күнмен жиналғандарды және ғұмырлы әндердің, жауһар мұраның иесін құттықтап, аудан әкімі Ә.Т. Жоламанов сөз сөйледі.

– Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген Илья ағамыздың мерейтойы қуанышымызды еселей түсті. Ағамыздың Кеңес Одағы күркіреп тұрған уақытта еш тайсалмай «Мен қазақпын» деп өткен Жұбағаңмен бірге иықтаса жүріп, Алаштың айбынын асырғанын біз ерекше мақтан тұтамыз,-деді ол.

– Осы заманның Махамбеті болған Жұбанның ел ішінде алар орны ерекше. Ол бізге рух сыйлады. Осы рухты қастерлеп, ақиық ақынның ескерткішін ауылдың қақ ортасына орнатқан басшы-қосшы азаматтарға алғыс айтып, басымды иемін,-деді И.Жақанов.

Осыдан кейін С.Бисенғалиев алдынғы күні өткен дәстүрлі аудандық «Жұбан оқулары» байқауының жүлдегерлері Гүлханат Мұхитова (Тайпақ), Дәурен Қуанышев (Алмалы), Гүлназ Патшағұлова (Мерген), Назерке Мағзом (Жайық) сынды мектеп оқушыларына өзі жетекшілік ететін «Муза» шығармашыл оқырмандар отауының мүшелік билеттерін табыстады.

Шара бұдан соң осы алаңда өмірдегі біртуғандай аға-іні, өнердегі рухани жан-дүниесі жарасқан Ж.Молдағалиев пен И.Жақановтың %d1%81%d1%82%d0%b0%d1%82%d1%83%d1%8fшығармашылық шабытынан туған «Еділ – Жайық» әніне арналған композицияның ашылуымен жалғасты. Илья аға мен облыс әкімінің орынбасары Б.О.Азбаевтың толқыны тайдай тулаған айдын төсіндегі қанатын жайған аққу бейнеленген бұл туындының ақ жамылғысын түсіруі талай жылдан бері бүкіл жұртымызды тебірентіп, сазы мен сөзі бір-біріне үйлесіп, қиюласып, айрықша мақтаныш сезімімен тербеп келе жатқан әннің ауыл төріне ескерткіш болып жайғасқанын әйгіледі. Аудан әкімінің бастамасымен орнатылған бұл туындының авторы өз ауданымыздың түлегі – Асқар Отарғалиев. Мұнда Еділ деп еңіреген Қазтуған жырау мен Жайық деп жандасқан Махамбеттің ұлы арманы анық көрініс беріп, Еділ-Жайық бір арнада тоғысқандай, бірлік пен достыққа шақырып тұр. Композиция көңіліңді асқақтатып, шалқыған сезімнің ақ жауынына қарсы жүгіргендей боласың.

Үлкен аудан жұртының атынан Илья ағаға ақбоз ат мінгізілді. Ол және басқа да жиналғандар алаңға ондаған түп қарағай отырғызды.

Аудандық өлкетану мұражайында тума дарынға арналған бөлім ашылды. Мұнда оның кітаптары, оның еңбегін әйгілейтін жылдар жүзіндегі фотосуреттер, домбырасы, басқа да құнды дүниелер орналастырылған.

«Мерей» мәдени-демалыс орталығында «Сырлы жүрек пернесі» атты үлкен кездесу өтті.

Осында ұлы өнерге өлшеусіз олжа салып келе жатқан кесек тұлғаның халық арасында танымал «Асылым», «Жайлаукөл кештері», «Оралдың ерке самалы», «Жәмиланың әні», «Әселім», «Толағай», «Ағады Жайық», басқа да әндері, «Екі жирен», «Бірінші концерт» секілді әңгімелер жинағы, «Ықылас» романы, сондай-ақ Біжан сал, Ақан сері, Мұхит, Үкілі Ыбырай, Мәди, Естай, Әсет, Кенен сияқты аса дарынды өнер саңлақтарымен қатар Сүгір, Ақбала, Қайыпназар, Төлеген Момбеков, т.б. күйші-композиторлар туралы сүбелі еңбектері хақында керемет баяндалды. Ақын Сағынтай Бисенғалиев арнауын толғады.

Сахнадан Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақов, Жаңылсын Хасанова, Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі, Жаскелең Ғайсағалиев, Еркін Өтегенов, Дария Бақытова, Венера Нұрғалиева тума дарынның әндерін шырқады. Әнуар Нұрғалиев пен Света Сұлтанова орындаған «Еділ-Жайық» әнімен мәреленген концерт И.Жақанов шығармашылығын ұлттық сарынымен, қоңыр бояуымен жүректерге жеткізді. Сылдыр қаққан бұлақ пен жусан исі аңқығандай... Олай болуы заңды да. Өйткені музыканы өміріне арқау еткен талантты жан – бала жасынан дала әуеніне елтіп өсті. Оның шығармашылығынан үнемі табиғат ананың құлаққа жағымды әуезді үні сезіліп тұратыны да сондықтан.

Облыс әкімінің орынбасары Б.О. Азбаев мерейтой иесіне облыс әкімі Алтай Көлгіновтың Құттықтау хатын, Құрмет грамотасын табыс етсе, аудан әкімі Ә.Т.Жоламанов шапан кигізіп, жары Тиыш апаның иығына камзол жапты.

И.Жақанов осындай тамаша күн үшін баршаға жүрекжарды алғысын арнады. Ол өзі сүйіп оқитын авторлардың 20-ға тарта кітабын орталықтандырылған кітапханаға сыйлады.                                          

 Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале