31.10.2016, 18:10
Оқылды: 24

Шыңғырлау ауданының сахнасын әнге бөледі

filarmonia   Шыңғырлау ауданында облыстық Ғ.Құрманғалиев атындағы филармония ұжымы концерт берді.

   Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында жүзеге асқан өнер кеші аудан тұрғындарын аса қуантты. «Айналдым елім-Қазақстаным!» тақырыбындағы ұсынылған концерт аталмыш ұжымның 50 жылдық мерейлі тойына, сондай-ақ шығармашылық ұжым құрамындағы халықаралық және республикалық байқаулардық лауреаты «Орал сазы» фольклорлық ансамблінің 25 жылдығы мерекесімен де ұштасып отыр.


   Сахнаны сырлы сахара сазымен ашқан ансамбльден қазақы нақыштағы дәстүрлі әндер, бүгінгі эстрада туындылары, халықтық әуендер мен түрлі ұлттық билер бірімен- бірі астасып, тартымды өнердің өнегелі кеші бір демде өтті. Тұрғындар разылығында шек жоқ. Түрлі ұлт билері сахнаны сәнге бөлеп, орыс, татар халқының әндері көрермендер қосыла шырқаған тамаша тарту болды.

  Орыс халқының «Калинка» әнімен көрерменге дүркірете қол соққызған Айбар Қайырханов, Әбілахат Еспаевтың «Жайық қызы» әнімен залды баураған жерлесіміз Ернар Өмірәлі, тыңдаушысын «Ақбаян»-ымен тебіренткен Күләш Қуанышқалиева, дауылдата билеп, «Қаражорға»-мен қанды қыздырған «Назерке» би тобы өресі биік өнер ордасының шығармашылығын шырайын шығара паш етті.

   Айта кетерлігі, осынау қазақ халқының билерімен қоса, еліміздегі бірқатар ұлттың билерін тамаша билеп берген «Назерке» би тобына да 20 жыл толып отыр екен. Бұл жаңалықты көрермендер үлкен қошаметпен қабылдады.

   Ел мерейін асырған Тәуелсіздігіміздің құрметіне арналған тағы бір тартымды осынау шара аудан әкімі Альберт Есалиевтің аталмыш өнер ұжымына арналған құттықтау лебізімен түйінделді.

Қаршыға Елемесов

Шыңғырлау ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале