16.03.2018, 12:00
Оқылды: 27

103 жастағы кейуананың батасын алды

Қазталов ауданының Талдықұдық ауылына қарасты 103 жасқа келген Мафтуға Айтқалиеваға аудан әкімі Абат Шыныбеков арнайы барып көрісті.

1915 жылы дүниеге келіп, өткен ғасырдың басындағы аштық, саяси қуғын-сүргін. Одан кейін соғыс жылдарының азабы. Мафтуға Айтқалиева – осының бәріне куә болған кейуана. «Қиындықтың бәрін еңбекпен жеңе білдік», – дейді қария.

Қарапайым отбасында дүниеге келіп, бастауыш мектепте оқып, сауатын ашқан ол көршілес Жаңақала ауданындағы Борық елді мекенінде дүкенші болады. Тарас Айтқалиевке тұрмысқа шыққан Мафтуха әжеміз өмірде қиындықты аз көрген жоқ. Әсіресе, арқа сүйер ерінің қазасы ауыр тиеді. Ұлы Отан соғысы басталып, майданға аттанған аға лейтенант Тарас Айтқалиев 1943 жылы Сталинград қаласында ерлікпен  қаза тапты. Басына түскен ауыртпалыққа қарамастан, шаңырақтың отын сөндірмей, балаларын өсірді. Ұлы Ерлан көп жыл дәрігер болып, елге қызмет етті. Қазір ол жоқ болғанымен, өзін бағып-қағып отырған келіні Алтын бар. Бүгінде жиендері мен жиеншарларының ортасында бақытты ғұмыр кешуде.

- Өмірің, тұрмысың жақсы болса, ол – бақытың. Денсаулық та бақыт. Денің сау болып, жақсы жүрсең, ол да бақыт. Аллаға шүкір, тәуба осыған да. Аллаға риза болып отырамын. Қиындықты біз көрсек те, кейінгі ұрпақ бақытты болсын. Тәуелсіз еліміз одан сайын өркендей берсін. Ұлыстың ұлы күні құтты болып, кең байтақ елімізге ырыс-береке әкелсін!-, деді Мафтуха Айтқалиева.

-Көпті көрген көнекөз қарияларымыз ақылдың кені емес пе?! Олар ауыр күндерге мойымай, өнегелі отбасын құрды, елге-жерге адал қызмет етті,-деген аудан басшысы 103 жасқа келген әжеміздің иығына камзол жауып, естелік сыйлық тарту етті.

Тұрарбек АҚМЫРЗА,

Талдықұдық ауылы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале