21.11.2017, 15:48
Оқылды: 26

Ақсайда уланды делінген 22 оқушының жағдайы қалай?  

Ақсай қалалық № 7 орта мектебінің оқушылары мектеп асханасынан тамақтанғаннан кейін өздерін жайсыз сезініп, дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

Оқиға 20 қараша күні сағат 16:00 шамасында болған. Барлығы 22 бала бірден аудандық ауруханаға жатқызылып, тиісті ем-шаралар мен зерттеулер жасалды. Дәрігерлерге қаралған соң 17 бала үйіне қайтарылды. Қалған балалар әлі де ауруханада.

Олардың денсаулығын жіті тексерген ақ халаттылар науқастардан  гастрит, фарингит аурулары бұрыннан бар екендігін анықтап отыр. Бұл мәлімдемені балалардың ата-аналары да растады. Бөрлі аудандық білім беру бөлімінің басшысы Орынбасар Төлемісовтың айтуынша, жалпы мектепте 890 оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Ал екінші маусымда тамақ ішетін бала саны 390 екен.

«Түстен кейін оқитын 6-7 сынып оқитын 4 бала іші ауырғандығы туралы сынып жетекшілеріне айтқан. Сынып жетекші бұл жағдайды мектеп директоры мен мектеп медбикесіне мәлімдеген. Артынша медбике екі сыныптағы қалған оқушылардан жағдайларын сұраған. Содан әр сыныптан үш-төрт оқушы іштерінің ауырып тұрғанын айтқан. Солай 22 оқушы өздерінің жайсыз сезінген. Сол себепті жедел жәрдем шақыртылып, балалар аудандық ауруханаға жеткізілді. Бірақ ауруханада балалардың жағдайы жақсы болды. Сондықтан 21 қараша күні таңы сағат 6.00-де балалар үйлеріне жіберілді. Дәрігерлер балаларда ешқандай инфекцияның жоқ екендігін айтып отыр. Дегенмен мектеп асханасы уақытша жабылды. Қажетті тексерістер жүріп жатыр. Балалардың жаппай улануы деген мәліметті теріске шығарамыз», -  дейді Орынбасар Төлегенұлы.

Айта кету керек, мектеп асханасына «Бекболатова» ЖК осы жылдың наурыз айынан бастап қызмет етуде.  Бұған дейін ауданда мұндай оқиғалар тіркелмеген. Ал аудандық дәрігерлер бұл мәселе бойынша жауап беруден бас тартты. Дегенмен жүргізілген зерттеу нәтижесі бүгін, 21 қараша түстен кейін белгілі болады.

Айым НҰРҒАЛИЕВА

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале