25.06.2019, 13:14
Оқылды: 114

Ақұштап ақын Қаратөбеде

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» ордені және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның 75 жасқа толу мерейтойына арналған «Жайықтың бағы – Ақұштап» атты әдеби-сазды кеші өтті.

IMG_8596

Ақұштап Бақтыгерееваның мерейтойына орайластырған шарада кеш иесі мен келген қонақтар Саралжын ауылдық округіне аттанып, Ақбақай жеріндегі Мұхит Мерәліұлының басына барып, Құран бағыштап, тағзым етті.

Әдеби-сазды кештің қонақтары аудандық мәдени-демалыс орталығының фойесіндегі ақынның шығармашылығына арналған «Жайығым деп сыр ашып, жырдан төккен кестесін» атты көрмені тамашалады.

IMG_8620

Ақынның өнері мен өмірі ұштасқан шығармашылық әлеміне арналған әдеби сазды кеш Нұршат Исламғалиевтың орындауындағы сал Мұхиттың «Айнамкөз» әнімен шымылдығын түрді.

Сахна төріне көтерілген ауыл ақсақалы Мәулен Қожақметов әдебиет әлемінде қолтаңбасы қалыптасқан ақынға шығармашылық табыс тіледі.

IMG_8639

Кеш барысында Ақұштап Бақтыгереева:

– Батыс ән мектебін қалыптастырған Мұхит пен Ғарифолла туған топырағындағы өнерлі өлкенің халқымен сырласқалы келдім. Мен сіздермен бас қосып жүздескеніме, оның негізі жастар, қыздар болғанына қуаныштымын.

Үлкеннің айтқанын ұғатын, көкірегінде өнер тұнған елмен қауышу мен үшін мәртебе.

Қазақ қыздары оқыңыздар, ғылым іздеңіздер. Дегенмен ең қиын мамандық – ана болу екендігін ұмытпаңыздар. Саналы, есті ұрпақты сіздер тәрбиелейсіздер. Мейрімді болңыздар. Елдің тарихын біліңіздер, - деп жастарды тарихы мен дәстүрін білуге шақырды.

Шығармашылық кешті ақын Ертай Бимұханов жүргізіп, Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған «Оралдың ерке самалы», «Алғашқы көктем», «Мен сені ойлайтынмын...», «Жіберілген хат» әндерін аудандық мәдениет үйінің әншілері шырқап, көрерменнің ыстық қошеметіне бөленді.

IMG_8631

Рухани кеште облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов пен аудан әкімі Жанат Асантав құттықтау сөз сөйлеп, ақынға зерлі камзол кигізді.

Тағылымды шарада оқырмандар шеру құрып кеш иесінің «Сәби мен жылан», «Ана махаббаты», «Болашақ бойжеткендермен сырласу» сынды өлеңдерін оқыды.

Сазды кешке арнайы келіп «Қаратаудың басынан көш құлады», «Ақ Жайық», «Қап арқалап бара жатыр қыз бала» өлеңдерін оқыған халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Ғалым Жайлыбай мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мусағалиев ақынға ақжарма тілектерін арнады

Кеш соңында Ақұштап Бақтыгереева мерейлі кешке жиналған, өнерсүйер қауымға және кешті ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

Раушан Мергенова,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале