30.09.2019, 13:09
Оқылды: 131

Ақжайық ауданы күні аталып өтті

Өткен сенбіде Ақжайық ауданы күні аталып өтті. Аудан орталығындағы Бәйгетөбе алаңында кең көлемде ұйымдастырылған атаулы күн дала қызықтарымен, мәдени-көпшілік шаралармен, ұлттық спорттық ойындармен айшықталды.

aqjaiyq (11)

18 ауылдық округ алаңға ақшаңқан киіз үйлерін тікті. Жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтаған аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов аудан шежіресін, елімізді дамытуға атсалысқан еңбеккерлерді атады.

–Біз қай кезеңде де ауданның экономикасы мен мәдениетін, әлеуметтік жағдайын дамытуға зор үлес қосып, елге қалтқысыз қызмет еткен еңбек адамдарын мақтан етеміз. Бүгінде аудан жан-жақты дамып келеді. Қай салада болмасын биік жетістікке жетсек, оның бәрі сіздер мен біздердің еңбегіміз. Мереке құтты болсын! Іс еңбекпен ғана өнеді, ынтымақ-бірліктің арқасында талай биікті бағындырамыз, - деді Қ.Айтмұхамбетов.

aqjaiyq (12)

Ол сонымен қатар ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуы хақында хабарлама жасады. Қ.Айтмұхамбетов құрылыс, газ, ауыз су саласындағы бірқатар жетістікті атап, жалғасын таба беретін игіліктерді еңсеруде жұрт болып жұмылып еңбектене беретінін жеткізді. Келер жылы ғасыр тойы тойланатын ақиық ақын Жұбан Молдағалиев атындағы орталық құрылысын, республика деңгейінде тойланатын ақын мерейтойын өткізу жөнінде әңгімеледі.

WhatsApp Image 2019-09-30 at 10.46.37

Шарада аудан басшысы әр саладағы бірқатар үздікті, аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мұрат Сердалин шаруа қожалықтардағы озат жұмысшыларды марапаттады.

Осында аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерелік бөлімнің ұйымдастыруымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде тұрғындар арзандатылған бағамен сауда-саттық жасады. Мысалы, 180 келі жылқы еті, 170 келі сиыр еті, 63 келі қой еті, 4,5 тонна кортоп, 2 тонна пияз, 500 келі асқабақ, 1,5 тонна қарбыз, 600 келі қауын сатылды. Бұл Чапаев, Мерген, Алмалы ауылдық округтеріндегі шаруалардың шығарған өнімдері.

aqjaiyq (13)

Сонымен қатар алаңда асыл тұқымды түліктердің көрмесі ұйымдастырылды. Осында Мерген ауылдық округінен «Дөңгелек» шаруа қожалығы, Бударин ауылдық округінен «Аманер», «Еділбай» шаруа қожалықтары, Алғабас ауылдық округінен «Қуанашы» шаруа қожалығы асыл тұқымды түліктерін көрсетті. «Қуаныш» шаруа қожалығындағы «Ақжайық» етті-жүнді қойларының салмағы 30 келіден 57 келіге дейін. Биязы жүнінен де келетін пайда шаш-етектен. «Еділбай» шаруа қожалығының қойлары да салмақты. Қазақтың еділбай тұқымы мен Тәжікстандағы гиссар қойын да будандастыратын олар осылайша тұқымдық түрлендіріп отыр.

aqjaiyq (14)

«Дөңгелек» шаруа қожалығы көрмеге қойған лақап аты «Миллион» атты 6 айлық аталықтың салмағы 220 келі, 54 айлық «Неон» атты аталықтың салмағы 750 келіні тартады. «Аманер» шаруа қожалығының «Сыпайы» атты 6 айлық бұзауының салмағы 224 келі, 4 жылдық «Сырғалы» атты сиырдың салмағы 755 келі, 4 жылдық «Сұңқар» атты аталықтың салмағы 910 келіні тартады. Бәрі де қазақтың ақ бас тұқымды түліктері.

Жәрмеңкеде «Zhas Project» жобасының жеңімпаздары жоба қағидасына сәйкес өнімдерін тегін таратты. Жамбыл ауылдық округіндегі «Нұрғасыр», «Береке» сүт өнімдері шаруашылығы, базартөбеден «Нұрсұлтан» наубайханасы, Қарауылтөбеден «Тәтті нан» нан өнімдері жәрмеңкеге шығарылды.

WhatsApp Image 2019-09-30 at 10.46.39

Осы күн құрметіне орай өткен дала қызықтары шараның маңызын айшықтай түсті. 3 шақырымдық тай жарысқа 15 сәйгүлік бақ сынады. Екі айналымға созылған тай жарыста шабандоз Ерасар Сапарғалиев тізгіндеген чапаевтық кәсіпкер Мұхтар Сапарғалиевтың «Шағырайы» мәре сызығын бірінші болып кесті. 6 шақырымдық топ бәйгеде Қазталов ауданы Жалпақтал ауылынынан келген Бекзат Ахметкереевтың «Көктерегі» бірінші келді. 24 шақырымдық аламан бәйгеде Ақжайық ауданы Базаршолан ауылының белгілі атбегісі Құбайдолла Биғазиевтың «Тоқтамасы» топ жарды.

aqjaiyq (1)

Жамбы атудан «Құлагер» ат спорты кешінінің бапкері Жанәділ Ғазез жеңімпаз атанды. Қазақ күресінен 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ақжайық ауданы Жамбыл ауылдық округінің палуаны Шапағат Наурызов, 90 келіден жоғарғылар арасында қазталовтың Бекайдар Меңдешов «Түйе палуан» атанды. Сонымен қатар аударыспақ, асық ату, бесасық ойындарының, табантартыс, арқан тартыс бәсекелерінің жеңімпаздары марапатталып, аудан мәдениет қызметкерлері өнер көрсетті.

Бекболат Қаленов

Ақжайық ауданы

суреттерді түсірген автор және Мейірбек Тажкуранов

zhaikpress.kz

aqjaiyq (2) aqjaiyq (6) aqjaiyq (7) aqjaiyq (8) WhatsApp Image 2019-09-30 at 10.46.38 WhatsApp Image 2019-09-30 at 10.46.39 (1) WhatsApp Image 2019-09-30 at 10.46.40

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале