27.12.2017, 15:30
Оқылды: 52

Ақжайық ауданында коворкинг орталығы ашылды

Чапаевта «Жастар қуаты –дәуірдің қуаты» атты облыс жастарының форумы өтті. Оның пленарлық мәжілісіне ауданға жұмыс сапарымен келген  Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов қатысты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың 2017-2018 жылдарға арналған жол картасын орындау мақсатындағы төрт кіші бағдарлама «Атамекен», «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» бойынша форумның секциялық отырыстары ұйымдастырылды. Аталған осы бағдарламалар бойынша облыс атыраптарында бүгінге дейін қолға алынған жұмыстар және міндеттер сөз болды.

Форумның пленарлық мәжілісінде Ғ.А.Оспанқұлов сөз сөйледі. Қазақстан көптеген  мемлекетпен  салыстырғанда,  жастар саясаты туралы заңды бірінші кабылдады. Сол заң 2015 жылы жаңартылды. Сөйтіп, осы саясатқа басымдық барған сайын қанаттануда. Ғабидолла Абдоллаұлы осы жайында айта келіп, балауса буын үшін бұрын-соңды болмаған қамқорлықты баяндады. Назарбаев  зияткерлік мектептері ашылғалы бері озық технологияларда әлемдегі ең дамыған Кембридж жүйесі қолдану арқылы білім беруде. Ендігі кезекте  сол тәжірибе  басқа мектептерге таратылуда.

-Алар биік асуларымыз әлі алда, - деді Ғ.Оспанқұлов. Ол аймағымызда межеленіп отырған үлкен-үлкен істерді атап, бұған жастық күштің жұмсалатынына зор сенім білдірді. Білек біріктірсе ғана, қыз-жігіттеріміз нәтижелі жұмыстарды тыңдырады. Сонда ғана өміріміз гүлдене түседі. Осы хақында айта келіп, облыс әкімінің орынбасары форумға қатысушыларды Жаңа жылмен құттықтады.

Шара аясында Чапаевта «Өркен» коворкинг орталығы ашылды. Бұл жерде жастар үшін тегін Wі-Fi қолжетімді.

Аталған облыстық форум шымылдығын жапқан соң Ақжайық ауданы жастарының осымен 12-ші ретте ұйымдастырылған «Жастық жігер» фестивалі өтті.

Бұдан әрі  Ә.Т.Жоламанов аудан қыз-жігіттерінің, оқушылардың жетістіктеріне тоқталып, ең белсенділерді, яғни осы жыл белесінде аудан, облыс, республика деңгейінде топжарып, қарым-қабілетімен өңіріміздің өркендеуіне қарымды үлестерін қосқан жастарды марапаттады.

Алматыда 3 жыл бойы төсекте танылған шымкенттік бойжеткенге тегін бүйрек доноры болып, ауыр дерттен құтқарып, адамдықтың  үлгісін көрсеткен жерлесіміз Абзал Әділовтің ерекше қайырымдылығы туралы бейнефильм көрсетілді. Ол  барша жұртты келе жаткан мейраммен құттықтады. «Заман» Батыс Қазақстан облысының өндірушілер ассоциациясының  төрайымы  Айгүл Туркина оған сыйлық тапсырды.

 

Нұрхат МАҒЗОМ

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале