18.10.2019, 18:02
Оқылды: 262

Ақжайық ауданындағы гимназияға 25 жыл

Ақжайық ауданының орталығы – Чапаев ауылының Абай атындағы мектеп-гимназиясы үшін бүгін ерекше күн. Облыста аудандар ішінде тұңғыш бөлек гимназия болып 1994 жылы құрылған білім ошағына биыл 25 жыл толып отыр. Айтулы датаға орай мектеп-гимназияның әр жылғы түлектері мен ұстаздары және шақырылған қонақтар ертемен мектеп ғимаратының алдына жиналып, оқушылар ұйымдастырған экскурсияға қатысты. Қонақтар алдымен мектеп музейін тамашалап, оқушылардың қолөнер көрмесін қызықтады. Өнертапқыштар бұрышын аралап, робототехникамен шұғылданып жүрген шәкірттердің ұтқыр идеяларының куәсі болды.

Aqjaiyq (3)

Салтанатты шарада алдымен мектеп директоры Светлана Оразова сөз сөйлеп, жиналғандарды мерекелерімен құттықтап, ширек ғасырда қол жеткізген биіктеріне тоқталды. Салтанатты жиында білім ордасының алғашқы директоры Дәулетжан Жақсыбаев сөз сөйлеп, қиын-қыстау жылдары құрылған мектепте жанкештілікпен еңбек еткен әріптестері мен бүгінгі ізбасарларына алғыс білдірді. Гимназияның алғашқы түлектері атынан сөз алған Нұрлы Алдиярова әр жылы қанат қаққан түлектер атынан 25 жылдыққа 25 шырша тарту етті.

Aqjaiyq (2)

Абай атындағы мектеп-гимназияның құрылғанына 25 жыл толу мерейтойына орай, аудан әкімі Қ.Айтмұхамбетов білім ордасының ұжымы мен ардагер ұстаздарын қабылдап, мерекелерімен құттықтады. Ардагер ұстаздар ширек ғасыр тарихы бар гимназияның құрылғанынан бергі басынан өткен қызықты оқиғаларымен бөлісіп, көкейдегі ұсыныстарын айтты.

Aqjaiyq (5)

Одан әрі шара мектеп ұжымы ұйымдастырған мерекелік концертке ұласты.

Концерттен кейін келер жылы құрылысы аяқталатын жаңа гимназия ғимаратының алдына түлектер тарту еткен шыршалар отырғызылды.

Aqjaiyq (4)

Рауан Сатыбалдиев

суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале