23.10.2017, 12:49
Оқылды: 27

Ақжайықта «Өнегелі өмір» атты кеш ұйымдастырылды

 

Ақжайық ауданында білім беру ісінің, әлеуметтік саланың үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ауданының Құрметті азаматы Меңзипа Жұматованың 60 жасқа толуына орай Чапаевта «Өнегелі өмір» атты кеш ұйымдастырылды.

Мерейтой иесін алдымен аудан әкімі Әділ Жоламанов қабылдап, қошемет көрсетті. Сосын мерейгердің жер-жерден еңбек жолындағы әріптестері, замандастары, сыйлас аға буын өкілдері, қалың көпшлік жиналған аталған кеште Меңзипа Дүйсенбайқызының жылдар жүзінде жұртының игілігіне арнаған қалтқысыз қызметі, адамгершілік қасиет-келбеті жан-жақты ашылып, баяндалды.

- Ел үшін қашанда аянбай еңбек еткен аға ұрпақ өкілдерін, халқы ешқашан ұмытпайтын тұлғаларды ұлықтауды жадымыздан шығарған емеспіз. Тек соңғы уақыттың өзінде осыған байланысты ауқымды істер тындырылды. Бүгінде марқұм болған Әлібек Сәтбаев, Абай Иманғалиев сынды халқына қалаулыларды, еңбек ардагері Ерболат Нысанбаевтай мақтаулылардың құрметіне көптеген спорттық сайыстар, бұқаралық шаралар ұйымдастырылды. Сондай жандармен қызметтес болған Меңзипа Дүйсенбайқызының қолтаңбасы аудан тарихында сайрап жатыр. Оның аудан әкімінің орынбасарлығына кіріскен кезі  еліміз егемендігінің елең-алаңымен тұстас келді. Сондықтан небір ауыртпалықты жеңудің жауапкершілігі қандай зілдей болғаны мәлім. Міне, ол осындай сынақтан абыроймен өтіп, тәу етер тәуелсіздігімізді нығайтуға айтулы үлес қосқандардың  қатарынан орын алды.

Аудан басшысы бүгінгі бас қосу осындай құдіретті еңбекке тағзым болып табылатынын айта келіп, М.Жұматоваға арналған «Ғибрат» атты кітаптың тұсаукесер рәсімін жасады, мерейгердің иығына камзол жапты.

«...Ақ Жайығыма оралғалы Ақжайық ауданына талай бардым. Қанша шара өтсе, бәрінің басында Меңзипа жүрді. Қанша әкім өзгерді, бәрімен жұмыстас болды. Қанша жыл өтті, қанша су ақты, бәрінде бір мінезден, бір қалыптан таймаған қазақтың қарапайым қызы өз міндетін кіршіксіз атқарып, жылы жүрегін суытпай, өмір ағысында өз болмысын сақтап қызмет атқарды»,-деген екен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереева кітапқа енген пікірінде. М.Жұматованың шәкірттерінің бірі  Дана Дәулетова Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Илья Жақанов, Парламенті Мәжілісінің депутаты Шафхат Өтемісов, Сенат депутаты Нариман Төреғалиев, басқа да тілектес аға-апалар, ізінен ерген шәкірттерінің естеліктері, мақалалар енгізілген басылымдағы танымал тұлғалардың тұшымды ой-толғамдарынан, мерейтой иесінің атына айтылған жылы лебіздерден үзінділер келтіре отырып, жинаққа шолу жасады.

Осындай кештің көрігін қыздырған Әнуар Нұрғалиев, Дәурен Ғилманов, Жаңылсын Хасанова, Данияр Елеуов, Сұңғат Жанаев, Сәуле Таудаева, Венера Нұрғалиева, Еркін Өтегенов, Жанбота Жәрдемова сынды белгілі сахна саңлақтары, «Сымбат» би тобы көрерменнің зор қошеметіне бөленді.

Бекболат ҚАЛЕНОВ.

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале