4.06.2018, 11:21
Оқылды: 18

Ақжайықта тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату жөнінде кеңес өтті

Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламановтың төрағалығымен тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару, кәдеге жарату және өңдеу тақырыбында кеңес өтті. Оған БҚО бойынша табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ақылбек Аманғалиев, бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.

-Тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, қайта өңдеу немесе кәдеге жарату бойынша Ақжайық ауданында біркелкі жұмыстар жүргізілуде. Дейтұрғанмен, түйткілді мәселелер жеткілікті-ақ. Кейбір жерде заңбұзушылықтар анықталып, күл-қоқысты жинақтау, тиісті орынға төгуде түсініспеушілік толастамай келе жатыр. Осыған байланысты тиісті шаралар алған абзал. Бұған әр ауыл тұрғыны атсалысуға міндетті,-деді өз сөзінде аудан әкімі Әділ Жоламанов.

Осында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автожол бөлімінің басшысы Асылбек Жаншин хабарлама жасады. Бөлім басшысының айтуынша, 18 ауылдық округтегі 52 елді мекеннің 45-інде тұрмыстық қалдықтар төгетін арнайы орындар заң талаптарына сәйкес жасақталған. Қалған 4 елді мекендегі осындай орындарды заңдастыру жүріп жатса, Баянтөбе, Жантемір, Қосшығыр елді мекендеріндегі қоқыс төгетін орындар халық санының аздығына байланысты рәсімделмейтін болыпты.

Аудандағы тұрмыстық қалдықтарды төгетін орын 78,25 гектар жерді алып жатса, бұлардағы қалдықтар 201,182 мың тоннаны құрап отыр. 2015-2016 жылдары Тайпақ, Чапаев ауылдарындағы қалдықтар төгетін орыны қоршалды. Сондай-ақ өткен уақытта «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 34390,0 мың теңге бөлініп, Жұбан, Көнеккеткен, Есенсай, Жамбыл, Бударин, Алмалы, Шабдаржап, Ілбішін, Ақусат, Қабыршақтыда осындай орындар қоршалды.

Қазіргі таңда Чапаев бойынша тұрмыстық қалдық төгетін 80, Тайпақта 13 контейнер орналасса, пластмассадан жасалған қалдықты тастауға және сынапқұрамды шамдар мен құрылғыларды жинақтауға бірнеше контейнер қойылды. Былтыр аудан бойынша 1500 дана қолданыстан қалған сынапқұрамды шам залалсыздандырылуға тапсырылды.

Кеңесте А.Аманғалиев күл-қоқысты төгу заңдылықтарына тоқталып, кеңінен түсінік берді. Оның айтуынша, келер жылдан бастап қалдық төгу жұмыстары қатаң бақылауға алынады. Айталық, қоқыстарды сұрыптау бойынша бірнеше талаптар қойылмақ. Қатты қалдықтарды бір бөлек, электронды құрылғыларды бір бөлек жинақтау тексерілмек. Сондай-ақ А.Аманғалиев мал көңін арнайы орынға шығарғанда қатты қалдықтармен араластырмау керегін баса айтты.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале