23.07.2019, 16:18
Оқылды: 254

Ақжайықтық Хасановтар отбасылық ансамбліне – 35 жыл

Атырабымызда Хасановтар отбасылық ансамбілін білмейтін жан кемде-кем. Өнерімен өңірімізге танылған өнегелі шаңырақтың мәдениеттен ойып тұрып алған орны алабөтен. Өйткені, бірлігі жарасқан бұлар киелі сахнада биік белестерді бағындыра білді. Талай-талай қиындықты еңсерді, өмір өткелдерінде әруақыт қол ұстасып бірге келеді. Міне, биыл Хасановтар отбасылық ансамблінің құрылғанына – 35 жыл.

DSC_0020

Аталған датаға орай Хасановтар отбасылық ансамблі Чапаев сахнасында есептік концерт берді. «Ән қанатындағы әулет» деп аталған әдемі де әсерлі кешке келушілер қатары қалың болды. Кеш басында көрерменге ұсынылған бейнеролик те концерттің маңызын салмақтандыра түсті.

Отағасы, асқар тау әке Мақсот Хасанов бала кезден өнерге жақын өскен. Музыкалық аспаптарда шебер ойнайды. Қолына қай аспапты берсең де, тілін таба жөнелетін әмбебап өнерпаз шәкірттерінің санына қапелімде жете алмайсың.  Отанасы Дина Ғабдрешқызы сонау 60-шы жылдардың ортасынан сахнада. Жетістігі бір төбе. Мысалы, 1977 жылы республикалық ән байқауында арнайы медаль иеленген. 1985 жылы Мәскеу қаласында өткен XII Бүкілдүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің ашылу салтанатында және Румыния, Болгария елдерінде қазақстандық өнерпаздардың қатарында жоғары деңгейде өнер көрсете білді.

DSC_0064

Мақсот пен Дина Хасановтар 1972 жылы алғаш рет сол кезде аудан құрамында болған «Чапаев» кеңшарының Қызылжар бөлімшесінде үгіт бригадасы құрамында өнер көрсеткен. Қашанда  қол ұстасып қатар жүріп, өмірдің ыстық-суығын тата жүріп, өнерді тастамады. Бойдағы дарын, қандағы талант оған жол бермеді. Сөйтіп, 1984 жылы олар Хасановтар жанұялық ансамблін құрды. Бұл ұжым құрылған сәттен аудандық, облыстық конкурстарда топ жарып, ауданның атын алысқа апарды.

Сахнаға алдымен Дина Хасанова көтеріліп, мәдениет саласының ардагері Жұмағаным Сырымовамен бірге Ежи Петерcбурскийдің «Синий платочек» әнін шырқады. Өйткені, Дина Ғабдрешқызы сахнаға алғаш осы әнмен шыққан екен.

Үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген олар бала-шағасының бағын көріп отырған ата-әже. Тұңғыштары Гүлайым аудан орталығында, үйлі-жанды. Ал әнші Жаңылсын Хасанованы танымайтын кісі жоқ шығар. Ол Шәмші Қалдаяқов, Ескендір Хасанғалиев әндерін орындаушылардың халықаралық «Менің Қазақстаным» ән байқауларының дипломанты. Мәскеу қаласында өткен халықаралық «Шабыт», республикалық «Жас қанат», «Атамекен» ән фестивальдарыдағы жеңістері де жұртымызға жақсы мәлім. ҚР Президенті Құрмет грамотасының, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ж. Хасанова бүгінде Ғ.Құрманғалиев атындағы филармонияда қызмет етеді. Айнаш Орал қаласында сауда саласында жұмыс жасайды. Ұлдың үлкені Қайрат бұрыннан өнерге жақын. Жаңа заман технологиясының тілін білетін ол көп жылдардан бері аудандық мәдени-демалыс орталығында жарық технигі қызметін атқарып келеді. Бұл реттегі шеберлігі облысымызға белгілі. Тіпті, осы жылдың 29 маусымында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Димаш Құдайбергеновтың «Арнау» атты концертіне жарық қою қызметіне осы Қайрат таңдалып алынған. Бұл да еңбектің еленгені ғой. Зайыбы Жанар аудандық мәдени-демалыс орталығында хореграф, баласы Жалғас ән өнерінде қанат қағып келе жатыр.

DSC_0035

Мақсот пен Динаның ортаншы ұлдары Асхат Хасанов та беделдің биігінде жүрген азамат. Қазақ ұлттық консервотоиясының түлегі. Бүгінде БҚО әкімдігінің эстрадалық-симфониялық, камералық оркестрінің бас дирижері. Мәдениет және өнер саласына қосқан үлесі үшін «Жас дирижер» дипломының, «ҚР өнер саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. Зайыбы Гүлнәр, қыздары Ажар мен Мәдина – скрипкашылар.

Кеш барысында Ж.Хасанова Төлеген Мұхамбетжановтың «Туған жер», Құрмаш Маханның «Жан сырым» әндерін орындады. Қалың көрерменге Асхат, Гүлнар, Ажар, Мәдина, Анар, Жарас, Жалғас Хасановтар түрлі аспаптарда қазақ әндерінен попури ұсынды. Хасановтар жанұясының ең кішкентай әншісі, Қайраттың ұлы 5 жастағы Қайнардың «Қошақаным» әнін орындауы да тыңдарман көңілін бір серпілтті.

Жайық ауылындағы клубта көп жылдар қызмет еткен Мақсот пен Дина ауыл көркемөнерпаздарын дайындауда елеулі еңбек етті. Ауылдағы мәдени-іс шаралардың бас-қасында жүріп, елдің рухын көтеруде адал қызмет атқарды. Дина Ғабдрешқызы зейнетке шықса да халық әндерін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында 2008 жылы Жайық ауылдық «Асыл әжелер» ансамблін құрды. Д.Хасанованың жетекшілігімен белестерді бағындырып келе жатқан ансамбль 2018 жылы облыстық ән фестивалінде ІІІ орынға, биыл аудандық байқауда І орынға ие болды. Концерт барысында әжелер Рахым Жанайысовтың «Атамекенге сағыныш», Ескендір Хасанғалиевтың «Айналдым елім» әндерін әуелетті.

DSC_0052

Немерелер орындауында «Ата-әже» әнімен түйінделген көрікті кештен көрермен зор рухани азық алды. Қошемет, риясыз көңіл, құшақ-құшақ гүл Хасановтардың өнеріне берілген зор бағаның куәсі еді.

–Ақжайықтан жылдар жүзінде небір өнер дүлділдері шықты. Солардың ішінде Хасановтардың орны тіптен ерекше. Қиын-қыстау кезеңдерде де өнерден алыс кетпеген олардың қызметтегі адалдығына бұрыннан куәміз. 35 жылдық құтты болсын! Әрқашан халыққа сыйлы бола беріңіздер,-деді шарада құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев. Ол отбасылық ансамбльге аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың естелік сыйлығын табыстады.

DSC_0076

–Өнерімізді бағалап келген баршаңызға алғысымыз шексіз. Біз қашанда халықпен біргеміз. Өнер-халықтікі. Сіздердей қолдаушы барда ұрпағымызбен жасай береміз,-деді М.Хасанов.

Ақын Сағынтай Бисенғалиев бұл отбасыға арнаған жырын оқыды. «Асыл әжелер» ансамблі мүшелері естелік сыйлық табыстады. Кеш иелерімен бірге кезінде ауданның мәдени-рухани көшінің жүгін бірге көтеріскен аудандық мәслихат аппаратының басшысы Амангелді Ашабаев, ардагер ұстаз Марат Мақашұлы ізгі тілегін арнады.

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале