17.05.2017, 23:23
Оқылды: 44

  Алтай Көлгінов: «Переметный ауылында – спорт кешені, Дариян ауылында мектеп салынады»

 

Аудандарды аралап жүрген өңір басшысы Алтай Көлгінов Зеленов ауданында да болды. Алдымен аудан шаруаларымен кездесіп, көктемгі егіс жұмыстарымен танысты.


Бұдан соң облыс әкімі аудан орталығы Переметный ауылында салынып жатырған сауықтыру кешенінде болды. Бұл нысан құрылысына республикалық бюджеттен 70 миллионнан астам қаржы бөлінген.

Алтай Сейдірұлы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша аудан орталығында салынғалы жатырған 23 бір пәтерлі және 12 пәтерлі екі қабатты тұрғын үй құрылысының жоспарыларымен, сондай-ақ аудан орталығындағы ауылішілік көшелер мен Шалғай, Железнов ауылдарын аудан орталығы Переметныймен жалғайтын күре жолды жөндеу жоспарына қанықты.

Бұдан бөлек аудан орталығы маңындағы Деркөл өзеніндегі суды бөгеуге арналған гидротехникалық нысанмен де танысты. Жалпы сомасы 70 миллион теңгенің жобасына құрылысқа қажетті соманың жартысы бөлінген. Жұмыс келер айдың ортасында басталмақ. Аталған жұмыстардың барлығымен жете танысқан өңір басшысы аудан басшыларына ел игілігі үшін қолға алынған жұмыстардың барлығын қатаң қадағалауға тапсырма берді.

Переметныйдан шыққан соң Алтай Көлгінов Щапов ауылы маңында салынып жатырған «ЖайықАгро ЛТД» ЖШС-ның құс фабрикасына соқты. Жылына 6 мың тонна құс етін өндіруге қауқары бар фабрика құрылысы 80 пайызға аяқталған. Аталмыш нысан жұмысына көңілі толған облыс басшысы фабрика жұмысына жергілікті тұрғындар тартылу керектігін баса айтты.

Бұдан бөлек құрылыс жүргізіп жатырған «Нира» ЖШС жұмысшыларымен тілдесіп, жұмыстың қазіргі барысымен де танысты. 200 миллионға жуық қаржыға тартылып жатырған су құбырының жалпы ұзындығы 20 шақырым. Қазіргі таңда оның 8 шақырымы аяқталған. Сәуір айында басталған жұмысты уақытынан бұрын бітіреміз деген құрылысшылардың қарқыны жаман емес. Жұмыс ойдағыдай аяқталса, ауылдағы барлық әлеуметтік нысандарға су тартылып, әр үйге ауыз су жететін болады.

- Ауылішілік жолдарды қалыпқа келтіру ісі ойдағыдай жүріп жатыр. Переметныйда – 10, Дариянда 5 ауылішілік көшені жөндеу қолға алынған. Сондай-ақ бірқатар әлеуметтік нысандар да ауданда бой көтеретін болады. Оның біріншісі Переметный ауылындағы спорт кешені болса, екіншісі Дариян ауылында бой көтеретін мектеп. Ол нысанға қаражат бөлінді. Бұйырса, маусым айында мектептің құрылыс жұмысы басталатын болады. Сондай-ақ Дариян ауылындағы мәдениет үйін де күрделі жөндеуден өткізу жұмысы басталмақ,-деді А.Көлгінов.

Түгелбай Бисен

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале