30.12.2016, 14:30
Оқылды: 24

Аудан әкімі тұрғындармен кездесті

janibek-akim-tyrgindarmen  Жәнібек ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин Жәнібек ауылының батыс бетіндегі тұрғындармен кездесіп, олардың мәселелеріне құлақ түрді.

  Кездесуде алдымен аталған ауылдың әкімі Мұстахим Қабдысалиев батыс беттегі тұрғындардың хал-ахуалын баяндады. Оның мәлімдеуінше, қазіргі таңда батыс бетте барлығы  245 үй бар. Соның ішінде 228 мекенжайдың тұрғындары көгілдір отынның шапағатын көріп отыр. Тұрғын үйлер электр жарығымен 100, ал ауыз сумен 55 пайызға қамтылған. Тұрғындардың 23 пайызы мал шаруашылығымен айналысса, 15 адам жеке кәсіппен айналысуда.


  Басқосу барысында ардагер-ұстаз Галя Иманқұлова 2002 жылдан бері жөндеу көрмеген А.Оразбаева атындағы мектептің ғимараты едәуір тозғанын мәлім етті. Сондай-ақ, дене шынықтыру пәнін кабинеттерде өткізетін аталмыш мектеп оқушыларына спорт зал салынса екен деген өтінішін білдірді. Кездесуде сөз алған Нұрпаш Тәштенова орталық аурухана батыс беттегі тұрғындарға тым қашық екендігін жеткізді. Ақжаулықты әже өздері тұратын жақтан медициналық пункт ашылғанын қалайды. Тұрғындар сондай-ақ, көшедегі бұралқы иттер балалардың денсаулығына қауіп төндіретіндігін, сондықтан оларды жою үшін тиісті шаралар қолдану қажеттігін бірауыздан жеткізді.

  -Алма Оразбаева атындағы мектептің жанына спорт зал салу жоспарда бар жұмыс. Нысанның жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға 2017 жылдың бюджетінен қаржы бөлінеді. Құжаттар дайын болған соң ғимаратты тұрғызуға облыстан қаржы сұраймыз. Ал мектепті жөндеу мен медициналық пункт ашу бағытында жұмыстанамыз. Алдағы жылы Жәнібек ауылына «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауыз су тегін жеткізілетін болады, - деді тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдаған соң аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин. Аудан басшысы кездесу барысында сөз болған бұралқы иттерді жою, жолдарды қардан аршу, көше тазалығы сияқты жұмыстарды уақтылы атқаруды ауыл әкімі Мұстахим Қабдысалиевке ықтияттап тапсырды.

 Басқосу соңында батыс беттің тұрғыны Алмагүл Хамзина сөз алып, отбасындағы жұмыссыздық мәселесін шешуге көмектескен аудан және ауыл әкіміне ризашылығын білдірді.

Д.ЗЕННАТ

Жәнібек ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале