3.10.2017, 16:10
Оқылды: 34

Ауыл ақсақалы Жаңақала ауданында су реттегіш қақпа салынуын сұрады

Жаңақала ауданында аудан әкімінің «Ашық есік» күні С.Меңдешев ауылдық округінен басталды.

Алдымен аудан әкімі Н.Қарағойшин жеке және ауылға ортақ мәселелері бойынша ауыл тұрғындарын қабылдады. Тұрмыс болғасын жеке мәселе де болмай қалмайтыны белгілі жай. Көп адамның аудан орталығына барып, аудан басшысының қабылдауына кіруіне жағдайлары бола бермейді. Содан да болар ауылға арнайы келген басшыға мұң-мұқтажын, өтініш-тілектерін айтып, мәселелерін жүзбе-жүз шешіп қалу үшін қабылдауға келгендер аз болған жоқ.

Қабылдауға келгендердің жетеуі жұмыс сұраса, біреуі баспана, біреуі материалдық көмек сұрады. Ал ауыл ақсақалы жеке мәселесін емес, ауылға ортақ шаруаны қаузап келген екен.
-Көктемде өзенге келген су жүйесіз жайылып, ауылды қоршап кетеді. Малға жайылым қалмайды. Амалсыз ұзап жайылған мал қожалық малына қосылып, бөтен малға ілесіп, өріс ауыстырып, жоғалады. Кірме жол бойындағы ескі көпірді жөндеп, су реттегіш қақпа салынса, келген суды арнасымен жыл бойы жіберіп тұруға мүмкіндік туар еді,-деп ұсынысын білдірді. Ортақ та орынды мәселе еді. Аудан басшысы бұл мәселенің кезегімен шешілетінін түсіндірді.
Қабылдаудан кейін аудан әкімі Н.Қарағойшин бастаған аудандық мекеме, бөлім басшылары осы ауылдық округтегі шаруа қожалықтарының селолық тұтыну кооперативінің басшылары мен мүшелерімен кеңес өткізді.
Кеңесте атқарылған істер мен алдағы міндеттерді қамтитын ұзын сонар баяндама оқылмай, бірден сұрақ-жауап түрінде еркін пікірлесуге ауысты.

Осы ауылдық округтегі екі селолық тұтыну кооперативінің басшылары малға сырға жетпейтінін мәселе етіп көтерді. Шаруа қожалықтары күзде құрғап қалған өзенге су түсіруді сұрады.
Өз кезегінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Е.Сапаров міндетті медициналық сақтандырудың жай-күйін әңгімелеп, тұрғындар тарапынан қойылған нәтижесіз жұмыспен қамту, жарна мөлшері, тағы басқа да сұрақтарға жауап берді. Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Ж.Бақтыгереев әлеуметтік жұмыс орны туралы түсінік беріп, мұны осы округте 3 шаруа қожалығы пайдаланып отырғанын айтты.

Ауыл тұрғыны Ж.Төлеуғалиев ауыл малына өріс тарлығын, тұрғындардың жеке малының нақты есебі жоқтығын орынды көтерді. Тұрғындар сұрағына жауап берген аудандық ауыл шаруашылық және жер қатынастары бөлімінің басшысы Сағат Боранбаев:
-Осы округте сырға тапшылығынан 14 шаруа қожалығы бұзауға субсидия ала алмай отыр. Сырғаны ерте құнттап алып алғандар құжаттарын тапсырды. Олар субсидия ала алады,-деп тұрғындарға орынды кеңес берді.
Кеңесте сұрақ қоюшылар да, ұсыныс-пікір айтушылар да аз болған жоқ.

Б.Жарқынов
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале