27.12.2017, 15:47
Оқылды: 29

«Ауылда тұратын адамның бәрі кәсіпкер болуы керек!»

Сырым ауданы әкімдігінің ашық есігі күндеріндегі кездесу бүгін Жосалы ауылдық округінің орталығында өтті.

Округ әкімі Қобыланды Ғабдешов төрағалық еткен жиналысқа Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева және бірқатар салалардың өкілдері қатысты.

Жосалы ауылдық округі – инфрақұрылымы санаулы жылдардың ішінде артқан округтің бірі. Округ орталығы Қоңыр ауылы мен оған қарасты Тамды ауылы әуелі көгілдір отынға қосылды. Биыл екі ауыл Қоңыр және Тамды елді мекендері салтанатты түрде орталықтандырылған таза ауыз су жүйесіне қосылды. Қазіргі күні округтегі 240 тұрғын үй үй ауыз суды үй жағдайында тұтынып отыр. Округтегі ұялы байланыстың сапасы да аудан орталығымен бірдейлендірілді. Ауыл тұрғындары бұл игіліктерді әуелі ауылдың ынтымағының, кейін жергілікті басшылықтың іскерлігінің нәтижесі деп бағалайды.

Әрине, ел болғасын мерзімді мәселелер бар. Соның бірі, таяу жылдары округке фельдшер маман керек болып қалуы ықтимал. Ауыл ішіндегі электр желісі де тозып тұр. Сырым аудандық электр торабының бас инженері Серікбол Мұқановтың айтуы бойынша, Қоңыр ауылының ішінде 20 бағана ауыстыруды қажет етеді. Аудан әкімі бұл мәселені шешуге ауданның өз күші қауқарлы деп отыр.

Округтегі А.Жұмағалиев атындағы Жосалы орта мектебінің жөндеуі биыл тағы да кейінге қалып қойған еді. Ауылдық округтің қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Асан Жүсіпов аудан әкімінен білім ошағын жөндеуден өткізу жұмысын шегере бермеуді сұрады. Қоңырлықтардың ауылдан мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғын үйлер салынса деген тілегі де бар. Ауылдың жас спортшылары аудан басшысынан округ орталығына әмбебап спорттық алаң салуға ұсыныс білдірді. Осындай алаң бүгінгі күні аудан орталығындағы Қарасу мөлтекауданына, Өлеңті ауылының ішіне, сосын Қособа және Аралтөбе ауылдық округтерінің орталықтарына керек. Оның қатарына енді Жосалы қосылды. Келер жылы қай округтің жаңа алаңда доп тебетіні әзір белгісіз.

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев өзінің қорытынды сөзінде кездесуде көтерілген мәселелердің бәріне өзінің пікірін білдірді, шешілу мүмкіндігі бар мәселелерді де атап өтті.

Аудан әкімі елді мекендердегі тұрғындармен кездесуде тұрғындарды ауылшаруашылық саласын қолдау бағдарламаларына қатысуға үндеуде. Қазіргі күні шаруа жасаймын деген адамға мемлекет барлық тиімділікті ұсынып отыр. расымен де, ауыл адамы үшін жағдай түзеудің, бақуатты өмір сүрудің, ең бастысы табысты еңбек етудің бір шарты – ауылшаруашылығымен айналысу болып тұр бүгінде. «Ауылда тұратын адамның бәрі кәсіпкер болуы керек!» - дейді аудан әкімі бұл туралы.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале