12.08.2020, 9:06
Оқылды: 168

Балаларды қалай қорғаймыз?

Бала кезде күннің аптап ыстығына да қарамай ойнап, сол ойынның қызуымен қас қарая үйге қайтатынбыз.

Мұны неге айтып отыр деп ойлайсыз?

Бүгінде ата-ана баланы емін-еркін ойнатудан қалды. Қоғамдағы балаларға жасалып жатқан зұлымдықтың неше бір түрін есіткелі, әр ананың жүрегінен тыныштық кеткелі қашан? Қас қарайғанша ойнатпақ тұрмақ, қоқыс төгу мен есік алдындағы дүкеннен нан әкелуге жұмсай алмайды. Неге?...

6202C597-E31C-4EE2-85BE-2A204AC66406

Айтуға ауыз, жазуға қолың да бармайды... Бірақ айтқалы отырған жайт, қоғамда адамшылық қасиеттен айрылып, хайуаннан да төмен деңгейге түскен педофил жайында...

Қоғамда жиі резонанс туғызған осы бір келеңсіз жайттың құрбандары ол - буыны бекіп, бұғанасы қатпаған, яғни кәмелет жасына толмаған ұл менен қыз.

Қазақтың түсінігінде жоқ осы бір «педофилизм» деген дертке шалдыққан делқұлылардың кесірінен қаншама баланың тағдыры тас-талқан болып жатыр. Ойға үрей ұялататын осы сөздің мағынасы да оңып тұрған жоқ. Латын тілінен аударғанда «балаларға деген сүйіспеншілік» деген мағынаны береді екен. Бірақ бұл жолғы «сүйіспеншілік» тым өзгеше...

Абайлаңыз, педофил!

Мұндай оқиға соңғы рет елімізде Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында 5 жасар баланың жоғалып, бірнеше сағаттан соң ересек ер адамның пәтерінен табылғаны қоғамда шу туғызса, алысқа бармай-ақ, өткен айдың соңында «Мой город» басылымында жария болған аудан көлеміндегі және облыс орталығындағы осы тұрғыдағы іс те бойдағы қорқынышты еселей түсті.

Бұл жөнінде аудандық полиция бөлімімен хабарласқанымызда жәбірленуші мен жәбір көрсетуші де кәмелеттік жасқа толмағандықтан, іс құпия түрде сақталып, жүргізіледі. Сондықтан мәлімдеме жасай алмайтындықтарын жеткізді.

Жалпы еліміздегі ресми дерекке сүйенсек, елде 2020 жылдың алғашқы алты айында кәмелетке толмағандарға сексуалды зорлық жасағаны үшін 197 адам сотталған. Ал 2015 жылдан бері есептегенде 1868 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 

Өткен жылдың соңында құқық қорғау органдарында бір жарым мыңға жуық педофил мен 2800-ден астам зорлаушы есепте тұрған. Қазір Қазақстанның түзеу мекемелерінде кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстары үшін 1600-ге жуық сотталушы жазасын өтеп жатыр. Осылай бірте-бірте педофилизм қоғамдағы үйреншікті үрдіске айналып кетпесіне кім кепіл?! Десек те, осы орайда педофилизм ауру ма, әлде азғындық па деген сұрақ туады.

Бұл туралы аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының психологі Ботакөз Байқадамова маман ретінде өз ойымен бөлісті.

 12 жастан бастап ашық түсіндірген дұрыс...

«Бүгінде ұл-қыз өсіріп отырған әрбір ата-ана алаңдаулы. Ата-аналардың алаңдауына да негіз бар, себебі жыл сайын осынау қылмыстың саны артпаса, кеміген жоқ. Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі қазір бірінші орында тұрғаны рас.

Кез келген адамның ойында «педофилді қалай танып-білеміз?» деген сұрақ бар. Алайда мұндай адамдар кәдімгі дені сау адамдардан айырмашылығы болады деп ойлау қате. «Педофил» дегенде көпшіліктің көз алдына жүрексіз, жүзі қатыгез, масаң, үсті-басы лас адамдар елестейтін көрінеді. Сондай-ақ қалыпты адамдар арасында өмір сүре алмайтын психикасы шайқалған адамдар деп ойлайды екен. Бірақ бұл сенімнің алдайтыны өкінішті. Себебі, педофилдер – көп жағдайда 16 жастан асқан, отбасылы, өздерінің де балалары бар, тып-тыныш қана жүрген кәдімгі адамдар болатынына сену қиын. Бірақ балалармен және жасөспірімдермен бірге көп уақытын өткізетін жандардың бәріне күдікпен қарауға тағы болмайды.

Ең дұрысы – балаларды қараусыз қалдырмай, үркітіп алмай, түсінікті тілмен ондай адамдардан қалай қорғану керектігін түсіндіру. Балалар міндетті түрде қарапайым қауіпсіздік ережелерін, көшеде жүру тәртібі мен бөтен адамдармен қандай білуі тиіс. Тек біліп қана қоймай, мұндай ережелерді не үшін сақтау керектігін де жете түсінуі қажет. Негізінен ата-ана қоғамдағы осы жайтты, яғни сексуалдық турасындағы әңгімені 12 жастан асқан баладан бастап айтып, түсіндіре бергендері жөн. Сонымен бірге баланы педофилдерден аулақ ұстау үшін, ата-аналар оларға бейтаныс адамдармен өзін қалай ұстау керектігін үйретулері тиіс. Бөтен адамдармен сөйлеспеу керектігін және олардың өтініштеріне жауап бермеу керектігін түсіндірулері қажет. Педофилиядан сақтану үшін ата-ана баласы үшін нағыз ата-ана бола білуі тиіс. Тек оның рөлін ойнап қана қоймау керек. Бұлай деп отырған себебім қазір көп, соның ішінде жас отбасылар «Бар жағдайын жасап отырмын. Тамағы, киімі, смартфоны бар, қыдыртып, қуантып жүрмін. Осыдан артық не керек» деп ойлайды. Ал балаға ата-анадан ең бірінші үлкен махаббат пен мейірім және әрқашан қолдау қажет. Олармен жақын досыңмен сырласқандай сырласа да білу керек. Сонымен бірге қадағалау. Қадағалау болғанда да, оның көңіл күйін, мәселелерін, жағдайын, оның қызығушылықтарын, әлеуметтік желідегі ортасын және т.б. бәрін де білуге ата-ана міндетті»,-дейді маман.

Заң не дейді?

Еліміздің заңында педофилия деген нақты сөз жоқ. Дегенмен кәмелет жасына толмағандарға сексуалды зорлық жасағандар Қылмыстық кодекстің "Зорлау", "Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері", "Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау" және тағы да басқа баптар бойынша жазаланады делінген. 2019 жылдың соңында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зорлау қылмысын жасағандарға жазаны күшейту туралы заңға қол қойды. Соған сәйкес, кәмелет жасына толмаған балаларға қарсы жасалған сексуалды сипаттағы іс-әрекет аса ауыр қылмыс түріне жатқызылып, қылмысы дәлелденген адамға 20 жыл немесе өмір бойы бостандығынан айыру жазасы енгізді.

Алайда аталған зорлау қылмысы бойынша халық арасында "Педофилдер өлім жазасына кесілсін" деген ұран жиі айтылуда. Мәселен, жоғарыда сөз еткен Сәтбаев қаласында болған оқиғадан кейін де топтасқан тұрғындар "бала ұрлады, зорлады" деп күдікке ілінген адамның пәтері маңына жиналып, күдіктіні жазалау үшін өздеріне беруді талап етті. Осы кезде әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірі педофилді өлім жазасына кессін десе, енді бірі бәрін заң бойынша шешуді құптады. Белгілі заңгерлердің өзі "өлім жазасы – педофилияға тосқауыл бола алмайды" дегенді айтты.

Тілші түйіні. Міне, қоғамдағы елді алаңдатқан жайттың бүгінгі ахуалы осындай. Не істемек керек? Әрбір оқиға орын алған сайын дүрлігеміз де қоя саламыз ба? Бейкүнә сәбидің бүршік жармай солуы ел үшін үлкен трагедия, ата-ана үшін ауыр қасірет емес пе? Істеген ісін қымсынбай мойындайтын қылмыскерді түрмеге жапқанымызбен шаруа осымен тынды деп тағы айтуға болмайды. Ертең түрмеден шыға салысымен бұрынғы әдетін қайталамайтынына ешкім кепілдік бере алмайды да. Сонда қорғансыздар күні не болмақ?

Қорғансыздар деп айтқанда есіңе еріксіз Мұхтар Әуезовтің "Қорғансыздың күні" әңгімесі түседі екен. Онда әңгіме соңы "Балалық жүзінде: "Менде жазық жоқ, мен тазамын",- деген ашық тазалықтың белгісі, қайғы-қасіреттен сейілген жас баланың ажары бар. Жауыздықтың жас құрбаны қасіретке толы өмірінің азапты ақ түтегінен адасып өліп, мәңгі толас тапқандай",- деп қорытындыланады. Осыған қарап, қаншама жыл өтсе де, бұл мәселенің жойылмағанын байқайсың.

Бірақ «содан бері жойылмаған қатыгездікке арнайы елде қатаң заң шығу керек» деп қарап отыра бермей, осы тұрғыда елдегі әрбір шағын ауыл, қала мектептері мен жоғары оқу орындарында психолог мамандар болсын, дәрігерлер оқушылар мен студенттерді жинап, талқылаулар өткізсе, балаларға сақтық шараларын қалай сақтау керектігін үйретсе қорғансыздардың сол зұлымдардан қорғануына мүмкін үлкен септігі тиер ме еді?

                                                                                                  Сәнім Меңдібай,                             

Бөрлі ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале