26.10.2020, 9:55
Оқылды: 112

Батырдың ұрпағы баспанаға зәру

Сықырлаған еден, жел дауысын үдетіп гуілдеткен жамау терезе, арагідік жауын кезінде су тамшылайтын төбе... Іргетасы үгіліп, қабырғалары сөгілудің аз-ақ алдындағы күңіренген үй... Осылардың ортасында ортаға түсуге сәл қалған ескі бөренеге жәудір көздерін тастаған сәби. Ескі ертегі не қорқынышты фильмнің триллері деп ойлап қалдыңыз ба? Жоқ! Бұл біз тұратын Жаңақала ауданындағы біраз адамның бастан кешіп жүрген тіршілігі.

C14C9551-3B61-4CBE-84B7-D973239CA753

Ыстық су мен суық суды қоспағанда жылу мен жарық мәселесінің өзі атүсті шешілген, сырттай көрген жанға «Бұл үйде адам тұруы неғайбыл» деген ойды санаға оралтатын осындай баспанадағы тұрмыс саналы кісіні қынжылтпай қоймайды.

«Үйге оралу ұят емес»

Соғыс ардагері Набиқұл Тұрдалиев есімді атаны елдің көбі танитын шығар? Ерлігі көзі тірісінде ескерілген де болуы керек. Оның аяулы жары Нұржамал Сұлтанғалиева да тылда қызмет қылып, елі үшін маңдай терін сарп етті. Осы тұста өткен күнге көз жүгірткенді жөн көрдік.

7E42D9B6-A1D1-483C-9003-B6720AE7F325

«...Бірте-бірте сержант Набиқұл Тұрдалиев 1941 жылдың тамыз айынан басталған әскери мансабын қалпына келтірді. Ол минометші болды және Москва үшін соғыста қорғаныста тұрды. Сталинград түбіндегі шайқаста екі рет жараланса да, ұлы Сталинград кезеңі аяқталғанша қатардан кетпеді. Курск дөңесінде де бой көрсетіп, әйгілі Прохоров плацдармы үшін болған шайқастарға қатысты және осы жерде тағы бір мәрте жаранып, қайтадан өзінің даңқты гвардиялық атқыштар дивизиясына оралды. Днепр шетіндегі үлкен шайқасқа қатысқан ол сол жерде жараланып, миы шайқалғаны сонша тек бір айдан соң ес жиып, үш айдан кейін ғана ести бастады...».

Бұл 1945 жылдың 8 шілдесінде жарық көрген «Красная звезда» газетінде жарияланған подполковник М.Зотовтың мақаласынан алынған сөздер. Бірі білер, бірі білмес, бұл материалда Набиқұл атаның өз сөздері де бар. Қайталап жазғанның еш әбестігі жоқ деп, соны қаз-қалпында оқып шығуды ұсынамыз:

«Жалпы, үйге оралу ұят емес. Әділ соғысқанымыз рас, халық та біз алған наградалардан оны көріп тұр. Жақында өзімнің Қазақстаныма сапарлатып келдім. Сталинградтық медальмен қайда кірсем де құрметпен қарсы алады. Жаңақала аудандық «Заготскот» кеңсесіндегі ескі әріптестерім ерекше жылы қабылдады. Партия мүшесі болып, орыс тілін еркін меңгерген маған олар таң қалды және қатты қуанды. Олар маған соғыс уақытында бір бойға өскендейсің деді. Және бұл таза шындық. Осы сәтте ғана Қызыл Армиядағы қызметтің маған қаншалықты әсер еткенін сездім».

Ол ел үшін майданның төрінде жан алысып, жан берісті. Өліммен сан рет бетпе-бет келді. Кім үшін?! Сіз бен біз үшін. Келер ұрпақ үшін. Қаракөз қарындас пен жан бауыр үшін. Ұлдарымыз құл, қыздарымыз күң болмас үшін. «Өзімнің Қазақстаныма» дейді... Ерлігі бүгінде он адамның ғұмырына татитын аңыз адамның өзі арамызда болмағанымен артында ұрпақтары бар. Өткенді парақтадық. Енді бүгінгі күнге қайта оралайық.

«Қыстан аман шықсақ жарар еді...»

Бүгінде соғыс ардагері тұрған үйдің жағдайы мүшкіл. Оны өз көзімізбен көріп, куә болдық. Баспананың қазіргі ахуалы адам аярлықтай. Мақала жазу барысында әулеттің жалғыз келіні Ақмарал Талғатқызымен тілдескен едік:

- Атам соғыс ардагері болған. Анамыз тылда қызмет етті. Жолдасым үйдің жалғызы. Осы үй 1961-1962 жылдардағы почта болған. Кейін совхоз уақытында атамның еңбегі ескеріліп, үйі болмаған соң берілген. Есеп бойынша апаттық жағдайда деп танылып, «сносқа» кететін уақыты болды. Қазір жолдасым елуде. Ұлдарым да ер жетіп қалды. Осы үйде өмір бойы тұрып келеміз. Төбеден су кетеді, іргесі үгіліп ішке түсіп, қайта-қайта топырақты шығарып тастауды талап етеді. Екі рет сылап шықтым, ағашпен де, таспен де қабырғаларын тіреп отырмыз. Электр желілері де ескі, ақау шығып тоңазытқыштарым жанып кете ме деп алаңдап отырамын. Кіреберіс бөлмедегі төбені көріп отырсыздар, ағаштары ескірген. Төлеген Мерғалиев әкім боп тұрған кезінде оған жолдасым аяқтай барып, жер сұраған болатын. Көп кешікпей бізге жер берілді. Алайда жаңа үйді қаражат тапшылығынан бітіре алмай отырмыз. Осыдан екі-үш жыл бұрын қаңқасын қалап қойдық. Әрмен қарай құрылыс жұмысын жүргізуге қолымыз байлаулы әрі жолдасымның да денсаулығы жарамай тұр. Төбесін жауып, терезелері мен есігін салып кіріп алсақ деген ойымыз бар. Бірақ «қысқа жіп күрмеуге келмейді» деген. Амал жоқ, ескі үйді жамап-жасқаумен келеміз. Он жыл бұрын «Бұл үй әлі бірталай уақытқа шыдайды деп жолдасым айтатын-ды. Ал қазір «Биыл қыстан аман шықсақ жарар еді» деп отыр...

8A5D7E98-A815-4AF5-946C-FC850CE38CEC

Тұрғын үй бөліміндегі марқұм Нұрлан Бейісовке де, бертін келе басшылық қызметтегі жас балаларға да кіріп шықтық. Ақшалай да, былай да көмектер болып қалады деп жібергенмен, еш көмек болмады. Содан тауым қайтып, қайта-қайта есіктерін сығалауға намысым жібермеді. Бар айтарым – мәңгі тұратын үй сұрамаймыз, тек үйімізді бітіріп, кіріп алғанша уақытша паналайтын баспана болса деймін. Оның үстіне қасымда кішкентай үш жасар немерем бар. Бір күні үйдің төбесі құласа, біреуіміз жазым боламыз ба деп қорқамыз, - дейді кейіпкеріміз күрсініп.

Сөз соңы

Өзім деп, өз елім деп ұрандатқан жанның ұрпақтарын елі өзегінен теппей, бір сәт жағдайларына назар аударса дейміз. Отаным деп кеудесін оққа тосқан батырдың ұрпақтарына ел болып көмек етуге қауқарымыз жетпей ме? Әлде «үй бер» дегізбей үй сыйлауға, «жер бер» дегізбей жер сыйлауға Набиқұл атаның ерлігі жеткіліксіз бе?! «Жаман айтпай, жақсы жоқ» күндердің күні шаңырақтары ортасына түссе, үйінді астында қалған отбасының обалына кім қалады? «Өзі жоқтың көзі жоқ» деп, соғыс ардагері мен тыл қызметкерінің ұрпақтарын сандалтып қою биліктегі ағаларымыздың азаматтығына да сын емес пе? Бас қайғысы баспана болып, сүреңсіз үйлерде күйбең тірліктің күнін күйттеп жүрген отбасылар аз емес. Солардың бүгін бірінің ғана жағдайын жеткізіп отырмыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Көп түкірсе – көл» деген мақалдарды халық текке айтпаса керек. Бәлкім ел ішінен көмек қолын созар азаматтар табылар, не үніміз жоғарыға жетер деген ниетпен жазылған мақаламыз бұл. Біздің қолдан келетіні – елдің мұңын, халықтың жанайқайын баспасөз бетінде көтеру. Арғы жағы арлы азаматтардың саналы шешіміне қарап тұр...

Әселханым Ғайнеден,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале