15.05.2019, 18:07
Оқылды: 617

Бірінші қауіп ата-ананың жауапсыздығынан келеді

Қазір кәмелетке толмаған жасөспірімдердің көлік жүргізу оқиғалары жиілеп кетті. Әрине, жүргізуге құқығы жоқ адамның автокөлік басқаруы – өз алдына бөлек мәселе. Негізгі мәселе – мектеп оқушыларының машинаға үйір болуында болып тұр. Естеріңізде болса, кешегі айда Жаңақала ауданында қызғалдақ теруге барған оқушылардың көлігі апатқа ұшырап, бір қызғалдақ ғұмыр үзілген еді. Әуел баста, оқушының ағасынан көліктің кілтін сұрап алуынан басталған оқиға осылайша адам өлімімен аяқталды.

33

Көлік жүргізуге «жаны құштар» оқушылар Сырым ауданында да бар екен. Сырым аудандық полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналдық полиция тобының аға учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Светлана Халилованың айтуынша, аудандық полиция бөлімі жыл басталғалы Сырым ауданы әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына 2 материал ұсыныпты.

Комиссияның мүшесі әрі ақпарат өкілі ретінде біздер ол ұсынбалармен таныстық.

Бірінші факт наурыз айының 8-і күні қоғамдық тәртіпті бақылау кезінде анықталады. Тәртіп сақшылары күндізгі сағат 12:00 шамасында әкесінің көлігімен келе жатқан 8 сынып оқушысын тоқтатады. Жасөспірім өзінің түсініктемесінде, үйдегілерінің дүкенге жұмсағанын айтыпты.

Келесі оқиға да мейрам күні орын алған. 1 мамыр күнгі демалысты пайдаланып, жоғары сынып оқушылары Шідерті өзенінің жағасына демалуға бармақ болады. Сыныптастарын апарып – әкелуге әкесінің көлігін алып шыққан 9 сынып оқушысы ауыл ішінде жүрген жерінен тәртіп сақшыларының көзіне түсіп, ұсталады.

Автокөлік басқаруға құқығы жоқ оқушылар тізгіндеген көліктер аудандық полиция бөлімінің ауласына қойылды. Көліктерін көлік жүргізу құқығы жоқ адамға басқару бергендері үшін әрбір ата-ана ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 612 бабы 5 бөліміне сәйкес, 63 мың теңге айыппұл төлеп, айдың-күннің аманында қарайған шығынға батты. 63 мың теңге – бір адамның бір айлық еңбегі үшін алатын жалақысының мөлшерімен бірдей қаражат қой.

Ақшаның орыны толады. Ал бұл екі жағдайдың соңы, ата-аналардың балаларының болашағына жауапсыз қарауы – орыны толмас шығынға, яғни балалардың өмірімен қоштасуына да әкеліп соғуы әбден мүмкін еді.

Ювеналдық полиция тобының аға учаскелік полиция инспекторы Светлана Халилова, балаларына көлік жүргізуге рұқсат берген ата аналарды құқықбұзушылыққа жол бергендері және қоғамға жат іс-әрекет жасауға ықпал болатын себептер мен жағдайларды тудырғаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 127-бабы бойынша жауапкершілікке тарту жөнінде ұсынысты аудандық сотқа жолдауға дайындауда.

Айыппұл төлету ата-аналардың айыбын сезінуіне, жауапкершілікке тарту ата-аналардың бала тәрбиесіне жауапты қарауына себеп бола алады ма? Себеп бола алмайтын секілді. Өйткені, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі аудандық комиссияға келген ата-аналардың тарапынан «Менің қателігім екен!» я болмаса, «Баламның жасағаны дұрыс болмапты!» деген әңгімені ести алмай жүрміз.

Арамызда заң түгілі, жазаға да жауапсыз қарайтындар бар екеніне аудандық полиция бөлімі жүргізген «Борышкер!» жедел алдын-алу шарасының қорытындысын көрген кезде, көзіміз жетті. Салынған айыппұлдарды өз еріктерімен төлемей отырған құқық бұзушыларға шығарылған 19 қаулы бойынша наурыз айында 259 225, 5 теңге аяқтай барудың, былай айтқанда мәжбүрлеудің арқасында өндіріліпті.

Біздің бір байқағанымыз – көп әкелер ұлына көлік жүргізуді үйреткенді өздерінің әкелік мектептерінің міндеті деп санайды екен. Дұрыс-ақ! Әкелердің балаларын шаруаға, техникаға баулығанында тұрған ештеңе жоқ. Әке тәрбиесі, әке махаббаты - екі буында жақындастырмаса, алыстатпайды. Бірақ, балаға темірдің тізгінін беріп, оны қозғалыс қайнаған жолға салып қою біздіңше, әкелік махаббат емес сияқты.

-Бір оқушы көлік жүргізіп шықса, қауіп бірнеше адамға төнеді. Көп жағдайда оқушылар көліктеріне сыныптастарын отырғызып алып жүргенді дәреже көреді. Олар өздерінің ғана емес, өзі сияқты қанша адамның тағдырын қолына ұстап келе жатқанын түсінбейді. Осы ақылды оқушыларға мұғалімдер, полиция қызметкерлері емес, әуелі үйіндегі ата-анасы айтуы керек. Біздер біреуді жазалауды, біреуге айыппұл төлетуді мақсат етпейміз. Оқушылар мен олардың ата – анасының арасын бұзатын, оларды жаманатты қылып көрсететін де ниетіміз жоқ. Біздің басты мақсат -  қауіптің алдын-алу! - дейді полиция инспекторы Светлана Халилова.

Алдын-алу шаралары аудандық полиция бөлімінде нәтижелі жүріп жатқанын айта кетейік. Мәселен, 2018 жылдың қорытындысы бойынша облыс жолдарындағы апаттылықтың өсуіне байланысты жол – көлік оқиғаларын төмендету, жол жүру ережесін бұзудың алдын алу мақсатында жылдың басында «Қауіпсіз жол» жедел – профилактикалық іс-шарасы өткізіліп, аудан көлеміндегі есептілік нысанындағы 16 жол қозғалысы ережесін бұзушылық анықталыпты. Заң бұзған жүргізушілерге тиісті әкімшілік жаза қолданылған. Соңғы уақытта конструкциялары зауыттық емес жолмен өзгертілген, қолдан жарықтандырылған көліктерді пайдалану да жиілеп кетіпті. Іс-шара кезінде сондай көліктер де назарға іліккен.

Бірді айтып, бірге кетпейік. Әңгімемізді балалардың қауіпсіздігі мен сол қауіпсіздікке ата-аналарының жауапкершілігі жөнінде бастаған едік. Жуырда Жымпитыда баланың өміріне қауіп төндірген оқиға орын алды.

Сырым аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Бақытжан Қазақстановтың айтуынша, 8-інші мамыр күні кешкі сағат 21:50-де Жымпиты ауылындағы «Нефтек» жанар –жағармай құю бекетінің тұсында 4 жасар бүлдіршін «Газель» автокөлігіне қағылыпты. Велосипедке мінген кішкентай қыз Самара–Шымкент тас жолы арқылы Ақтөбе қаласына бара жатқан көліктің алдынан өзі шығып қалған.

Сағат 22:10-да аудандық аурухананың жедел жәрдем бригадасы сәбиді қабылдау бөліміне алып келген.

-Жедел жәрдемнің қабылдау бөліміне түскеннен кейін, сәбидің денсаулығын хирург Асхат Дүйсенғалиевтің өзі тексерді. Дене жырылған, бірақ сыну жоқ екен. Тек, миы шайқалыпты. Бүлдіршін 8 мамыр күні облыстық аурухананың нейрохирургия бөліміне тасымалданды, -дейді сол күнгі кезекші дәрігер, педиатр Мергүл Сарғозиева.

Сәбидің бір ажалдан аман қалғанына қуаныштымыз! Дегенмен, сұрақ туындайды? Кішкентай қыз түн болғанда ауыл шетінде не істеп жүр? Бұл жерде оқырманның көңілін баланың қадағалаусыз қалғанына емес, қауіп пен қатердің аяқ астында екеніне де аударғымыз келеді.

Баланың өміріне қауіп тек көліктен келмейді. Сіз сеніп жүрген адам да сіздің балаңызға қауіп төндіруі мүмкін. Еркектердің көршісінің қаршадай қызын зорлағанын, біреудің үкілеген баласын замандастарының соққыға жыққанын айтып, «сүйінші сұраудан» ғаламтор да жалықпайды. Бірақ, балаға ең бірінші қауіп – олардың өміріне деген ата-ананың жауапсыздығынан келеді. Соны ұмытпайық!

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале