20.06.2019, 11:18
Оқылды: 131

Бірыңғай жиынтық төлемге қатысты іс көңіл көншіте ме?

Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту мәселесі бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, 2019 жылдың 1 қаңтарынан күшіне  енді. Өзгерістерге сәйкес, формальды емес жұмыспен қамтылған халыққа, яғни ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету салаларында еңбек етушілерге ұйымдастырушылық құқықтық мүмкіндік беретін арнайы бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) механизмі жасалды.

 aqjaiyq

Облыс орталығынан тиісті сала өкілдерінің қатысуымен Ақжайық ауданында Чаудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың төрағалығымен өткен кеңес осы БЖТ мәселесіне арналды.

Бөлімдер, ауылдық округтер әкімі, сала мамандары шақырылған кеңесте тақырып бойынша БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар  басқармасы басшысының орынбасары Самат Хангереев, еңбек департаменті басшысының орынбасары Жеңіс Беріков, мемлекеттік кірістер  департаментінің  түсіндірме жұмыстар басқармасының  басшысы Айман Қуанова, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры БҚО филиалының  директоры Вячеслав Кожевников сөз сөйлеп, түсініктер берді.

2018 жылдың 1 қаңтарына аудан бойынша мәртебесі анықталмаған 1539 адам болса, күні бүгінге 1280 адам анықталды. Соның ішінде 75 адам БЖТ аудару арқылы өзектендірілді. Осы істі уақыт ұзартпай жандандыру керек-ақ. Аудан басшысы осыған қатысты қам-қарекет бүгінге көңіл көншітпейтінін атап көрсетті.

-Ауылдық округ әкімдеріне өзектендірілмеген тұрғындардың мәртебесін нақтылап, жеке қосалқы шаруашылығымен айналысатын 103 адамға және мәртебесі белгісіздерге БЖТ аударту жұмыстарын 1 қарашаға дейін аяқтауды және бұл туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар  бөліміне мәліметтерін беруді тапсырамын,- деді аудан әкімі.

Талқылау барысында БЖТ – өзін жұмыспен қамтыған адамдарға дара кәсіпкер ретінде тіркелмей, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға мүмкіндік беретін режім болып табылатыны, мәселенің басқа да қыр-сыры жан-жақты сөз болды. БЖТ үлесі жайында түсініктер берілді. Жеке табыс салығы – 10%, МӘСҚ әлеуметтік төлемдері – 20 %, БЖЗҚ жарналары – 30 %, МӘМҚ әлеуметтік аударымдары – 40 % құрайды.

Бұл төлемнің маңызы мол мүмкіндіктер ұсынады. Міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуға және осы жүйе енгізілгеннен кейін медициналық мекемеге таңдау құқығына ие болу. Медициналық қызметтерге қол жеткізу, зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне қатысу және базалық зейнетақы төлемін алу мүмкіндігі бар. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жинақталған зейнетақы қаражатын толтырудан басқа, базалық зейнетақы көлемін ұлғайтылған мөлшерде алуға, мүгедектігі, жұмысынан, асыраушысынан айырылу, жүктілік және босану, бала асырап алу, бала күтімі жағдайында әлеуметтік жәрдемақы алуға болады.

Жүйелі жарналар жасау арқылы төлеу қабілеттілігін растай отырып, ресми түрде банктен несие алуға жол ашады.

Жүйеге қатысу құқығы жеке тұлғалардың өз құқығы, олар БЖТ төлемегені үшін ешқандай жауапкершілікке тартылмайды.

Қалалық және ауыл тұрғындарының табыстарының айырмашылығын ескере отырып, қалалық тұрғындарға БЖТ мөлшері 2019 жылы 1 АЕК немесе 2525 теңге, ауыл тұрғындарына – 0,5 АЕК – 1262,5 теңге.

Ұлмекен Қадыр,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале