7.12.2018, 11:58
Оқылды: 57

Биыл Ақжайықта 8 адам өзіне қол жұмсап көз жұмды

Ақжайық ауданы орталығында БҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасына қарасты ІІ полиция батальонының жеке құрамымен «Қызметкерлерді өзін-өзі реттеу дағдыларына, күйзеліс-дағдарыстық жағдайларынан конструктивті шығу жолдарына үйрету» атты семинар-кеңес өтті.

IMG_9789

Кеңеске БҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасы ІІ полиция батальонының командирі, полиция майоры Оралбек Жұбандықов, осы батальонның психологы, полиция аға лейтенанты Айман Қайырова, аудандық орталық аурухананың психологы Толқын Мүрсәлімова, аудандық мешіттің найб имамы Еламан Байәділ қатысты.

         Осында айтылғандай, еліміз бойынша 2015 жылы – 30, 2016 жылы – 14, былтыр – 22, ал биыл 24 ішкі істер органдарының қызметкерлері өз-өзіне қол жұмсап, өмірден өткен. Батыс Қазақстан облысында, оның ішінде Ақжайық ауданында мұндай оқиға тіркелмеген.

         –Халықтың тыныштығын, құқығын қорғайтын ішкі істер органдарының қызметкерлері әлбетте, басқаларға үлгі болу керек. Күнделікті отбасы мәселесі, қызметтегі кикілжің, түсініспеушіліктен түбі бір мәселе туындайды. Ол мәселелерді шешудің жолы өз-өзіне қол жұмсау емес. Әсіресе бұл жас қызметкерлерге қатысты,-деді Айман Қайырова.

         Е.Байәділ Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының пәтуаларына сәйкес, өз-өзіне қол жұмсаған адамның жаназасы мүфтият өкілдерінің қатысуымен шығарылмайтынын әңгімеледі. Ол қайсыбір еңбек ұжымында, тұрғындар арасында тығырыққа тірелген жандар байқалса, көп болып одан шығарудың жолдарын іздестіруге кеңес берді. Пенденің Құдай берген ғұмырдың әр күнін бағалау керегін айтты. Құран аяттарынан, Шәкәрім ақынның өлеңдерінен мысалдар келтіре отырып, суицидке жол бермеуге шақырды.

         Ал психолог Т.Мүрсәлімованың айтуынша, биыл ауданның 13 тұрғыны отбасы тірлігіндегі түрлі мәселелерден өз-өзіне қол салып, 8-нің өмірі қиылған. Аман қалған бес адамның екеуі мөлшерден тыс түрлі препараттар ішсе, екеуі білек тамырларын кескен. Біреуі сіркесу ішкен. Психолог кеңесте қандайда бір мәселе туындағанда, оның шешімі әрдайым табылатынын, күйзеліспен күресудің түрлі жолдарын түсіндірді. «Күйзеліспен күресу адамның өзіне байланысты. Әрине, қазіргі уақытта оған қарсы түрлі дәрілер бар, алайда, дәрінің уақытша ғана көмектесетінін ескеру қажет. Күйзелістен қорғанудың басты әдісі – жақсы демалып, денсаулықты күту»,-деді ол.

         Кеңесте бейнефильм көрсетіп, психологиялық тренинг өткізілді.

IMG_9780 IMG_9788

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале