5.02.2020, 18:25
Оқылды: 290

Биыл Қаратөбеде алкогольсіз сусын шығаратын цех ашылады

Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев жеке кәсіп иелері мен Жастар жылы аясында жастар атқарған  жұмыпен танысты.

qaratobe (27)

Алғашқы кезекте жеке кәсіпкер Адина Сарбупина Орал-Ақтөбе тас жолының бойында орналасқан «Ақ жол» автокемпингінің жұмыс барысымен таныстырды.

– Қазіргі күні 7 адамды жұмыспен қамтып отырмыз, орташа жалақы мөлшері 60-70 мың теңге көлемінде. Осы жылы автокөліктер үшін кемпинг жанынан жанармай бекетін салу ойластырылуда, - дейді кәсіпкер Адина Егізбайқызы.

Ал «Қоржын» шаруа қожалығының жетекшісі Құсайын Ізімұлы мал бордақылау кешені жұмысымен таныстырды. Бұл қожалық асыл тұқымды ангус және қазақтың ақ бас сиырын өсіреді.

- Алда мал сою цехының жұмысын әлі де ширатып, қосымша мал бордақылау алаңын салмақ ниеттеміз. Сондай-ақ мал азығы үшін құнарлы екпе шөптер өсіріп, ол жерлерді жекенің малынан қору мақсатында қоршау жүргізуді де ойластырудамыз, - деген қожалық иесі егін егу шаруашылығы үшін арнайы су қоймасы қажеттігін де айтты.

«Nazelproduct» ЖШС-ның алкогольсіз сусын шығару цехы наурыз айында пайдалануға беріледі. Оған 15 адам жұмысқа тартылмақ. Осы ретте бұл цех өнімін тек аудан, облыс көлеміне ғана таратып қоймай, басқа қалаларға да шығару жоспарланып отырғаны айтылды.

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұрберген Жоламанов Жастар жылында жүзеге асқан іс-шараларды кеңінен баяндай келіп, апатты жағдайдағы үйде тұрып келген Талшын әжеге жастар күшімен жаңа баспана салынып берілгендігін жеткізді.

Серік Рахметоллаұлы облыс бойынша ең көп грантқа ие болған ауданның бірі Қаратөбе екендігін алға тартып, жеке кәсіпті қолға алған жастар ісіне тек сәттілік тіледі.

Тұрсынай Нағымова

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале