15.11.2017, 11:25
Оқылды: 32

БҚО-да мешіт ауласынан асхана салынуда

 

Асхана.Жеке кәсіпкер Омаровтардың мешіт ауласында салып жатқан асханасы Бөрлі ауданы бойынша «Әлеуметтік бастамалар картасына» енген жалғыз жоба боп отыр.

Ал бұл аталмыш карта аймақтардағы маңызды сұраныстарды анықтап, азаматтық бастамаларды қолдауды мақсат етеді. Яғни халық үшін игі істер атқаруға үндейді. Өз кәсіптерімен нәсібін тауып, ауданда бірнеше жерде сауда орындарын ашып отырған Омаровтардың бастамасы көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Мешіттің ауласында бой көтеретін асхана 250 орынға есептелген.

«Асхана салу туралы ой ойда-жоқта келе салған жоқ. Ораза айт, Құрбан айт секілді діни мейрамдарда мешіт қызметкерлері бізден палатка сұрап жүрді. Әрі бұл мейрамдардың мезгілі жыл сайын өзгеріп тұратын болған соң, күн суық кезге де сәйкес келіп жатады. Сондай кезде салқын жерде ас беру оңайға түсіп жүрген жоқ. Мұндай жағдайларды жыл сайын көріп жүрміз. Екіншіден, көбінесе қазір садақа не той жасайтын болса да кафе-ресторандарды жалдайды. Бірақ ондай үлкен орындарды жалдауға жағдайы келмейтін де жандар бар. Сондықтан көмек болсын деп ойладық. Өйткені асхананы тұрғындар тегін пайдаланатын болады. Нысан ашылғаннан кейін мешіттің қарамағына берілетін болады», - дейді «Бәйтерек» компаниялар тобының директоры Мұратбай Омаров.

Кәсіпкердің айтуынша, құрылыстың жоспарлау жұмысына 600-800 мыңдай қаражат кеткен болса, жұмыс жасап жатқан құрылысшыларға 9 миллион теңге, құрылыс материалдарына, асхана ішін қажетті жабдықтармен қамтуға 24 миллион теңгедей жұмсалып отыр. Мұратбай Серікбайұлы өздеріне қолұшын созып, көмек көрсетіп жатқан жандар бар екенін айтады. Олар аз да болса қаражатпен, кейбірі техника беріп көмектескен. Кәсіпкер "НазТур" ЖШС, "АксайСнабКонтракт" ЖШС, жеке кәсіпкер Шүкір Шадоев секілді тағы да басқа кәсіпкерлерге алғысын білдірді. Сондай-ақ аудан әкімдігі жарық, көгілдір отын өткізуге қолұшын бергенін айтқан жеке кәсіпкер аудан әкімінің орынбасары Жаңабай Қаналинге алғысын білдіріп өтті.

Кәсібін дөңгелетіп отырған бұл ағайынды Омаровтар ауданда өтетін іс-шараларға демеуші де болып келеді. Солардың бірі ауданымызда жыл сайын бокстан өтетін "Достық-Дружба" халықаралық турниріне бас демеуші болып отырады.

Ясипа РАБАЕВА

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале