1.02.2018, 15:42
Оқылды: 62

БҚО-да оқушылар арасында айтыс өтті

Ақжайық ауданы орталығы Чапаевта балалар шығармашылығы орталығының ұйытқы болуымен оқушылардың аудандық айтысы ұйымдастырылды.

Ел алдына суырылып шығып сөз бастаған бірінші жұп Қаршы орта мектебінің (Ақжол ауылдық округі) 7 сынып оқушысы Әділ Жәрдем мен Еңбекші негізгі мектебінің (Базартөбе ауылдық округі) 5 сынып оқушысы Абзал Наурызғали салғаннан көрерменді үйіріп әкетті. «Жаһандану мен дәстүр» болып айтысқан қос өркен дәстүрдің озығы мен тозығын мына дәуірдің жақсылығы мен ызғарлы жақтарын өз деңгейлерінше жырға қосты. Әділдің домбырада ойнау шеберлігі, мақам әуезділігі тартымды екен. Ал қызылжарлық Абзалдың ойының ұшқырлығы, өлең техникасын жақсы меңгергендігі, әзілге шебер екені көрініп тұрды.

Айта кетейік, әр жұпқа ақын Мәлік Берді Әлі мен «Жайық таңы» газетінің тілшісі, қалған жас ақын Бекболат Қаленов әлгіндей тақырыптарды ұсынған-ды. Сахнаға шыққандар өз ұстанымдарын жақтап шықты.

Ал Ғ.Махамбетов атындағы орта мектептің (Базаршолан ауылдық округі) 10 сынып оқушысы Құралбек Бақтыгерей мен Есенсай орта мектебінің (Есенсай ауылдық округі) 9 сынып оқушысы Айнагүл Есқақ «Бозбала мен бойжеткен айтысын» жасады. Айнагүл қалыптасып келе жатқан жас ақын. Әсіресе, Тәуелсіздік хақында айтқан шумақтары, ақ жарқын тілегі көпшілікті баурап алды. «Ақ туы азаттықтың құламасын»,- деп түйіндеді ол сөзін. Осы бағыттан таймаса, Айнагүлден кешегі Алаштың Нұриласының, Ұлбикелерінің ізін жалғайтын жақсы ақын шығу керек. Бұдан алдыңғы айтыстарға қатысып, төселіп қалған Құралбек те тартымды жыр жолдарымен қоса мақамы да, домбырада ойнауы келісіп тұрды.

Сонымен қатар Чапаевтағы Абай атындағы мектеп-гимназиядан Жанболат Нығметуллин мен М.Әуезов атындағы орта мектептен Азат Қадырғали жасаған (екеуі де 7 сынып оқушысы) «Кітап пен компьютердің айтысы» көпшілікке ой салғаны сөзсіз.

Алмалы орта мектебінің 8 сынып оқушысы Ерғали Рысжанұлы мен Қаршы орта мектебінің 8 сынып оқушысы Арсен Балғабаев «Кирилл әліпбиі мен Латын әліпбиінің айтысын» ұсынды. Екі әліпбиді де жан-жақты жырлады. Құлын-тайдай тебіскен құрдастар әзілге де бет бұрып отырды.

Алмалы орта мектебінің 9 сынып оқушысы Нұрлан Қадыраштың қарсыласы белгілі бір себептермен келе алмай қалып, ол өз ұстазымен – ауданға белгілі ақын Болат Өтешовпен айтыса кетті. Шәкіртіне ақ жол тілеп, тұсауын кескен Болат Нұрланды көтермелеп отырып, салмақты сөз саптады. Суырыпсалмалықтың шын үлгісін көрсетіп, «Өзен мен тоғайдың айтысын» жасаған олар, экологиялық мәселелерге де соқпай кетпеді.

Осылайша, бес жұп – он ақын құлдыраңдап шапқан құлындардай, өнер бәйгесіне үлкен олжа салғандай. Аудандық балалар шығармашылығы орталығының директоры Руслан Есенәлиев алдағы уақытта дәл осындай сөз өнері мерекесін басқа да ауылдарда көшпелі түрде өтетінін айтты.

Өрімдер пырақты поэзиямыздың төріндегі Жұбан Молдағалиев, Сағынғали Сейітов, Ақұштап Бақтыгереева, Мектеп Досқалиев, Хамит Әбілов, Сағат Әбдуғалиев, басқа да жерлес ақын-жазушылардың атымен аталған дипломдарға ие болды. «Көрермен көзайымы» атты ең үздік аталым қызылжарлық Абзал Наурызғалиға бұйырды.

Құрмет ҚАДІР

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале