20.05.2018, 2:24
Оқылды: 87

БҚО-да Сәкен Ғұмаровтың ескерткіші ашылды

IMG_9348Жалпақтал Мәдениет үйінің алаңында архитектор, суретші, Қазақстан Журналистер және Суретшілер одағының мүшесі, жерлесіміз Сәкен Ғұмаровтың ескерткіші ашылды.

Сәкен Ғұмаров жас кезінен өнерге жақын болып, әкесі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мұхамбетжан Ғұмаров жетекшілік еткен Жалпақтал халық театрында ойнады. Кейін Батыс Қазақстан облыстық орыс драма театрында әртіс, облыстық телестудияда бас режиссер болып қызмет еткенімен, суретшілігімен кеңінен танылды. Негізінен кескіндеме саласында қызмет еткен ол шығармаларын абстракциялық бағытта (поставангардизм) жазды.

Суреттеріне бағзы заман түркілерінен бастап әскери полигондар зардабын тартқан Бөкей ордасының тыныс-тіршілігін арқау етті. Туындыларын түсіну қиын болғандықтан, ол кеңестік дәуірде көпке дейін мойындалмады. Тек 1985-1995 жылдары Алматы, Орал, Киев, Мәскеу және басқа қалаларда жеке көрмелері қойылып, суретшіге үлкен табыс әкелді.

Салтанатты шарада аудан әкімі Абат Шыныбеков, ауданымыздың құрметті азаматы, өлкетанушы Жайсаң Ақбай, «Казком» банкнің БҚО филиалының төрағасы, С.Ғұмаров атындағы қордың  тең төрағасы, жерлесіміз Мерғат Ахметов, техника ғылымдарының докторы, академи, Талан Оразғалиев, ҚР мәдениет қайраткері, мәдениет саласының ардагері Нұрлан Шаканаев суретші туындылары кейінгі ұрпаққа рухани мұра болып қала беретіндігін атап өтті.

С.Ғұмаровтың ескерткіші жерлесіміз аталмыш қордың тең төрағасы Мерғат Сисенғалиұлының бастамасымен және осы ескерткішті толықтай қаражатпен қаржыландырушы, академик, техника ғылымдарының докторы Талан Қабдрашитұлының қолдауымен жүзеге асып отыр.

Осы шарада қылқалам шебері Сәкен Ғұмаровқа арналған «Ғарыш мінезді адам» атты қысқа метражды фильмі көрсетіліп, «С.Ғұмаровтың жұлдызды ырғағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция оздырылды.

-Әсемдік әлеміне дара тынысымен келген Сәкен ағаның ғұмыры онша ұзақ болмағанымен, өнердегі қолтаңбасы біздің мәңгі назарымызда. Ғаламат сурет салатын және сол суреттермен адамды емдейтін тума таланттың өмірде болғанын айтып қана қоймай, оны еске алып, кейінгі ұрпаққа таныстырып отыру әр адамның қасиетті парызы деп есептеймін. Бүгінгі ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысы Сәкен Ғұмаровтың ғұмырын әрі қарай насихаттап, жалғастыру,-деген аудан басшысы Абат Абайұлы конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Шарада ауданымыздың құрметті азаматы, ардагер өлкетанушы, тарихшы Жайсаң Ақбай, суретші, «ҚР мәдениет саласының үздігі» Қазақстан суретшілер және Евразия дизайнерлері одағының мүшесі Мәдір Қуандық Насихатұлы, С.Ғұмаров атындағы музейдің меңгерушісі Ермек Айдарханов, Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздіні «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, халықаралық қолөнершілер одағының мүшесі, Жалпақтал өнер мектебінің мүшесі Бейбіт Мұқанов сөз алып, архитектор, суретші, Қазақстан Журналистер және Суретшілер одағының мүшесі, жерлесіміз Сәкен Ғұмаровтың өмір жолы мен еңбектеріне тоқталып, ой пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салды.

Жалпақтал Мәдениет үйінің фойесінде мәртебелі меймандар облыстық С.Ғұмаров музейінің жылжымалы көрмесі және «Әсемдік әлеміне саяхат» атты оқушылардың туындыларын тамашалап, оқушылар арасында сурет байқауының сертификаттары табыс етілді.

Тұрарбек АҚМУРЗИН, Жалпақтал ауылы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале