16.10.2017, 14:56
Оқылды: 58

БҚО-дағы ауылға қасқыр шапты

14 қазан күні Қазталов ауданының Талдықұдық ауылына қасқыр «қонаққа келген».

Таңғы уақытта қорадағы малын далаға айдауға шыққан 8-сынып оқушысы Мəди Өтегенов түз тағысымен бетпе-бет кездесіпті.

-Таңертеңгі 7:30-дардың шамасында аға екеуміз қорадағы малды далаға айдауға шыққан едік. Бір уақытта тауықтар айқайлап, шыңғырып жатқан даусын естідім. Дереу солай қарай барсам, үлкен сұр қасқыр тұр. Алғашында ит деп ойладым. Аузы-басы қан, маған қарай шапты. Содан қаштым. Жерге еңкейіп, тас лақтырдым. Қашып бара жатқанда оң аяғымнан жабысты. Жанталасып аяғыммен басынан теуіп, қораның төбесіне мініп кеттім. Мал шығарып жүрген ауылдың үлкендерін айқайлап шақырдым. Жанболат есімді ағай келіп қасқырды атты. Оғы дұрыс тимеді ме? Бірақ қасқыр біраз жер жүрген соң сұлқ құлады-дейді Мəди.

Содан Талдықұдық ауылдық фельдшерлік пунктінде Мəдиге алғашқы көмек көрсетіліп, Жалпақтал ауруханасына жеткізіліпті. Аурухананың бас дəрігері Алмас Тоғайбайұлымен кездесіп, мəн-жайды білген едік.

-14 қазан күні Талдықұдық медициналық пунктінде хабарлама түскен. 2004 жылғы балаға қасқыр шабуылдады деген. Дереу біздің медбикеміз алғашқы көмегін көрсетіп, Жалпақтал ауруханасына жеткізді. Жалпақтал ауруханасына жеткен бойда хирург дəрігер Зинұр Сəткеш құтырмаға қарсы вакцина жасады. Жарасына алғашқы хирургиялық өңдеу жасаған. Қазіргі таңда бала хирургиялық бөлімде бақылауда жатыр. Жалпы жағдайы қанағаттанарлық. Ауырсыну белгілері жоқ. Жарасы таза. Қосымша дəрілер тағайындалып, берілуде. Облыстық бас хирургпен хабарласып, мəн-жайды айтып ескерттік. Жалпы жағдайы жақсы, бақылауда ұстайтын боламыз,-дейді бас дəрігер.

Қазіргі таңда қасқырдың миы ветзертханаға жіберілген.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ,

Жалпақтал ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале