1.06.2017, 11:21
Оқылды: 86

Бөкей ордасы тарихи-музей кешенін тамашалауға шет елден де қонақтар келеді

  Orda zertteu  Батыс Қазақстандағы Бөкей ордасы тарихи-музей кешенін тамашалауға жыл сайын 17 мыңдай адам келіп, оларға 2 мыңға жуық экскурсия жүргізіледі. Соның ішінде шетелдік азаматтар да бар. Бұл туралы музей директорының орынбасары Назымгүл Оразгелдиева мәлім етті.


   Оның айтуынша, жуырда Ресей ғылым академиясы Дала институты Урал бөлімшесінің ғылыми қызметкерлері Стасис Норейка, Роман Рухов, Вадим Петрушевпен бірге Германиядан Йена қаласындағы Фридрих Шиллер атындағы университеттің ғылыми қызметкері Томас Роде (Thomas Rohde) келіп, музей кешенінің экспозицияларын қарап, алғыстарын білдіріп кетті. Олар Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының табиғатын, қазақ халқының тарихы мен тұрмыс-салтын зерттеу мақсатында жүр екен. Сол секілді Қытайдың Гоң Джу қаласындағы «Қытай телеком» компаниясының өкілі Ни Го Щян деген азамат ризашылығын жасыра алмады. Ол музейдің тілек кітапшасына: «Бүгінгі көргенім арқылы Қытай мен Қазақстанның байланысынан тарихи сәйкестік тауып жатырмын. Қытайдың Жібек жолына ұқсастық өте көп. Қазақстан мен Қытай арасындағы достық мәңгі өшпесін, бірге өркендей берейік», - деген қолтаңба қалдырды. Бұдан басқа көптеген телеарналар мен БАҚ өкілдері, блогерлер де келіп, Бөкей ордасының тарихына қатысты материалдар алып кетіп жатады.

   Бүгінгі таңда 16 мыңға жуықтаған жәдігерлер қоры тақырып бойынша бес музейде жүйелі түрде орналастырылған. Келушілер Бөкей ордасы тарихы музейінен жергілікті тарихтан толық мағлұмат алса, қазіргі кездегі, яғни тәуелсіздікке қол жеткізгелі еліміздің табыс-жетістіктері туралы ақпаратты Тәуелсіздік музейінен табады. Сонымен қатар ХІХ ғасырдан сақталған қыздар гимназиясы ғимаратындағы «Бөкей ордасында халыққа білім беру» музейінен 1841 жылы хан Жәңгірдің бастауымен ашылған қазақ даласындағы тұңғыш орыс-қазақ мектебі, Бөкейдегі білім беру ісі жөнінде біле алады. Ал «Тұңғыш қазақ кеңестік баспаханасы» музейінде даланың тұңғыш қарлығашы, 1911-1913 жылдары жарық көрген «Қазақстан» газеті мен Ордада шыққан басқа да басылымдар, Қазақстандағы бірінші баспахана туралы баяндалады. Кешендегі ең құнды тарихи-архитектуралық ескерткіш - хан сарайы. 1826 жылдан бастап өз ордасын орнатып, көшпелі халықты отырықшылыққа бағыттаған хан Жәңгірдің үйі Қазақстанда бүгінге дейін сақталған бірден-бір хан ставкасы болып табылады. Хан ставкасын, хан сарайын тамашалауға Ресей және басқа да елдерден қонақтар әдейілеп келеді. Олар Жәңгірдің үйін қазақ жеріндегі жақсы сақталған усадьба деп айрықша таңданыс танытып, ерекше көңіл-күймен ішін аралап шығады.

     «Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына сәйкес қазіргі таңда туристерді бұрынғыдан да көбірек тарту мақсатында Бөкей ордасы тарихи-музей кешенін республикалық мемлекеттік маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне, мемлекеттік реестрге ансамбль ретінде тіркету көзделуде. Сондай-ақ музейді Батыс Қазақстан облысының «Каспий қақпасы» өңірлік мәдени-туристік  кластеріне кіретін кешенді Бөкей ордасы тарихи, мәдени-этнографиялық қорығына айналдыру, осы аумақта ұлттық этноауыл құру және үлгілі этноауыл жобасын  әзірлеу, кешен ғимараттарын қайта жаңғырту, музейлендіру, жәдігерлер жинақтау сынды жұмыстар атқарылмақшы. Өткен жылы Хан ордасы ауылына Р.Сүлейменов атындағы шығыстану институтының ғылыми қызметкерлері бастаған топ арнайы келіп, хан қорымындағы 600-дей құлпытасты зерттеп, тіркеп алды. Бұлар Ислам мәдениетінің жазба ескерткіштері қатарына енгізіледі. Қорымнан шығысқа қарай 12 шақырым жерде Сағи, Сүлеймен хазіреттердің зираты орналасқан. Алдағы уақытта осындай киелі орындарды да тарихи ескерткіштер ретінде кеңінен зерттеу ойластырылуда», - деді Н.Оразгелдиева.

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале