8.10.2018, 9:54
Оқылды: 54

Бөкейордалықтар аудан күнін тойлады (ФОТО)

Бөкей ордасында аудан күні аталып өтті. Оған облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар бастаған Жәнібек, Қазталов, Жаңақала, Зеленов аудандарының делегациясы, көршілес Ресейдің Ахтуба, Палласовка аудандары мен іргеміздегі әскери полигон өкілдері, сондай-ақ, облысымыздың орталығынан келген бөкейлік жерлестер қатысты.

 orda 90 (1)Шара Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Аудандық мәдениет үйінде Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің көрмесі назарға ұсынылып, Бөкей хандығының тарихымен музей қызметкерлері таныстырды. Кейін «Күйшілер саябағында» қонақтарға ауданымызды мекендейтін қырғыз, шешен, грек, өзбек, татар, украйн, орыс ұлттарының салт-дәстүрін паш еткен аудандық аурухана, Бөкей ордасы колледжі, педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті, М.Мәметова, М.С.Бабажанов атындағы орта мектептер, білім бөлімі, туризм орталығының ұжымдары аталған этнос өкілдерінің ұлттық тағамдарынан дәм таттырып, өнерлерін паш етті.

Көрермендер алдында аудан өнерпездары театрландырылған көріністе Бөкей сұлтан бастаған көштің бейнесін беріп, хан Жәңгірдің, ақын Махамбеттің, батыр Мәншүктің рөлін сомдап, тарихи тұлғалар туралы тақпақтар төгіліп, әндер шырқалды, би биленді.

Сахнаға облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар мен аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов көтеріліп, жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады. Аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы басшысы, доғарыстағы полковник Исатай Бекқалиевке «Ауданымыздың құрметті азаматы» куәлігі берілді. Сондай-ақ бір топ шаруа қожалығы жетекшілеріне облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысы Берік Есенғалиевтің, аудан әкімінің алғысхаттары мен сыйлықтары берілді.

Келген қонақтар атынан Жәнібек Қазталов, Зеленов, Жаңақала аудандары, РФ, Астрахан облысы, Ахтуба ауданы, Волгоград облысы, Палласовка қаласынан келген делегаттар, оралдық болып кеткен ауданның құрметті азаматтары Н.Бірманов, М.Спандияров құттықтау лебіздерін жеткізіп, тарту-таралғыларын ұсынды.

Аудандық мәдениет үйі алдында ұйымдастырылған көрме алаңында Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі  мекеме ағаш өнімдері мен тал-теректерін, «Атырау» шаруа қожалығы қымыз бен сүт өнімдерін, сайқындық жеке кәсіпкер Рустам Өтеев түрлі пішінді пластикалық терезелерін, бисендік жеке кәсіпкер Күләш Биданова нан өнімдерін жұртшылыққа ұсынды. Онда ауданның 90 жылдығына арналған тақырыптық тәттілер де орын алды. Сондай-ақ ауылдың солтүстік-шығыс бетінде ауыл шаруашылық техникалары мен асыл тұқымды малдардың көрмесі ұйымдастырылды.

Ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштерімен таныстырған аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев көрмеге қойылған «Береке» шаруа қожалығының «қазақтың ақ бас» тұқымды және бір айлық бұзауымен тұрған «Абердин ангус» тұқымды құнажыны мен бұқасын, «Рауан» шаруа қожалығының «Қазақ бактерианы» тұқымды түйесін, «М.Боранбаев» шаруа қожалығының «Жабы» тұқымды жылқысын таныстырды. Рүстем Мүлкайұлының айтуынша, ауданда асыл тұқымды малды өсірумен 21 шаруа қожалығы айналысады. Ауыл шаруашылығын механикаландыру ісі жолға қойылып, соңғы жылдары 150-ге тарта ауыл шаруашылығы техникасы сатып алыныпты. Солардың бірқатары осы көрмеге қойылған.

Мерекелік шара ауыл сыртындағы дала қызықтарымен айшықталды. Аламан бәйге десе делебесі қозатын ағайын сәйгүліктерін баптап әкелген шабандоздардың жарысын асыға күтті. Сонымен 24 шақырымды құрайтын аламан бәйгеде Бисен, Темір Масин, Орда және Сайқын ауылдық округтерінен келген 14 шабандоз арасында мықтылар анықталды. Алты айналымдық жарыста желдей жүйткіген тұлпарлардың дені қазақтың жабы тұқымынан болды. Айналым сайын екпіндей ұмтылған бисендік Жаслан Еділбаевтің (шабандоз Азат Мұратов) «Нәзік торысы» мәре сызығын бірінші болып кесті. Темірмасиндік Қанат Әбекеновтің (шабандоз Аманқос Меңдігереев) «Талисманы» екінші орын алды. Жүлделі үшінші орынды сайқындық Ермұрат Есімовтің (шабандозы Ернар Ескендіров) «Көкдауылы» қанжығасына байлады. Айта кетелік, жүлдегерлердің әрқайсына 300, 200, 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Дала ойындарының көрігі одан әрмен боз кілем үстінде айқасқан балуандардың белдесумен жалғасты. «Өгіз палуан» және «Түйе палуан» номинациялары бойынша белдесуге он төрт палуан ниет білдірді. Нәтижесінде жауыры жер иіскемеген Баймырза Меңдешов екі аталым бойынша да жеңімпаз атанды. «Өгіз палуан» аталымы бойынша екінші, үшінші орындарды Нұралы Әбдікәрімов пен Асылхан Шапихов өзара бөлісті. «Түйе палуан» аталымы бойынша Серік Самодиянов екінші, Райымбек Нұрғалиев үшінші орынға табан тіреді. Салмағы сексен келі тартатын қойды көтеруден бәсекеге түскен жігіттердің арасында Қуанғали Жанқуатұлы (31 мәрте) бәрінен басым түсті және гір тасы спорты бойынша да ешкіге дес бермеді. Қалған жүлделі орындарды Аслан Бижанов пен Серік Самодиянов бөлісті.

Каримолла ҒАЙСИН,

Раушан БАҚЫТОВА,

Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

orda 90 (4) orda 90 (5) orda 90 (6) orda1 (2) orda1 (4) orda1 (5) orda1 (6) orda1 (7) orda1 (8) orda1 (9) orda1 (11) orda1 (12) orda1 (13) orda1 (14) orda1 (15) orda1 (16) orda1 (17) orda1 (18) orda1 (20)

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале