21.09.2018, 11:30
Оқылды: 70

Бөрліліктер Жолбарыс батырдың ұрпағымен кездесті

Бөрлі ауданында құрылған «Ағайын» қоғамдық бірлестігі БҚО-мен қоса шекаралас Ресей Федерациясына да танымал. Жуырда ағайындықтардың ұйымдастыруымен Бөрлі колледжінде бас қосу өткізіп, оған жастар мен оқытушылар, тарихшылар, қоғам белсенділері қатысты.

Жолбарыс батыр туралы

         Бірлестік төрағасы, іскерлік әкімшілік қызметінің докторы Болат Сарсенов ауданда жақында ашылған «Ұрпақтар» қоғамдық қоры туралы айтып берді. Кездесуде туған жер, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дәріптеу төңірегінде әңгіме өрбіді. Қор директоры, мәдениет саласының құрметті қызметкері, өңірімізде белгілі қоғам белсендісі Балкүміс Батырханова отбасылық тарихи жәдігер сауыт туралы әңгімесін баяндап берді.

         Ата-бабаның көзіндей болған сол темір сауыт Батырхановтар әулетіне үлкен тарихи зерттеу жұмыстарын бастауға түрткі болды. Жолбарыс батыр есімін көпшілікке насихаттауға жол ашты. Балкүміс Жолдығалиқызы Санкт–Петербор қаласындағы музей қорына, Орынбор, Астана мен Алматы шаһарларының ғылыми орталықтарына барып, тарихи құжаттармен танысты. Зерттеу жұмыстары барысында мәлім болғаны: табын руынан тараған Жолбарыс батыр Торыұлы Қазақстанның батысында, қазіргі Бөрлі өлкесін он сегізінші ғасырда мекен еткен атақты батыр. Адал қызметі үшін орыс патшасының сый-сияпатын көрген старшын. Жерленген орны «Түйеш қорымы» атауымен белгілі (Кеңтүбек ауылының төңірегі). Даңқты жерлес бабамыз жайындағы деректер республикалық «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» басылымында жарыққа шыққан. Батырдың ұрпағы Жолдығали Батырхановтың өзі құрастырған сәулет кешенінің жобасы келешекте Бөрлі ауданының көрікті нысандарының бірі атанатын ескерткіш болмақ.

Нұргүл ҚУАТОВА,

Бөрлі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале