10.07.2020, 10:48
Оқылды: 448

«Дәрігерлер 24 сағат қызметте жүр!»

Жаңақала ауданындағы қазіргі ахуал күннен-күнге нашарлап, коронавирус дертіне шалдыққандардың саны да күн өткен сайын артып барады. Қалаға емделуге кеткендердің дені табытпен оралып жатыр. Халықта үміттен гөрі үрей басым. Осы орайда аудандық аурухананың басшысы Сержан Серікұлымен әңгімелесіп, біраз жайтқа қанық болдық. Оқырман назарына сұхбатты беруді жөн көрдік.
C759558A-7F99-46C3-8C85-174BFFF4E327

- Қазіргі таңда аудан көлемінде қанша адамнан коронавирус анықталып отыр?

- Аудан көлемінде - 82 адамнан оң нәтиже шығып, аты жаман вирус анықталып отыр. Денсаулық сақтау ұйымының бұйрығымен 30 орын аштық. Ауданаралық сауықтыру орталығында 34 адам жатыр. Сауығып шыққан жандардың жалпы саны – 52.

- Бетперде, антисептик, антибиотик дәрілер жеткілікті ме?

- Барлығы жеткілікті. Осы орайда әкімшілікке де алғыс білдіремін. Аппараттан, бетпердеден көмектесеміз деп отыр. Бастап көмектесіп те жатыр. Басқа аудандармен да байланыстамыз. Біздің ауданның әкімшілігі көмекті алғаш боп көрсетіп жатқандардың қатарында деп айта аламын. Қазіргі адамдардың барлығына кислород керек қой. Ауданның қайырымды азаматтары бірігіп, кислород алып берді. Дәл бүгінгі күні 32 кислород баллонын алып берді. Тағы да алып беретіндіктерін айтты. Бұл біз үшін үлкен көмек.

- Аурудың алдын алу үшін тұрғындар нені ескеруі керек?

- Қазіргі кезде тұрғындар өз-өздерін барынша оқшаулау керек. Соның өзі біз үшін көмек. Үйде болып, көшеге шықпай, адам шоғырланатын жерлерге бармай, барынша карантин талаптарын сақтауы тиіс. Садақа, той дегендердің бәрін уақытша тоқтату қажет. Аурудың белгілері пайда болғанда өткізіп алмай тұрып, дәрігерге көрінулері керек.

- Ауданаралық сауықтыру орталығын емдеу үшін қолданады деген ақпарат шықты? Бұл аурудың алдын алады ма? Аудандағы ахуалды одан сайын ушықтырып жібермейді ме?

- Бұл жерде ем-дом шараларымен айналысамыз. Бұл алдын алмаса, ушықтырмайды. Барлық аудандарда ашылып жатыр. Ол жерде науқастар дәрігерлердің бақылауында болады. Күмәнданып келген адамдар жатқызылып, олардан сынамалар алынады. Қалаға сынамалары жіберіліп, нәтижесіне байланысты емдік шаралар тағайындайтын боламыз.

- Аудан бойынша сауығып шыққан адамдар бар ма?

- Бар. Пайызбен айтсақ, 20 пайыздай адам емделіп шықты. Жеңіл түрімен ауырғандардың барлығы дерлік жазылып шықты. Орал қаласындағы ауруханалардан емделіп келіп жатқандар бар.

- Коронавирустың белгілері қандай? Пневмонияның асқынған түрі ме?

- Бұл вирустың белгілері өте көп. Басты белгілерінің бірі – дене қызуының бірден қатты көтерілуі. 39, 40 градусқа дейін баруы. Уақытша түсіп, қайтадан көтерілуі. Дәм мен иіс сезбей қалу. Құрғақ жөтел. Әлсіздік, тершеңдік пайда болу. Осындай белгілер пайда болғанда бірден хабарласып, дәрігерге көріну керек. Қазақ «ауруын жасырған өледі» деп тегін айтпаған. Аурудың белгілері пайда болғанда ешкімге айтпай, үйден тығылып өздері ем жасаған адамдардың алды арғы дүниеге аттанды. Сол себепті тұрғындардан ауруды ешқашан жасырмауларын сұраймын. Індет жұқса, 60 жастан асқан адамдарға ауыр тиеді. Себебі жасы келген сайын адам бойында иммунитет әлсіз боп келеді.

- Аудан көлемінде бүгінгі күнмен есептегенде коронавирустан қанша адам қаза тапты?

- Пневмониядан қайтыс болғандар 7 адамға жетті.

Мобильді бригадалар қызу жұмыс жасауда. Дәрігерлер тәулігіне 24 сағат тапжылмай қызмет етуде. Аурухана басында фильтр жұмыс жасап тұр. Дене қызуымен келген науқастар да кідіріссіз қаралады. Қажет болған жағдайда рентгенге түсіріледі.

- Күдіктеніп келген адам сынама тапсыру үшін ақша төлеуі керек пе? Әлде тегін тексеріле алады ма?

- Дәрігер ең бірінші ол адамды қарайды. Шын мәнінде бар ма, жоқ па белгілері? Егер бар болса мұрыннан, ауыз қуысынан мазок алынады. Біз оны Оралдағы көпбейінді ауруханаға жібереміз. Сол жақтан екі-үш күнде қорытынды келеді. Оң немесе теріс деп хабарлап айтамыз. Шағымдары болса ауруханаға жатқызамыз, егер белгілері болмай әрі шағымдары жоқ болса, үйінен емделеді. Қасындағы адамдарды да оқшаулаймыз.

- Қазақ халқы халық еміне көп сенетін халық. «Қойдың құйрығы ем екен» немесе «лимон коронавирусқа жақсы дәрі екен» деп ауруды өткізіп алып жатқан адамдарға не істеп жатсыздар?

- Ондай адамдарға дер кезінде ақпараттандыру арқылы түсінік жұмыстары жүргізудеміз. Фейсбук, инстаграмм желілері арқылы күн сайын ақпараттар шығарып отырамыз. Учаскелік мейірбикелер де күнделікті үй-үйлерді аралағанда түсінідіру жұмыстарын айтып отырады. Келген науқасқа дәрігерлер керекті ақпараттарды түсіндірді.

- Әлеуметтік желілерде дәрінің тапшылығын аудан халқы айтуда. Сол жағы қалай шешіліп жатыр?

- Антибиотик дәрілерді іште жатқан науқастарға беріп жатырмыз. Ол жағынан тапшылық болып жатқан жоқ. Ал дәріханаларда дәрі тапшылығы орын алып жатқаны рас. Дәріханалар бізге бағынбайды. Келген науқастың бәріне дәрі бере алмаймыз. Қарап, анықтап барып береміз. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгін 114 млрд. теңге көлеміндегі қаржы осы коронавируспен күресу үшін бөлініпті. Алдағы уақытта дәрінің тапшылығы болмайды деген үміттеміз.

- Індет жұқтырғандар саны артса, ауруханамызда орын болмай қалу қаупі жоқ па?

- Біздің ауданның бір жақсысы сауықтыру орталығы бар. Бұл орталық 100 адамды бір мезгілде қабылдай алады. Басқа аудандарға қарағанда ұтымды жері осы дер едім. Басқа аудандар аурухана ішінен ашып жатыр. Біз бұл орындардың барлығына адам жатқызудан аулақпыз. Шама келсе оған жеткізбеуге тырысамыз. Құдай бетін әрі қылсын, бірақ науқас көбейсе осы орынның өзі біразға жеткілікті деуге болады.

- Бастапқы кезде, халық сенген жоқ бұл вирустың бар екендігіне? Қазіргі таңдағы ахуал қалай? Өздері келіп тексеріліп жатыр ма?

- Көктемде карантин режимі басталғанда расы керек халық сенген жоқ. «Ойдан шығарып жатыр», «ақша жасап жатыр» деген сынды алыпқашпа әңгімелердің біразын айтты. Қазір адамдар түсіне бастады. Өлім-жітім көбейді, анализдер анықтады, өздерінің туған-туыстары ауырып жатыр. Осының бәрі сенуге алып келді. Бастапқы кезде шақыртулар аз болса, қазір екі-үш есе көбейді. Бұрындары 5-7 шақыртулар болса, қазір бір күнде 40-тан астам шақыртулар болады. Халықтан сұрайтынымыз бетперде тағып, өз-өздерін оқшауласа, той-топыр, садақа дегендерге баруды доғарса жақсы болар еді.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Жанайдар Болатбекұлы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале