5.12.2019, 15:25
Оқылды: 61

Дмитрий Семилиди: «Мақсатымыз – айқын, жоспарымыз – салмақты» 

Бөкейлік спорт баһадүрлерін баптап, талапты жасөспірімдердің тұсауын кесетін мекеменің бір күнгі тірлігіне куә болып, тарихына қанықтық, бүгінгі тынысын таныдық.

orda JURNALIST (3)

Аталмыш мектептің қалыптасу тарихы өткен ғасырдан басталған екен. Отыз бес жылдан бері мектепке басшылық етіп келе жатқан Дмитрий Семилиди мектеп тарихын тереңнен тарқатты.

Спорт мектебініңтарихы 1985 жылдың 23 тамызынан басталады. Сол жылдың қараша айынан бастап мен осы мектепке басшылық қызмет атқарып келемін. Жалпы спорт мектебі құрылған кезеңінде атынан басқа ештене болмады. Ол кезде жаттықтыру жұмыстарын М.Мәметова атындағы мектептің спорт залында өткізетін едік. Жаттығу таңғы 6:00-ден 8:30-ға дейін өтетін. Сол қиыншылықтарға қарамастан спортқа ден қойған жасөспірімдер саны да аз болмады. Осылайша екі жылдай жұмыс жасап, 1987 жылы қарауымызға мәдениет үйінің ескі ғимараты берілді. Ғимараттың ішіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Жалпы көлемі 20x8 метр құрайтын акт залын спорт залы ету үшін 1,5 метр жер төменнен қазылып, спорт талаптарына сай зал пайда болды. Көптеген жұмыстар оқушылар күшімен жасалды.

Сол кездерде доп ойындарымен қатар шайба мен хоккей де өте жақсы дамыды. Қыстың күні ауылдың шетінен мұзайдын үшін орын іздейтін едік. Тапсақ болды, барлық спорт құралымызды, хоккей қақпасын арқалап сонда барамыз. Кеш батқанына қарамастан ай жарығымен жаттыққан кездер де болды. Әрине, сүйсініп істеген іс ерте ме, кеш пе өз жемісін береді. Біздің ісіміз жемісін 1988 жылы берді. Аудан командасы облыс чемпионы атанып,республикалық деңгейдегі «Золотая шайба» жарысына жолдама алды. Әрине, «Золотая шайба» жарысында алтын медаль түгілі жүлделі орынғада ие бола алмадық. Дегенмен, бұл біз үшін керемет жетістік еді.Хоккеймен шектелмей, шағын футболдан да жетістіктеріміз мол болды. БЖСМ оқушылары 1986-1992 жылдар аралығында облыстық чемпионаттарға қатысып, жүлделі орындардан көрінді,-деп алыс қалған күндерге шолу жасады директор.

– Әрине,тоқыраудың қиын кезеңі спорт мектебін сырт айналып өтпеді. Ең қиын тигені 1993-1995 жылдар аралығы. Әлі есімде 11айлап жалақы алмаған кездер болды. Спорттық инвентарь нашар күйде, сапасыз, Қытайда жасалған футбол және волейбол доптары. Сол доп түскедейін жаттығу кестесіне шыдап шықса рақмет айтып, ал болмаса түскі үзіліс кезінде тігіп, жөндеп, түстен кейінгі жаттығуға қайтадан алып келетін едік.Сондай жоқшылық кезде аудан әкімінен ұсыныс түсті. «Дмитрий, спорт мектебін жабайық. Қаласаң кәсіпкерлікпен айналыс, осылай жүре бересің бе? Бірақ,спорт мектебі жабылса, қайтаданн ашуға мүмкіндік енді болмайды» - деді Лавр Хайретдинов. Әрине, кәсіпкер болып кетуге болатын еді. Дегенмен спортқа деген сүйіспеншілік басым түсті. Сол кезде жанымда болған жаттықтырушылар: Мұзаффар Таңатов, Алмабек Жанғалиев, Жасұлан Хайрушев, Дүйсен Тыналиев секілді азаматтарға айтар алғысым ерекше,-дейді мектеп басшысы.

orda JURNALIST (4)

Енді спорт мектебінің бүгінгі тынысы мен алдағы жоспарын да әңгімеге арқау қылсақ. Қазіргі уақытта мектептің материалдық-техниикалық жағдайы жақсы деп айтсақ болады. Тек осы жылы жергілікті бюджеттен аударылған 61 млн. 622 мың теңге толық игеріліпті.

–Аудан бойынша ұлттық спорт түрлері жақсы дамуда. Тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі үйірмелері бар. Бұған жақында қолға алынған бадминтон үйірмесін қосыңыз. Жоспарларымызда салмақты. Алдағы жылдан бастап ескі БЖСМ ғимараты мен оған қарасты аумақты кәдеге жаратып, ұлттық ат спорты түрлерінен үйірме ашпақ ойымыз бар. Бұл мәселе аудан әкімі Нұрлан Рахымжановпен талқыланып, оң шешімін тауып отыр.Ұлттық спорт алға бассада, доп ойындарының көрсеткіші өте төмен.Бұл мәселе деешкімге жасырын емес. Доп ойындарынан неге осалмыз?  Біріншіден, ол ойын залының жоқтығынан. Қазіргі кезде баскетбол үйірмесін мүлдем жауып тастасақ, волейбол спорт түрінен жаттығулар М-С.Бабажанов атындағы мектептің залында өтеді. Екінші мәселе - мектеп дене шынықтыру мұғалімдерінің өз оқушыларын қызғануы. Бұл мен үшін ақылға сыймайтын нәрсе. Дегенмен, мұғалімдер тарапынан оқушыларының БЖСМ шәкірті болуына қарсылық білдіруі жиі орын алып жатады, - дейді Дмитрий Семилиди.

Тек мектеп директорының әңгімесімен шектелмей, жасөспірімдерімізді қазақша күреске баулып жүрген бапкеріміз Тұйғынбек Жұмағазиевтіде әңгімеге тарттық. Қазіргі жастар мен жасөспірімдердің спортқа деген көзқарасын, бапкер жұмысының қиындықтарын білмек болдық.

Қазіргі жастардың спортқа деген көзқарасы жақсы-ау. Тек талпынысымыз бен мүмкіндігіміз бір жерден шықпай жатады. Мысалы, қазақ күресімен айналысам дегендердің саны жеткілікті. Дегенмен, жастардың физикалық жағдайлары және моральдық күш-жігерлері әлсіз. Қазіргі жасөспірімдерді өзімізбен салыстырып қараймын, бәріміз де спортқа келгенде осы жаста болдық. Біздің кезімізде бапкерлеріміздің тәртібі темірдей еді. Маңдайымыздан сипап, еркелетіп отырмайтын. Ал, қазіргі оқушыларға дауыс көтермек түгілі, аларып қарай алмайсың. Бұған басты себеп, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жұмсақтығы және өз балаларын ауыр жұмысқа салмауынан деген ойдамын. Сөздің ашығына келгенде қазіргі жастар телефоннан ауыр нәрсе көтермей, «жаным, күнімнен» басқа сөз естімейді. Сондықтан балаларымыз моральдық тұрғыдан осал, ата-анамыз кінәмшіл боп, тәртіп, спорттық жүктеме дегенге екінің бірі көне алмай жатады. Бапкер болудың қиындығы бөлек әңгіме. Бес саусақ бірдей емес. Әр оқушының икеміне және физикалық, моральдық жағдайына қарай әдіс жасаймыз. Біреуімен қатал болсаң, біреуін алдап-сулап, мақтап қою керек. Әр балаға мотивациялық тұрғыда көмек жасауда қиын. Дегенмен,күш-қуаты кемшін жасөспірімдермен бөлек жаттығу жасап, ал ерік-күші осалдау балалармен жылы сөйлесіп, жақсы сөздермен демеп, спортқа деген сүйіспеншіліктерін тудыруға тырысамыз. Бір сөзбен айтқанда, бапкерлік жұмыстың ең қиындығы – әр баланың ішкі әлемінің кілтін іздеп табу, -дейді бапкер Тұйғынбек.

Тап осы қазақ күресі – спорт мектебінің жүлде қоржынын толықтырып отырған спорт түрі. Қазақ күресін жанына серік қылғанын мақтанышпен айтатын жасөспірімдеріміз баршылық екен. Соның бірі –  сайқындық Әділет Бұрхан.

–Қазақ күресін тандаған өзім. Жалпы спортпен айналысу өз шешімім болсада ата-анам қарсылық білдірмеді. Спортпен айналысқаныма бес жылдан асты. Осы бес жылдың ішінде аудан көлемінде бірнеше жетістіктерге жеттім. Бірақ салмақтысы Ресей және осы жуырда облыстық турнирде алған бас жүлдем деп ойлаймын.Аудандағы өзім қатарлы палуандардың әдістерін жатқа білесің, танымайтын палуанмен кездескен жаңа сабақ болып келеді. Сондықтан өзге елде немесе облыстық көлемде өткен жарыстарды маңызды деп ойлаймын. Болашақта спорт шеберіне үміткер атағын қорғауым керек. Сөздің ашығына келгенде, таза қазақ күресімен айналысып, тек спортқа өмірімді арнаймын деп айта алмаймын. Өзім үшін, өз денсаулығым үшін әлі де жаттыға беремін, - дейді Әділет.

БЖСМ әдіскері және гір көтеру спортынан бапкер Қуанғай Жанқуатұлы да өз ойымен бөлісті.

–Сырт көзге жұмысымыз оңай көрінер, дегенмен, баламен жұмыстың өз қиындығы бар. Бастысы, ниет білдіріп, өзі келіп тұрған балаға тек бағыт көрсету ғана деп ойлайсың. Бұрын мен де солай ойлаған едім, ұстаздықтың қиындығына енді көзім жетіп жатыр. Спорт мектебінің жетістігі тек бапкердің жұмысына ғана қатысты емес. Оның бергі жағында қыруар мәселе бар. Мысалы, жаттығу жұмыстары жүйелі жүргізіледі, шәкіртіңнің әзірлігі ойдағыдай. Бірақ жарысқа қатысу үшін ол жеткіліксіз. Кей уақытта қалаға жетудің өзі қиындық тудырады. Көлік жоқ. Таксиге қаражат қарастырылмаған. Мұндайда ата-аналарымыз түсіністік танытып, демеушілік жасап жатады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, шәкірттеріміздің ата-аналарына рақмет айтқым келеді. Жарысқа бару әр спортшыға серпін береді. Ынтасын оятады. Бүгін орын алмаса да, келесі жолы жаттығуын ширатып, дайындығын шыңдайды. Жарыстарға жиі шығып тұрғанның бір жақсысы сол. Мысалы, осы жақында шағын футболдан БЖСМ оқушыларының ортасында сайыс өтті. Жасөспірімдер қуанғандары соншалықты сыныптастарына айтып барған көрінеді. Сол жарыстарға бардық деген әңгімені естіген соңоншақты бала келіп, футбол үйірмесіне жазылып кетті. Баланың спортқа деген қызығушылығы сайыста пайда болады деген ойдамын- деді әдіскер Қуанғай.

Спорттың қандай түрі болмасын, тәрбиеленушінің дене бітімі, денсаулығы, күш-жігерінің мүмкіндігі емес, рухани мүмкіндігі, ерік-күшінің мүмкіндігі бірінші орында екені белгілі. Осы тұрғыда жаттығудың нәтижелі болуы тек бапкерге ғана емес, психологқа да тікелей байланысты. Бұл көзі ашық баршаға аян аксиома. Осы тұрғыда спорт мектебінің психологімен де танысып, сөзге тартып көрдік.

–Жалпы спорт мектебінде 25 жыл жұмыс жасасам, соның соңғы бес жылында психолог қызметін атқарып келемін. Сол бес жылдың ішінде көптеген жағдаймен бетпе-бет келдім. Әрине, этикалық тұрғыдан себептері мен есімдерін ашық айта алмаймын. Тәрбиеленушілермен қарым-қатынастағы қиындықтар көбіне қиын отбасыларынан немесе аз қамтылған, не толық емес отбасыларында өскен жасөспірімдерге қатысты орын алып жатады. Спорт мектебінің 444 тәрбиеленушісі болса, соның 173-і осы санаттағы отбасыдан шыққан. Мұндай балалармен жеке жұмыс жүргізіледі. Сауалнама толтырылып, «үйдегі тәрбие қалай, отбасында зорлық-зомбылық, қысымшылыққа ұшырап отыр ма?» деген сауалдарға жауап алынып, тиісті жағдайда сауалнама жауаптары прокуратураға да жолданады. Әрине, тек қиын отбасынан шыққан жасөспірім ғана емес, әр бала психика жағынан нәзік.Нақты көмектесе алдым, көмегім тиді деп бір оқушымызды айтуға болады. Қазіргі кезде облыстық спорт интернатында оқып жатыр. Отбасылық жағдай бойынша маған жүгініп, «бұл өмірде өзімді керек емеспіндеп ойлаймын» деп алдыма жылап келді. Қай баланың да бұлай айтуы, тіпті ойлауы дұрыс емес. Зерттей келе, әке-шешесінің айқайынан бала солай ойлап бастаған екен. Баламен тиісті жұмыстар жүргізіліп, шара қабылданды, қазіргі кезде керемет оқып жүр. Мінездің қиындығы ғана емес, еркелік те мәселе.  Мысалы «маған мына бапкер ұнамайды» немесе «басқа топқа ауысқым келеді» деп шағым айтып жатады. Әрине, бірден баланың сұранысымен келіссе салмай, не себептен осындай шешімге келгенін анықтауым қажет емес пе? Көптеген жағдайға баланың еркелігі себеп болып жатады,-дейді психолог.

Мектеп психологінен «тілді білмеуіңіз жұмысыңызға кедергі келтірмей ме?» деп сұрадық.

-Әрине, тілді жете білмеймін. Түсінемін. Қиындығы бар, мойындаймын. Сол кезде жолдасым Дмитрий Фиофиловичтың көмегіне жүгінемін. Неге десең өзге адамға жолыққан баланың мәселесін ашық айта алмаймын,-деді Наталья Семилиди.

Жалпы, аудан көлемінде БЖСМ жаттығушыларының саны 444 жасөспірім болса, соның 130-ы аудан орталығынан екен. Қазіргі күнде футбол, волейбол, самбо, қазақ күресі, бадминтон және гір көтеру спорт түрлерінен үйірмелер аудан орталығының жасөспірімдеріне қызмет көрсетеді. Штаттық тұрғыда үш бапкер жұмыс істесе, қосалқы тұрғыда үш жаттықтырушы спорт мектебінде қызмет етеді екен.

Ғимараты ғана жаңарып, жасанып қоймай, алдағы күнге ұлттық құндылықты дәріптейтін жоспар құрған спорт мектебінің жетістігі жалғасты болуын тіледік.

Еркебұлан Бисенғалиев

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале