12.12.2019, 19:52
Оқылды: 339

Естілмей қалған жанайқай немесе балалар суициді неге көбейді?

Қарашаның қара суығымен бірге келіп жеткен қаралы хабарлар легі толастар емес. Тағы да аудан мектебі қара жамылды. Өрімдей жас өмірімен ерте қоштасты. Жаңақала ауданының Жаңақазанынан жеткен суық хабар Жаңажолды да айналып өтпеді. Ата-анасы болашағынан зор үміт күтіп, білім ордасы арман сапарына үкілеп аттандырғалы отырған жоғары сынып оқушыларының өз-өзін өлімге қиюына не бебеп? Әр суицид – естілмей қалған жанайқайы екенін ұғынып жүрміз бе? Аудан мектептері арасында мектеп оқушыларының суицид фактісі Айдархан мектебінде азаяр емес. Олай дейтін себебіміз Жаңажол ауылында  2015 жылы 8-сынып оқушысы өз-өзіне қол салса, 2016 жылы бұл оқиға тағы да көрініс тауып, биылда қайталанып отыр. Сонда бір мектептен үш бірдей мектеп жасындағы жасөспірімнің суицидке баруының себебі неде? Бұл мәселеге байланысты білім ордасының басшылығы не дейді? Бұдан шығар жол барма? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

inx960x640-1

Мектебімізде суицид оқиғасының араға жылдар салып қайталанып отырғаны рас. Мұндай оқиғалардың жиілеуі біз үшін өкінішті. Ең алғаш жантүршігерлік жайт ауылымызда 2015 жылы тіркелген болатын. Дәлірек айтсам, мектеп жатақханасында 8-сынып оқушысы өз-өзіне қол жұмсап, қаза болды.Араға жыл салып тағы да мектептің 8-сыныбының оқушысы жазғы уақытта қой бағып жүріп,желім (таксокомания) иіскейді. Денсаулыққа зиян химиялық препаратты тұтынған оқушы көп ұзамай өзін-өзі өлімге қияды. Ал биылғы желтоқсанның екісі  күні  өз-өзіне қол салған жасөспірімжөнінде айтар болсам, толыққанды отбасында тәрбиеленген, оқу үлгерімі екпінді, мектептегі шараларда өзін үнемі жақсы қырынан көрсетіп жүрген оқушылардың бірі болатын. Білім ұясындағы қоғамдық шаралардан да қалыс қалмай, ұстаздарымен де,сыныптастарымен де жақсы қарым-қатынаста жүретін белсенді оқушы еді. 27 қараша күні кәсіби бағдар бойынша мамандық таңдауға байланысты жоғары сынып оқушылары арасында жиын өткен болатын. Осы жиын барысында да белсенділік танытып, өзі физика-математика бағытында оқитындықтан, болашақта инженер  маманы болғысы келетінін айтқан-ды. Алайда араға 4-5 күн уақыт салып, 2 желтоқсан күні суық хабар алып отырмыз. Баланың өз-өзіне қол салуына нендей жағдай себеп болғанын түсіне алар емеспіз. Айдыңкүні аманында төбемізден жай түскендей күй кешіп отырмыз. Жоғарыда атап өткенімдей баланың жанұясында да, оқуда да ешқандай мәселе болған емес. Осындай жантүршігерлік жайттардың қайталанбауы үшін мектебімізде жыл сайын оқушылармен дөңгелек үстелдер, семинарлар, коучингтер өткізудеміз. Биылда осы бағытта жұмыстанған болатынбыз. Бірақ та барлық суицид фактісі жұмбақ күйінде қалуда. Күні кешегі болған істің де ақ-қарасын ажырата алар емеспіз. Қазір бұл іспен ішкі істер бөлімдері айналысуда, – дейді Айдархан ЖОББМ директоры Жанаргүл Қабашева.

Өз-өзіне қол жұмсау – ауыр күнә. Бұл қазірде адамзат қоғамында кең тараған сорақы құбылыс. Өзін-өзі өлімге қиюды асыл дінімізде ауыр күнәға жатқызады. Өйткені өзін-өзі өлтіру шариғатта Жаратқанның жазмышына қарсы шыққанмен тең екен. Осындай ауыр күнә, орны толмас қайғылы оқиға Айдархан мектебімен ғана шектелмей отыр. Жасөспірімдердің жұмбақ өлімі өткен айдың қарашасында Жаңақазан ауылының М.Жүнісов атындағы мектебінде де тіркелген еді. Ол кезде де  мектеп оқушысының суицид жасағаны жөніндегі ақпар аудан көлемінде тез тарап, шағын ғана ауыл жұртшылығының үрейін ұшырғандығы көбіміздің есімізден әлі шыға қойған жоқ.Осы мәселеге байланысты М.Жүнісов жалпы орта білім беретін мектебінің басшылығы:

Мектебіміздің 11-сынып оқушысының өз-өзіне қол жұмсау дерегі қараша айының 12 күні орын алған болатын. Жасөспірім көпбалалы жанұяда тәрбиеленген, мектептегі үлгілі оқушылардың бірі еді. Жоғары сынып оқушыларымен кездесу барысында келешекте дәрігер болғысы келетінін жиі айтып жүретін. Бұл баланың өзін-өзі суицид жасауға не итермелегенін түсіне алар емеспіз. Оқиға орын алған сәттен бастап мектепте тергеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ нәтижесінде мектебімізде оқушылар арасындағы әлімжеттік, сыныптастармен немесе достар арасындағы кикілжің, басқа да білім ордасы тарапынан оқушыны суицид жасауға итермелейтін ешқандай деректер тіркелген жоқ. Алдағы уақытта мұндай жағдай орын алмас үшін оқушылармен тығыз қарым-қатынаста жұмыстанудамыз. Ауданның психолог мамандары арнайы келіп, оқушыларға суицидтің алдын алу жөнінде баяндама оқыса, мектеп басшылығы ата-аналармен кездесулер өткізудеміз, – деді М.Жүнісов ЖОББМ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лунара Жұмағалиева.

Араға аз-кем уақыт салып, көрініс табатын мектеп оқушыларының жұмбақ өлімдері елді елең етпей қоймады.Бір мектепте  айналасы 4-5 жылдың ішінде бір емес, 3 бірдей өрімдей жастың ажал құшуы, сонымен қоса Жаңақазандағы жаншошырлықжағдай көпшілікті толғандырды. Осы ретте оқушылар арасындағы суицид фактісінің статистика бойынша жиілеуі жөнінде аудандық білім беру бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек:

12 қараша күні М.Жүнісов мектебінде бірінші суицид оқиғасы тіркелген соң 27 қарашада жасөспірімдер арасында «Позитивті көңіл күй қалыптастыру» тақырыбында мектептердің педагог-психологтарына арналған аудандық семинар-практикум өткізілді. Ал 2 желтоқсан күні суицид орын алған соңЖаңажол ауылындағы Айдархан ЖОББМ профилактикалық көмек көрсету, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы аталмыш білім ұясында ата-аналармен жұмыс жүйелі құрылған. Оған дәлел аудан мектептері арасында жыл сайын өтетін «Алтын ұя» байқаулары, «Жасұлан ұйымының» оқушылар сайысы оздырылып, мектептің тәрбие саласы да аудан мектептері арасында көш бастап тұрғаны анық көрсетеді. Бірақ соған қарамастан Айдархан ЖОББМ жыл аралап 3 бірдей суицид фактісі орын алды. Оқиғағабайланысты тексеріс жүргізілгенімен, әлі ешкім нақты себебін анықтай алған жоқ. Мен аталмыш оқиға орын алған соң Жаңажол ауылына арнайы барып, жасөспірімнің ата-анасына көңіл айттым. Айдархан ЖОББ мектебінде, мектеп басшылығына оқушылармен тығыз жұмыстануды тапсырдым. Жаңақазан ауылындағы оқиғаға байланысты М.Жүнісов мектебіне бара алмадым, алайда аудандық білім беру бөлімінің әдіскерлері Әсемгүл Қадыржанқызы менЕрнар Аюпов арнайы барып, мектеп ұстаздары және оқушыларымен жұмыстанып келді.Ендігі уақытта жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау дерегі орын алмау үшін мектеп психологтары мен әлеуметтік мамандарға мектеп оқушыларымен, ата-аналармен әлеуметтік қолдау шараларын ұйымдастыруды тапсырған болатынмын. Қазіргі уақытта суицид оқиғалары бойынша арнайы ішкі істер органдары тергеу жүргізуде, – дейді биыл ғана білім беру бөлімінің басшылығына тағайындалған Руслан Қонысбайұлы.

Суицид – адам әрекетінің салдары. Бәлкім, біз салдарды емес, соның себебініздеп көргеніміз жөн болар. Дәрігерлер мен психолог мамандар суицидті көп жағдайда адамның психологиялық ауытқуымен, әлеуметтік-отбасылық қиындықтармен және тағы басқа себептермен түсіндіреді. Десек те,оқуда озат, қоғамда беделді жасөспірімдердің өздерін мұндай жағдайға апаруына не себеп болғанын ешкімде дөп басып айта алар емес. Бір білеріміз, әлеуметтік сала мамандарының айтуынша,ауданымызда өз-өзіне қол жұмсаған жандардың саны артқан.

Аудан мектептерінде суицид деректері орын алған соң, психиатр-нарколог Асқар Досалиев екеуміз арнайы оқиға орындарына бардық. Мектеп оқушыларымен, ата-аналармен жүздесіп, келесіде қайғылы оқиғаныңқайталанбауы үшін кездесулер өткізіп, жоспарлы түрде жұмыстандық. Айдархан ЖОББ мектебінің оқушысы өз-өзіне қол жұмсамастан 1 күн бұрын сағат 16:10-да өзінің ұялы телефонында «Қош болыңдар» деп жазған. Алайда араға аз-кем уақыт салып жазылған сөзді ұялы телефонынан өшірген. Достары өзінен мұның мәнісін сұрағанымен, нақты жауап ала алмаған. Міне, осынау түсініксіз жайттан соң келесі күнітаңғы сағат 9:30 шамасында оқушы өз ауласында өз-өзіне қол жұмсаған. Сол себепті жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсауына ұялы телефонның де зияны барма деген ойда қаламыз. Жасөспірімдер арасындағы жұмбақ өлімдердің жыл сайын ауданымызда жиілеуін статистиканың өзі дәлелдейді. Деректерге сүйенсек, 2015 жылы – 1, 2016 – 2, 2017 жылы – 1, 2018 – 1, биылдың өзінде – 2 мектеп жасындағы жасөспірім суицид жасаған. Жалпы аудан тұрғындары арасындағы өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша статистиканың соңғы үш жылдық мәліметін тексерсек 2017 – 1, 2018 – 1, 2019 – 10 адам өз-өзіне қол жұмсап, биылғы жылы бұл сан күрт көтеріліп, аудандағы суицид көрсеткішінің артқанын көрсетеді. Десекте, жұмбақ өлімдердің көп жерде жұмбақ күйінде қалып жатқаны көпшіліктің көңілін көншітер емес. Біздің аурухана мамандары бұл оқиғалардың алдын алуда мектептермен бірлесе жұмыстануда, –дейді аудандық аурухананың психологі Анаргүл Ишанова.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініжоғарыда атап өткеніміздей, жасөспірімдер арасындағы суицид деректері жыл санап көбейіп келеді. Ал жасөспірімдердің жұмбақ өлімдерінің шешімі  әлі табылар емес. Жыл сайын көрсеткіші көбеймесе азаймайтын жасөспірімдердің суицид жасауының себебі не? Ұлттық тәрбиенің  кенже қалуы ма, әлде өзіндік мәселенің аяқтан шалуы ма? Жалындаған жас өмірін өз қолымен қиып түсірген  жастарымызға ет жүрегіміз езіледі. Жоғарыда аталғандай әр сала мамандарының пікіріне жүгінсек те, ешқайсысыбілімде көшбасшы, ортада белсенді жасөспірімдерөлімінің себебін дөп басып айта алмады.

Бізге «Ұстаздар қауымы қағазбастылықтан бас көтере алмай жүргенде, нақты тәрбие жұмысы кенже қалып жүрген жоқ па?» немесе «Ата-ана өз перзентінің екінші өміріне айналған ұялы телефонын, яки виртуалды өмірін тексермей, тасада қалдырғаннан емес пе?» деген ой келеді. Дер кезінде қара жұмбақтың шешімін таппай қолымызды кеш сермесек, осы жайттарды ескермесек, әлі талай өрімтал ғұмырдың өмірден ерте кетпесіне кім кепіл?!

Шыңғыс Ромашев

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале