29.07.2019, 14:55
Оқылды: 493

Қабыршақтының футболшы қыздары «Былғары доп» жеңімпазы атанды

Ақжайық ауданының Қабыршақты ауылындағы Бітік орта мектебі бөбекжай кешенінің футболшы қыздары республикалық «Былғары доп» турнирінен айтулы табыспен оралды. Яғни елорданың жасыл алаңында ойын өрнектерімен талайды сүйсіндіріп, кіші топ бойынша І орынды ұтып алды.

futbol kyzdar (2)

Бұған дейін облыстық турнирде топ жарған қабыршақтылық 4 сынып қыздары республикалық сайысқа, әрине, толқи жүріп аттанған-ды. Ақ Жайықтың үмітін айтпағанда, Нұр-Сұлтанда айтулы бәсекеге түсу дегенің қандай жүк екенін айтып жату артық қой. Команда құрамындағы 10 қыз өткен бір жыл ішінде аяқдоптың біраз қыр-сырына қанықты. Бір жыл деп отырғанымыз, олардың білім ұясында футбол үйірмесі былтырға дейін тек ұлдар үшін болса, міне, қыздар үшін ашылғанына осындай мерзім өтті.

Облыстық турнирдегі жеңіс олардың жігерін үстеді. Жаттықтырушы, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Жонас Жәлелов үшін одан кейін нағыз дамылсыз күндер өтті. Жаттығуларда қыздар да біраз шаршағаны сөзсіз. Бірақ Елорданың жасыл алаңында өнер көрсетуге деген құштарлық бүкіл уайымнан бір сілкінткені де шүбәсіз. Сөйтіп, олар республикалық додаға сілкініп шыққан. Осының бәрі ізсіз кеткен жоқ.

futbol kyzdar (1)

Олар алдымен маңғыстаулық құрбылармен тең (1:1) ойнаса, жамбылдықтарды 7:0-мен ойсырата ұтты. Қуанышта шек жоқ. Жеңістің әсерін де, футболдың арқасында Нұр-Сұлтанға сапарлаудың шаттығын да бір күнде айтып тауысу мүмкін емес. Айтпақшы, команда құрамында Аянат Рахмет жоғарыда аталған тең ойындағы гол мен жамбылдықтар қақпасына 5 голдың авторы ретінде "Турнирдің үздік шабуылшысы" атағын иеленді.

-Алдағы оқу жылына осындай жетістікпен барғалы отырмыз. Айару Балмұханова, Мөлдір Асылбекқызы (шабуылшылар), Мәриям Чапай (қорғаушы), Мәлика Сәрсенбай (қақпашы) және басқа командаластарымның арқасында табысқа бірлесе қол жеткіздік. Еліміздің басқа өңірлерінен турнирге келген аяқдопшылармен таныстық. Бәріміз де футболды сүйеміз. Спорт бізге өмірде нағыз сүйеніш, серік екені сөсіз, - дейді шабуылшы Аянат.

-Әр кездесудегі 10 минуттан 2 таймның әр сәті біздің қыздарымыздың жеңіске деген нағыз құштарлығын, осы жолдағы нағыз ынтымағын танытты. Олардың атына жылы лебіздер білдіріп, мақтағандар жеткілікті болды. Әрине, қуанышымыз шексіз. Алайда біз жетістікке тоқмейілсімейміз. Алға ілгерілей береміз, - деді өз әсерімен бөліскен қыздардың жаттықтырушысы Жонас Жәлелов.

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале