27.06.2020, 10:37
Оқылды: 73

Қанатқалидың қанатты домбырасы

1 шілде - Домбыра күніне орай музей төріндегі Қанатқали Рахметовтың домбырасы туралы мағлұмат беруді жөн көрдік.

10F24E7B-22A4-4DED-A664-6557CB93D00A

Қазақ халқының музыкалық мәдениетінің дамуына үлкен ықпалын тигізген жерлесіміз Қанатқали Рахметов – 1926 жылы Батыс Қазақстан облысы Чапаев ауданында дүниеге келген, Жымпиты ауданында білім алған. 1944 жылы Кеңес Армиясы қатарына алынып, майданға қатысып, жеңіспен елге оралды.

1953 жылы Жымпиты ауданаралық театр құрамында халыққа өнер көрсетті. 1956 жылдан аудандық мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі, театр режиссері, мәдениет үйінің директоры болып еңбек етті. Ән салып, күй шертумен қатар, сазгерлік өнерімен де танылып айтыскер ақын Ж.Жұрмағамбетованың сөзіне жазылған «Сүйгенім менің шопан қыз», Орал қаласына 350 жыл толуына арналған «Менің Оралым», сонымен қатар «Тың толқыны» күйін, «Келші, жансерігім», «Егіншілер жыры», әндерін жазды. 1971 жылы осы мәдениет саласындағы жетістіктері үшін «Құрмет белгісі»  орденімен марапатталған, Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің театр бөлімін тәмамдаған. 1985 жылы облыстық әуесқой композиторлар байқауына қатысып, ІІ орынды жеңіп алды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де, жастарға тәлімгер болудан танбай өнер ордасынан қол үзген жоқ. 1991 жылы дүниеден өтті.

Өнер тарланының домбырасын музей қорына Қанатқали Рахметовтың ұлы Қайрат Рахметов тапсырған. Ең құнды жәдігерлеріміздің біріне айналған бұл домбыра Қадыр Мырза Әліге арналған бұрышта тұр. Қанатқали Рахметовтың Қадыр Мырза Әлінің туған жездесі болып келетінін де айта кетелік.

Домбыраның басы қошқар мүйіз сияқты етіп ойып жасалған. Екі ішегі тағылып, мойнындағы пернелеріне айнаның сынықтары жапсырылыпты.  Бетқақпағына қаз мойын қазақы ою-өрнектері көз тартарлықтай етіп бедерленсе, төменгі бөлігінде тиектің астыңғы жағында «1978 жыл» деп жазылған екен. Шанағының астыңғы және ортаңғы жағында кішкентай дөңгелек тесікшелер орнатылған.

Домбыра музейдің ғана емес, қазақтың ұлттық киесі ретінде де әрбір шаңырақтың төрінде тұрсын!

Дина Ғалымова,

Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале