7.11.2018, 15:26
Оқылды: 68

Қаратөбеде экология мәселесі талқыланды

Қаратөбе ауданында қалдықтарды бөлшектеп жинақтау, қайта өңдеу және көгалдандыру жұмыстары туралы жиын өтті. Аудан әкімі Жанат Асантаевтың төрағалығымен өткен кеңеске БҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Амангелді Дәулетжанов қатысты.

qaratobe tazalyq (3)

Басқосуда алдымен облыс аумағында тұрмыстық қалдықтарды басқару және көгалдандыру тақырыбында дайындалған бейнеүзік көрсетілді.

Өзекті экологиялық мәселелердің қатарына кіретін қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару және көгалдандыру аясында ауданда жүргізілген жұмыстар турасында аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айдос Әмірғали баяндап берді.

– Қазіргі уақытта өзекті мәселелердің бірі қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыру. Бұл бағытта биыл аудан бойынша барлығы 34 дана пластик құтыларды жинауға арналған және 45 дана қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнер алынды. Алынған контейнерлер арнайы белгіленген орындарға қойылды. Сонымен қатар былтыр сынапқұрамды шамдар мен құрылғыларды жинайтын 2 дана контейнер алынып Мұхит, Датұлы көшелеріне орнатылды. 22 жерге қонтейнер қоятын арнайы орын әзірленді. Ендігі жерде ауыл тұрғындарын осы арнайы контейнерлерді қолдануға шақыру бағытында ауылдық округ әкімшілігімен барлық мекеме бірлесе жұмыстанудамыз, - деген Айдос Орынбайұлы абаттандыру жұмыстары бойынша «Бүкіл қазақстандық орман отырғызу күні», «Таза орман», «Таза жағалау», «Ағаш отырғыз, тамырыңды тереңге жай» сынды экологиялық акциялардың аудан көлемінде жоғары деңгейде өткізілгенін атап өтті.

Кезегінде сөз сөйлеген Амангелді Дәулетжанов:

– Экология мәселесі Елбасы Жолдауларында да көтерілген өзекті тақырып. Көгалдандыру шаралары бойынша елімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аудандарыңызда игі іс көптеп жүзеге асқандығына куәміз.

Табиғатымызды ластап алмау, ауылды таза ұстау бағытында ел болып, қоғам болып ұдайы жұмыстар жүргізуіміз керек, - деді.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша мінберге көтерілген БҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының табиғат қорғау шаралары бөлімінің басшысы Айсұлу Абдрахманова тұрмыстық қалдықтарды, соның ішінде, жарамсыз дөңгелектерді, пластик құтыларды, қағаз қалдықтарын жинап, арнайы қабылдайтын орынға тапсыру жөнінде кеңес берді.

Кеңесті қорытындылаған аудан әкімі Жанат Асылханұлы тұрмыстық қалдықтарды арайы орындарға апару, елді мекендерді көгалдандыру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізуге шақырды.

 

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале