11.07.2018, 11:13
Оқылды: 64

Қаратөбеде шегірткемен күрес жайы талқыланды

stexov saranchaБҚО әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов, облыстық аумақтық басқармасының басшысы Лавр Хайретдинов және ауыл шаруашылығы саласының  бір топ мамандары жұмыс сапарымен Қаратөбе ауданында болып, ауданның солтүстігіндегі Егіндікөл, Қоскөл ауылдық округі аумағындағы шабындық жерлерді аралады. Содан соң аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен штаб отырысында өсімдікке қауіпті саналатын шегірткемен күрес жұмыстарын талқылап, өзара пікір алмасты.


Аталмыш жиынға қатысушы ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, ұзақ жылдар зиянкес жәндік шегірткені зерттеумен айналысып келе жатқан ақтөбелік ғалым Александр Жасанов күн тәртібіндегі өзекті мәселеге орай өз ойын ортаға салып, біраз кеңестер берді. Ғалымның пікірін облыс әкімінің бірінші орынбасары И.Стексов қолдады.

Мамандар аталмыш жиында шегірткені жою туралы ойларын ортаға салып, пікірлерін білдірді.

– Ауданның Егіндікөл, Қоскөл округінің аумағының біраз жерін аралап, көріп келдік. Шегірткенің аудан аумағына кеңінен жайылып кетпеуі үшін алдымен баршамыз ат салысуымыз керек. Өзекті мәселені жасырып қалмай, дер кезінде хабарлап, тиісті шарасын қолданған жөн.

Аудан орталығына Егіндікөлден кіре берістегі күл-қоқыстардың қордаланғаны ойландырады. Ауылды таза ұстау - өзекті мәселе. Сондықтан келешек ұрпақты тазалықты сақтауға баулитын жұмыстарға көп көңіл бөлуіміз керек. Бұл игі істерге балаларды мектеп жасынан қалыптасуына  ықпал етуіміз қажет, - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов.

Мамандар мәліметіне жүгінсек, биыл Қаратөбе ауданында зиянкестерді химиялық  улау  шаралары  31 мамыр-29 маусым аралығында жүрген.

Маусым айының 1-13 аралығында түннің салқындығына  байланысты  дернәсілдердің өсіп-жетілуі созылмалы  болды. Дернәсілдердің тығыздығы  1 шаршы метрде 10 данадан асса, химиялық өңдеуге жататындығы белгілі. Ал биыл ол көрсеткіш ауданда 60-102 дананы құрады. Химиялық улау жұмыстары 61,0 мың  гектарға жоспарланып, 86830 гектарға химиялық өңдеу жүргізіліп отыр. Оған 6836,6 литр пестицид  жұмсалған.

Аталмыш отырысқа аудан әкімі міндетін уақытша атқарушы Рашит Иманғалиев және аудандық штаб мүшелері қатысты.

                                                              Ерболат РАЙСОВ

                                                              Қаратөбе  ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале