26.08.2020, 18:01
Оқылды: 237

Қаратөбеде жаңа кітаптың тұсауы кесілді

 Бүгін Қаратөбе аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі ұжымының ұйымдастыруымен Skype арқылы тікелей эфирде Қазақстан Республикасының құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы, ақын-жазушы, М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың құрметті профессоры Қайыржан Хасановтың жақында баспаханадан басылып шыққан «Ауылдың тарихын зерттеген Аман» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітаптың тұсау кесу рәсімін Аман Жүсіпқалиев пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалымгерей Қайырғалиев жүргізді.

 Aman (7)

Автордың кітабында ардагер ұстаз, Үшана ауылының тұрғыны Аман Жүсіпқали ағамыздың ауылдың тарихын, табиғатын зерттеп, зерделеген шығармашылық жұмыстары кеңінен айтылған.

Аталмыш кітаптың тұсаукесер рәсіміне аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалымгерей Қайырғалиев, кітапхана директоры Гүлбану Салауатқызы, кітап кейіпкері көп жылдар ұстаздық еткен ардагер ұстаз, Үшана ауылының ақсақалы Аман Жүсіпқали және ол кісінің шәкірті «Жазира» балабақшасының меңгерушісі Айгүл Өтеғалиева қатысты.

Aman (4)

Тікелей эфир арқылы экраннан республикалық «Дана» журналының редакторы Нұртас Сафиуллин, Қайыржан ағаның зайыбы Рысты Бижанова, ағаның кенже ұлы Нұржан Қайыржанұлы, «Жайық Пресс» ЖШС ақпарат бөлімінің редакторы Ертай Бимұханов, оралдық зейнеткер Тілек Сағынов және тағыда басқалар шараны ұйымдастырушыларға зор алғысын айтып, кітаптың мазмұны туралы өз пікірлерін ортаға салды.

Өз кезегінде Аман аға кітапта жазылған деректерге сай ой тарқатып, үзеңгілес досы әрі әріптесі, кезінде өзімен бірге үлкен ізденісте жұмыс жүргізген Қайыржан Төлегенұлының шығармашылық жұмысы туралы ой толғады.

Аман ақсақал кітаптың тусаукесер рәсімін ұйымдастырған сала басшысы Ғалымгерей Қажыгерейұлы мен Гүлбану Салауатқызына, кітапханашыларға, кітапты баспаханадан шығаруға көмегін берген Асқар Бекчуринге зор ризашылығын білдірді.

Aman (8)

Қайыржан ағаның өзі дүниеден өткенімен, ол кісінің соңында шығармашылық туындылары қалды. Ағаның есімін ұмыттырмай шығармашылық жұмыстарын келешекке жалғап отыратын жан-жақты білікті, шығармашылық жұмыспен айналысып жүрген ұлдары мен зайыбы Рысты апай бар.

                                  Ерболат Райсов,

                                 Қаратөбе ауданы

   zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале