20.10.2017, 11:58
Оқылды: 13

Картоптың бағасы неге қымбат?  

 

Былтыр 70 теңге болған картоптың келісі биыл 120-140 теңгеден бір-ақ шықты. «Неге?» деп қалтасын қаққан көпшілік алаң. Көз ілеспей өсіп жатқан тауар бағасы қалай болмақ. Осы орайда айта кететін тағы бір жағдай сатылымдағы картоптың дені - Ресейден келіп жатқан өнімдер. 

Осы бағытта Жалпақтал ауылындағы сауда орындарын аралап, картоптың бағаларын білген едік. «Әмбебап» сауда үйінде үш түрлі баға. Картоп – 110 теңге мен 130 теңге аралығында екен. Ал «Ақбота» дүкенінде 100 теңге болса, «Дильназ» дүкенінде 105 теңге мен 120 теңге аралығында. Сауда орындарында бағаны өздері қоятынын жасырмай, өзінің пайдасын шығару керектігін  айтты. Жол жиегіндегі «Нұр» дүкенінде картоп 140 болса, «24», «Гүлжайна» дүкендеріне 120 теңгеден сатылуда. Қарапайым халық та, сатушылар да азық-түлік  бағасының күн санап өсіп жатқанына наразы.

-Биылғы жылы тамыз айының басынан бастап, ауылшаруашылық жәрмеңкелерін күні бүгінге дейін өткізіп келдік. Арзандатылған бағамен күзгі өнім түрлері сатылымға шықты,-дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Айбек Әкімалиев.

«Ұзын құлақтан естуімізше, картоп бағасы бара-бара 300 теңгеге дейін көтерілетін көрінеді. Әрине, сондай жағдай болатын болса, халықтың қалтасына ауыр тиетіні анық»,-деп жатқан тұтынушылардың да әңгімесін естідік. Міне, қыс қамын ойлаған елдің жайы осындайда тығырыққа тіреледі. Айлығы шайлығына жетпей жүрген қарапайым халық сонда да жақсылықтан үмітті.

Тұрарбек АҚМУРЗИН

Қазталов ауданы

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале