23.05.2020, 21:12
Оқылды: 238

Казталов аудандық ауруханасы күрделі жөндеуден өтеді

Кеше өңір басшысы Ғали Есқалиев Казталов ауданында болып, жоспарланған жұмыстардың орындалу барысымен танысты.

IMG-20200523-WA0228

Аталған аудандағы Жалпақтал ауылында Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы сәтті жүзеге асып, жылма-жыл осы ауылдағы мектеп түлектері өз қаражаттары есебінен туған ауылдарына тарту жасауда. Биылғы жылы мектеп бітіргендеріне 30 жыл толған түлектер ауылдың екі арасын жалғап тұрған ұзындығы 103 метрді құрайтын аспалы көпірді күрделі жөндеуден өткізген. Қараөзен үстінен тартылған өткелдің тақтай мен керме темірлері жаңартылып, жарық шамдары орнатылған.

Ғ.Молдашев атындағы мектептің 2000 жылғы түлектері түлеп ұшқан білім ошақтарының алдындағы көше жолын күрделі жөндеуден өткізіп, өрнектас төсеп, жарық шамдарын қойып, жүрек бейнесіндегі сәулет ескерткішін орналастыруда. Тозығы жеткен көшені жаңғыртып, тұрғындар демалатын тынымбаққа айналдырған түлектерге ауыл тұрғындары дән риза. Ал К.Меңдалиев мектебін бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер өз мектептерінің ауласына заманауи спорт алаңын салуда.

Ауылда жасалып жатқан игі істермен танысқан өңір басшысы мердігер компания басшыларына құрылыс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы атқаруды, тұрғындар тарапынан қоғамдық бақылауды, бөлінген қаражатты қажеттілігіне қарай тиімді жұмсауды тапсырды. Ал ауылдың өркендеуіне өз үлестерін қосқан мектеп түлектеріне өз ризашылығын білдірді.

Облыс әкімінің жұмыс сапары мұнан соң аудан орталығы Казталов ауылында жалғасты. Айта кетейік, Орал-Казталов-Жәнібек бағытындағы тас жолдың өткен жылы 15,6 шақырымы төселсе, биыл қалған 13,7 шақырымы жасалуда. Республикалық маңызы бар күре жолдың күрделі жөндеуден өтуі ірі инвесторлардың да қызығушылығын туғызуда. Еліміздегі «Нефтэк» компаниясы Казталов ауданы іргесінен жану-жағармай бекетінің құрылысын салуды бастады. Сонымен қатар осы маңнан көліктер тұрақтайтын демалыс орынын да жасақтау да жоспарда бар. Ол жерде жолаушылар демалатын шағын қонақ үй, әжетханалар мен көлік жөндеу орындары салынбақ. Алдағы уақытта компания жергілікті тұрғындардан 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады.

Биыл Казталов ауылдық округінің 6,5 шақырымды құрайтын тоғыз көшесінің ішкі жолдарын қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда.  Жоба құны 740 115,0 мың теңгені құрайтын болса, бүгінгі таңда 628 518,1 мың теңгеге келісім-шарт жасалған. Күрделі жөндеу жұмыстары кезінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 93 адам еңбекпен қамтылмақ.

Аудан орталығындағы 20 жылдан бері жөндеу көрмеген аудандық ауруханаға да жаңа стандартқа сай күрделі жөндеу жүргізілмек. Қазіргі уақытта "Жиенбай" ЖШС жөндеу жұмыстарын бастап кеткен.

- Бұл аурухана 14 мыңға жуық аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсетеді. Осы кезге дейін жөндеуден өтпеген нысанның әбден тозығы жетіп, төбесінен суы кетіп, электр жүйесі ескірген еді. Биыл сәтін салып күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл жаңалыққа аудан тұрғындары да, аурухана қызметкерлері де дән риза, -дейді аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Бөтагөз Ғұмарова.

Бұдан бөлек ауданға қарасты Серік және Хайруш елді мекендеріндегі медициналық пункттер күрделі жөндеуден өтуде.

Казталов ауданында тың жерден бой көтеретін А.Оразбаева атындағы 600 орындық мектептің де бүгінде құрылысы басталған. Құрылысқа жауапты мердігер компанияның басшысы Александар Қарағойшиннің айтуынша, мектеп ауласы толықтай қоршалып, іргетасы қалануда. Білім ошағының құрылысына 2,3 млрд. теңге қаражат бөлінген. Ғимаратының жалпы аумағы 10 мың шаршы метрден асатын мектептің құрылысын келер жылдың маусым айында аяқтау жоспарланған.

Сондай-ақ биылғы жылы Болашақ ауылындағы Богатырев орта жалпы білім беретін мектебі күрделі жөндеуден өтуде.  Жұмыспен қамту орталығы арқылы 55 ауыл тұрғыны еңбекке тартылған.

Аудандық мәдениет үйінің фоесінде облыс әкіміне атқарылып жатқан жұмыстармен қатар өңірге тартылған инвестициялық жобаларда таныстырылды.

Мәселен, жалпақталдық жеке кәсіпкер Әлібек Сартаев «Сокрыл» көлінен бөлініп шығатын шағын көшік маңынан демалыс орынын салуға ниетті. Туристік аймақта келушілерге арналған демалыс орындары салынып, арнайы алқапқа жабайы аң - құсқа арналған көп жылдық шөптер егу жоспарланған. Аңшылық кезең ашылған кезде туристер келіп балық аулап, рұқсат берілген аң-құс атуға жағдай жасалмақ. Бұл жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда ауылдың 13 тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Бұған дейін Орал қаласы мен Жалпақтал ауылынан балық дүкендерін ашқан кәсіп иесі аудан орталығынан дәл сондай сауда орынын ашпақ. Кәсіпкер жобасы толықтай жүзеге асуы үшін көлдіктерге су шығаруға рұқсат берсе болғанын айтады.

Аталған аудандағы игі бастамалардың жай-күйіне қаныққан облыс әкімі Ресейдің Саратов облысы Александр-Гай муниципальдық ауданымен шектесетін жерде орналасқан Фомин-Казталов шекара бекетінде болды. Бұл шекара бекетіне арнайы шағын ғимараттар салып, электр жарығын тарту, қатқыл табанды жол салу мәселесі біраз жылдан айтылып келеді. Түйіткілді өз көзімен көрген өңір басшысы алдағы уақытта туындаған мәселелерді шешу жолдарын қарастыратындығын жеткізді.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале