15.06.2017, 11:50
Оқылды: 25

Қазталовта несие серіктестіктерінің қарызы 274 миллион теңгеге жеткен

Akjayik koperativЕліміздегі агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа бағдарламасы іске асырылып жатыр. Осы бағдарламада жекелеген шаруашылықтарды ортақ шаңырақ астына тартып, кооперативтер құру - артықшылықтың басты санатына жатқызылуда. Деректерге сүйенсек, өткен жылы елімізде 15 мың жеке қосалқы шаруашылықты қамтыған 157 кооператив құрылыпты. Ал биыл 410 коопертивті құру жоспарлануда.

Қазір жер-жерде кооперациялар құрылғанымен, оның науқаншылдық сипаты да басым болып жатырған сияқты көрінеді де тұрады. Ауыл адамдарымен кездесіп сөйлесе қалсаң, кооперативке мүше болған адамдардың көпшілігінің әңгіме желісі субсидиялық қаржыландыру  төңірегінен әріге аспай жататынын байқаймыз. Барлығына бірдей топырақ шашпайық, бірақ олардың көпшілігі кооператив құрудың негізгі мақсатын, тәртібін, жұмыс істеу ережесін де біле бермейді.

Қазталов аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Сергей Тоқпанов: - Қазіргі күнде 1103 адамды мүшелікке тартқан 21 кооператив құрылып отыр. Бұл кооперативтерде 7093 бас ірі қара малы бар. Енді бұл кооперативтер қандай іспен шұғылданып жатыр дегенге келетін болсақ, 5-еуі мал бордақылаумен, 2 кооператив шағын мал сою алаңын салумен жұмыстануда. Халық көп шоғырланған Жалпақтал ауылында 3 кооператив бар. Осы мал сою алаңын салып жатырған кооперативтер тәулігіне 10-15 бас мал союды іске асырмақшы, -деді.

Енді осы арада келіп, мынадай мәселе туындайды. Осыдан 4-5 жыл бұрын мал тек арнайы алаңда сойылу керек деген талап болды. Бұл бағытта ауданда да жұмыстар жүргізілді. Ал қазір бұл мәселе тым-тырыс болды да қалды. Жасыратын ештеңесі жоқ, қолдарындағы малдарын қажетіне сойған кезде мал сою алаңына сүйреп бара жатқан ауылдастарды көріп жүрген жоқпыз.  Бөлім басшысы айтқан екі мал сою алаңдарына күні ертең аудан тұрғындары малдарын жетектеп алып барады дегенге илана қою қиын. Осыдан келіп жоғарыдан айтқан мемлекеттен берілген субсидияның тиімді жұмсалуы жөнінде сұрақ туындайды.

Сондай-ақ, кооператив құрылғанда оның жетекшісі мойнына алған үлкен жауапкершілікті атқара ала ма? - деген де сауал туындайды. –«Үкіметтен субсидия алдым, 10-15 жеке шаруаның басын қостым» деп жоқты-барлы бизнес жоспар жасаған адам ол кооперативті ұшпаққа шығара ала ма? Бұл мәселе неден туындайды?

Бүгінгі күнде ауданымызда 23 несие серіктестіктерінің қарызы 274 миллион теңге құрап отыр. Өзіміз білетін осы серіктестіктегі жетекші серіктестік болып мал өсірмек түгіл, қорасында аша тұяқты ұстамаған адам еді. Ақырында сол серіктестік тақырға отырып, қарызға қалай төлерін білмей, бас қатыруда. Өзінің ғана емес, ауданның да "басын қатырып"  қойды...

Міне, құрылып жатқан кооперативтердің жетекшілері (әрине, барлығы емес) осындай істер атқарар болса, ол кооперативтен не қайыр? Нәтижеге жете алмаған кооперативтердің тарап кетіп жатқанын көрсе, басқалары қандай ойда болады. Бұл да толғандырар сұрақ..

Сондықтан кооператив құрғанда оның санына емес, сапасына бірінші кезекте мән беру қажет сияқты.

Жұлдыз АСҚАР

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале