15.10.2018, 11:04
Оқылды: 82

Қазталовта ұстаздар құрметіне ескерткіш тақта орнатылды

Қазталов ауданы орталығындағы Алма Оразбаева мектебінің іргетасының қаланғанына - 150 жыл. Дәл осы күні ҰОС ардагері, халық ағарту ісінің озық қызметкері, ұстаз Ізбасар Рысмағанбетов пен ұстаз Хауа Дулатованың құрметіне олар тұрған аудан орталығыдағы Сырым Датұлы көшесі №10 үйдің қабырғасына ескерткіш тақта қойылды. Ұлағатты ұстаздар әулетінің құрметіне арналған шараға аудан әкімі Абат Шыныбеков, ауданның сала басшылары, ұстаздар қауымы, шәкірттер қатысты.

 Алма оразбаева (13)- Бүгін аудан үшін үлкен қуаныш. Баршаңызды осы мерекемен құттықтаймын. Білім саласында ұзақ жыл қызмет еткен Рысмағанбетовтар әулеті өнегелі отбасы екені баршамызға мәлім. Ұл-қыздарына тәрбиемен бірге терең білім берген, ағайын-туысқа, барлық ауылдастарына ерекше қамқор бола білген абзал жандар болғанын ел ауызынан естудеміз. Асыл жандардың кіндігінен тараған ұрпақтары бұл күнде еліміздің көркейіп, гүлденуіне үлес қосып жүр деп мақтанышпен айтамыз, -деді аудан әкімі құттықтау сөзінде.

Ардагер ұстаз Уахит Ишанов пен ұстаздың шәкірті Мирболат Жақыпов ескерткіш тақтаны ашса, қос ұстазбен білім саласында ұзақ жыл бірге қызметтес болған әріптесі Бибісара Хайрбаева ұстаздар туралы сыр шертті.

Осы игі істің бастамашысы, А.Оразбаева орта мектептің  директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Інжумаржан Ғазизова:

- Ұстаздардың өмірі сонау сұрапыл соғыс жылдарында, соғыстан кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңіне тап болғанымен, өз кәсібінің шыңына шыққан ұлт пен ұрпаққа адал қызмет еткен жандар ретінде мәңгі жадымыздан кетпейді. Бар өмірін білім саласына, туған жердің рухани түлеуіне арнаған еңбек ардагерлерінің есімін ұлықтайтын осындай елдік істер көп болса екен. Ал Ізбасар ата мен Хауа әженің ісін жалғастыратын ізбасарлары шәкірт тәрбиелеуде талмай еңбек ете беретініне сенемін. Бүгінгі шараға атсалысқан азаматтарға айтар алғысым шексіз!, - деп ескерткіш тақтаның ашылуына қатысқан барша жандарға және осы көмек еткен азаматтарға мектеп ұжымы атынан ризашылығын білдірді.

Гүлнұр ҚАЗБЕК,

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале