13.10.2017, 14:18
Оқылды: 15

Қазына Әнесқызы, Ғұбайдолла Әнестің қарындасы: Анам ағамның түрмеден үйге жолдаған нанын сақтап жүр екен

 

Зеленов ауданы Мичурин мектебінде «Дара жол» кездесу кеші өтті.

Кеш қонақтары Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан-Орал телеарнасының редакторы, ақын, жазушы, «Он төрт» тарихи романының авторы Мұнайдар Балмолданың шығармашылығымен танысып, ой бөлісті.

Басқосуға «Он төрт» романының басты кейіпкері Ғұбайдолла Әнесовтың туған қарындасы Қазына Әнесқызы, батырдың інісі Нығметолланың қыздары Гүлайым мен Айнагүл қатысты.

Тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жаңабайұлы роман кейіпкерлері мен жалпақталдық жалын туралы тарихи деректерді кеңінен баяндады.

– Арнайы комитет мұрағатындағы тергеу хаттамалары негізінде жазылған романның өн бойындағы оқиғалардың барлығы факт. Бұған дейін бұл тақырыпты зерттеген Амангелді Шахин ағамыздың кітаптары тарихи-публицистикалық тұрғыда жазылса, Мұнайдар Мұханбетжанұлы есіл ерлердің ерлігін роман тілімен сөйлетті. Кітапқа алғысөз жазып, ой-пікір, пайымымды сонда көрсеттім. Кітаптың тілі жеңіл, өте тартымды, жүрегінен өткізген. Бүгінгі қазақ баласы елін, жерін, Отанын қалай сүю керек, соның бәрі осы кітапта берілген. Ең бастысы кітап тарихи деректерден алшақтамаған, - деген ол болашақта он төрт арыс туралы  тереңірек зерттеліп, тұтас тарихи дүние жазылуы керектігін алға тартты.

– Мен Ғұбайдолла ағамды көрген жоқпын. Бірде  үйдегі анамның  сандығынан ақ матаға оралған шырпының көлеміндей ғана шағын дүниенің не екенін сұрадым. Әуелі айтуға болмайды деді де, соңынан бір оңашада бұл ағаңның түрмеден үйге жолдаған наны деді. Соны анамыз сақтап жүр екен. Ол кезде біз көп жайттан хабарсыз болдық. А.Шахиннің кітабынан қанықтым жағдайға. Ағам Ғұбайдолланың жоғарыға хат жолдағаннан басқа әрекетінің бәрі  жоспар күйінде қалды. Олар қарулы көтеріліс жасап, банк тонаған жоқ. Заманының қатал сынына ұшырап, қыршын кеткен ағамның ісі көпке үлгі. Болашақта жастар білімге ұмтылып, елдің бостандығын ойласын, намысын бермесін деген мақсаты бүгінде іске асты. Тәуелсіз елдің ұрпағы енді ондай зобалаңды көрмесін, - деген Қазына Әнесқызы кітап авторына зор ризашылығын білдірді.

Шығармашылық жолын дәріптеп, арнайы кеш ұйымдастырған жандарға алғысын білдірген Мұнайдар Мұхамбетжанұлы оқырмандарға қолтаңба қойып, кітаптарын сыйға тартты.

Нұрәлі Нәби,

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале