13.11.2019, 11:23
Оқылды: 291

Көктеректе мектеп түлектерінің ұйымдастыруымен айтыс өтті

Қазталов ауданы Көктерек ауылының әр жылдары бітірген мектеп түлектерінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы негізінде «Туған жер - тұнған тарих» атты облыстық ақындар айтысы өтті.

Айтыс десе ішер асын жерге қоятын ауылдағы ағайын жыр додасынан табылып, жыр төккен айтулы ақындардың өнеріне тәнті болды. Өздеріне деген ел ілтипатының зор екенін айтқызбай-ақ сезінген айтыскерлер де жыр додасында аянып қалмады. Бір-біріне алғашқы жұпта-ақ қарсылас болып өнер көрсеткен жаңақалалық Орынбек Меңдіқұлов пен сырымдық ақын Мақсат Тұяқ әдемі сөз саптауларымен айтыс шымылдығын айқара ашты.

qaztalov (1)

Одан кейін екінші жұптың қатарынан табылған Ақжайықтың айтулы ақыны Айнабек Бисенғалиев пен мектеп қабырғасында оқитын теректілік жас ақын Әділ Ахметов көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Уақыт ұзаған сайын айтыс та одан әрі қыза түсті. Бірінен-бірі озған ақындар қатарының үшінші тобын жас болса да Алаш жұртына кеңінен танылып, Ақжайықтың абыройын асқақтата қорғап жүрген сырымдық Бауыржан Ширмединұлы мен бөрлілік Жарқынбек Шынтаев лайықты жұп екенін дәлелдеп, көрермендерден жоғары баға алды.

Олардың айтысы спорттағы жекпе-жекте бірін-бірі оңдырмай сабайтын боксшылардан бір мысқал да кем болған жоқ. Сөз сайысы барысында екі тарапта көрермен қауымды әдемі де астарлы күлкіге бөлеп, алақандай Көктерек ауылының Алатаудай биік жетістіктерін тілге тиек етті. Ал айтыстың төртінші жұбын тағатсыздана күткен көктеректіктер айтысты жүргізуші Әли Нәбидің хабарлауынан кейін ұзақ қол соғып, зал ішін зор қошеметке бөледі. Себебі жүргізуші Жайықтың Жансаясы (Мусина) мен Теректінің төкпе ақыны Эльдар Ихсановты хабарлаған еді. Бүгінгі айтыстың биігін өз дәрежесінде ұстап, атақ-абыройларын ел алдында асқақтатып жүрген қос ақын бауырын жазған жүйріктей кең көсілді. Олар айтыс барысында елі күткен барлық сұранысты толық қамти алды.

qaztalov (3)

Шектеулі уақытта шексіз көңілге нұр құя білген ақындарына ел риза болды. Содан да болар олар осынау үлкен шараның ауылда өтуіне ұйытқы болған барлық бастамашылар мен ұйымдастырушыларға, қолдаушылар мен демеушілерге бірауыздан алғыс айтты. Айтыс соңында аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова келген ақындарға аудан әкімінің алғысхатын табыстап, ауыл тұрғындары атынан ризашылығын білдірді.

Қыдыр Харесұлы

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале