27.02.2017, 16:13
Оқылды: 21

«Комитет– әр үйге» жобасын білесіз бе?

Зеленов ауданы әкімдігінің мәжіліс залында «Комитет – әр үйге» жобасы жөнін түсіндіру үшін кездесу өткізілді.


Оған ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті БҚО бойынша басқармасының арнайы есепке алу бөлімінің басшысы Гүлнара Ибрашева қатысты.

— Бұл басқосудың басты мақсаты «Комитет – әр үйге» жобасын жете түсіндіру. Ғаламтор желісінде комитет порталында азаматтар үшін құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы ақпарат бар. Мысалы, кез келген тұрғын өзіне берілетін талонның көмегімен қылмыс туралы арызды, мемлекеттік органдарға берілген өтініштердің қаралу нәтижелерін, өзіне қатысты айыппұлдар жайын, іздеуде жүрген адамдарды, алимент төлеуден қашқақтап жүргендерді, сонымен қатар сатып алғысы келген автокөлігінің қандай да бір жол-көлік оқиғасына қатысы бар-жоғын біле алады. Сондай-ақ статистикалық есептермен, талдау-зерделеу материалдарымен танысып, карталардың көмегіне жүгіне алады.

Күні бүгінге дейін порталды 1 млн. 865 мың азамат қараған. Солардың ішінде айыппұлдар бойынша 415 000, іздеуде жүргендер туралы ақпаратты 385 мыңнан астам адам, өтініштердің қаралу нәтижелері туралы 397 мың, қылмыс туралы арыздың қаралуын 106 мыңнан астам адам қараған, мыңдаған адамдар қылмыс туралы электронды арыз беріп, кәсіпкерлер тексерісіне байланысты 52 мың адам жүгініпті. Мұнымен қоса, комитет сервистерінде ақпаратты алу тәртібі де жеңіл жасақталды. Комитеттің мүмкіндіктерімен азазматтарды кеңінен таныстыру үшін ВКонтакте, Facebook, Twiter әлеуметтік желілерде жеке парақшаларымыз бар, - деді Гүлнара Асқарқызы.

Аталмыш басқарма өкілінің айтуынша, Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бес институционалдық реформасын жүзеге асыру үшін қылмыстың географиялық картасы жасақталған.

Ұлт жоспарының 32-қадамында «Қылмыстық құқықбұзушылық картасы» бойынша интернет-портал құру жөнінде айтылған еді. Осыған орай «Қылмыстық құқықбұзушылық картасы» интернет-порталы құрылған. Карта арқылы еліміздің әр азаматы қылмыстық оқиғалар жиі орын алатын аумақты біле алады. Бұл тұрғындардың қауіпсіздік шараларын алып, сақтанып жүруіне ықпал етпек. Қылмыс орын алғаннан кейін 2-3 минуттан соң-ақ аталмыш географиялық карта арқылы кез келген адам сол оқиға жөнінде толық ақпарат алады. Ал қылмыстық карта арқылы тексеру 1991 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді.

Динара ТІЛЕКҚЫЗЫ,

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале